СЫРДЫҢ САЗЫ – ӘЛЕМДІК САХНАДА

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында Қызылорда қаласының 200, Астана қаласының 20 жылдығына орай облыстық филармония осы күнге дейін жүзден астам шара ұйымдастырды. Аймақ көлемінде бастау алған ән-жыр керуені шет елдерде жалғасын тапты. «Сыр елі –жыр елінің» дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттау және халықтар арасындағы достық байланысты нығайту мақсатында Ресей, Ұлыбритания, Түркия мемлекеттерінде гастрольдік сапармен болып, қазақ өнерінің қазынасын әлемдік сахналарда әуелетті.
Алғашқыда Сырдария ауданының Айдарлы ауылында «Рухани әуен әлемі» атты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерті, Қармақшы ау­да­нының Тұрмағамбет және Ақжар ауылдарында ұйымдастырылған «Ұл­­­­­тым­­ның шайыр дастаны» ат­ты Тұрмағамбет халық аспап­тар ор­­кестрінің концерті ауыл тұр­ғындарының айрықша қошеметіне ие болды. Бұдан кейін  Сыр бойының дәулескер күйшілері Әлшекей Бектібайұлының, Құрақтың Досжа­ны­ның және Шал Мырза баба­лары­мыздың  күй өнеріндегі қол­таңбасын ұрпақ санасына ұялату мақсатында «Бабалар аманаты» атты күйшілер концерті жоғары деңгейде өтті.
Осыдан төрт ғасырдай бұрынғы «Орбұлақ» шайқасындағы қазақ елі­­нің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күресіп, жеңіске жеткен сар­баз­дардың ерлігін насихаттау мақ­сатында Ә.Тәжібаев атындағы об­­лыстық ғылыми-әмбебап кітап­хана­сында «Дәуір-дастан» атты лек­ция-концерт өткізілді. Тарихи-та­ным­­­дық мәні зор бұл шараны Сыр сү­лей­лерінің жырларын Қорқыт ба­­ба қобызында күңірентіп, халық ал­дында кеңінен дәріптеп жүрген жырау Марат Сүгірбай жүргізді. Ал халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай, халқымыздың тұтастығы мен еліміздің бірлігін ойлаған ұлт-азаттық көтерілістің бас қолбасшыларының бірі, даңқты Сыр перзенті Жанқожа Нұрмұхамедұлының ескерткіші ал­дында «Алаш батыры Жаңқожа» атты концерт ұйымдастырылды.
Рухани жаңғыру бағытындағы «Ту­ған жер» кіші бағдарламасының ая­сында Сыр өңірінің өнері мен мәдениетін көтеруде еселі еңбек етіп жүрген өнер иелерінің шығар­машылығын насихаттауға көңіл бө­­­лінді. Айталық, Н.Бекежанов атын­­­дағы қазақ музыкалық дра­ма театрында филармония ән­ші­сі, бірнеше республикалық, об­лыс­­тық конкурстардың лау­реа­ты Б.Молдабергеновтің шығар­ма­­шылық кеші, сахна саңлағы Ш.Тілеулесовтің 60 жасқа толған мерей­­тойына орай, «Домбыра дәу­рен-ән ғұмыр» атты отбасылық кон­церті,  Сырдың сыршыл перзенті, талантты композитор, әнші Индира Елубаеваның «Жүрегімдесің» атты шығармашылық кеші өтіп, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Сон­дай-ақ, «Өнер» аллеясында, ашық ас­­пан астында ұйымдастырылған «Сыр самалы» вокалды-аспапты ан­­сам­­блінің маусымдық жабылу кон­­церті қала тұрғындарына та­маша рухани демалыс сыйлады. Ан­самбль солистері А.Наукеева,  Д.Жамантаев, Р.Үсеновтер  көрер­мен­нің сұранысына сай әндерді орындап, ерекше әсерге бөледі. Таяуда А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Абай атындағы мемлекеттік опера  және балет театрының әртісі, халықаралық, рес­публикалық байқаулардың лау­реаты, контрабасшы Арман Назаровтың қа­­ты­­суымен өткен камералық ор­кес­трдің концерті талғамы ерек көрер­менді симфониялық өнердің си­қырлы сазына елітті.
Мәдениет бен өнерге деген сүйіс­пеншілікті арттыру мақсатында көр­кемөнерпаздар мен кәсіби маман­дарды байланыстыра отырып, өзгеше өнер қырынан таныту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Екі жұлдыз» жобасы да көптің көңілінен қолдау тауып отыр.
Биылғы жылдың 4-11 наурыз ара­лығында Ресей Федерациясының  Орын­бор, Ясный, Димитровский, Ново­орск, Соль-Илецк, Светлый, Адамовка қалаларында болған өнер ұжы­мы ресейлік көрермендерді төл өнердің таңғажайып туын­дыларымен тәнті етті. Талантты жырау М.Сүгірбай халқымыздың кең тынысты, керемет сазды дәстүрлі өнерін аса шеберлікпен орындаса, халықаралық, республикалық бай­қаулардың лауреаттары Г.Бисеке­нова, Г.Әлиханова, Р.Үсенов, Б.Молдабергенов сынды әншілер ха­лық әндерін және қазақ ком­позиторларының сыршыл әуендерін әуелете шырқады. Ал «Томирис» би ансамблі талғамы биік көрерменді мың бұралған тамаша биімен там­сандырды.
Ұлыбританиядағы «Potters Fields Park» паркінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай концерт берген «Ақмешіт» фольклорлық ан­самблі Лондон аспанында қазақтың күйін төгілтіп,  ән-жырын әуелетті. Қазақтың ұлы сазгері Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі, Ықыластың «Жез киігі», Құрманғазының «Сары­арқасы» сияқты таңдаулы туын­дылар көрермен қауымға кере­мет әсер сыйлады. Сондай-ақ, әлем­ге танымал  «Битлз» тобы­ның репертуарындағы «Yesterdey» әні, тағы басқа қазақтың ұлт­тық аспаптарында орындалған әлемдік классикалық музыкаларға көрерменнің қошеметі ерекше бол­ды. Осы концертте Сыр өңіріне тән жыраулық өнердің өкілі Күнсұлу Түрікпенова Тұрмағамбет шайырдың «Тәлімін» тебірене толғаса, дәстүрлі классика өнерінің өкілі Ғани Бекмыр­заев, ансамбль солисі Сымбат Тасбер­генова қазақ әндерін тамылжыта шырқады .
Ал «ТҮРІКСОЙ» Халықаралық ұйы­мының ұйымдастыруымен Түр­кия мемлекетінің Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара сынды тарихи қа­лаларында өткен түркітілдес ха­лықтарының өнер фестиваліне Тұр­мағамбет халық аспаптар оркестрі қатысып, өнер көрсетіп қайтты. Бағ­дарламада филармония әртістері Руслан Ахметов, классикалық орын­даушылар Сымбат Тасбергенова, Мақсат Мақұлбеков және  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері Бибігүл Жанұзақ, Мағжан Аманжолов өнер көрсетсе, оркестрге Кеулімжай Бота­баев және Н.Тілендиев атындағы академия­лық фольклорлық-этно­гра­­фиялық «Отырар сазы» халық ас­паптары оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе жетекшілік етті. Со­ны­мен қатар, осы оркестрдің сүйе­мелдеуімен Өзбекстан, Қырғызс­тан, Әзербайжан және Түркия мем­лекет­терінің өнерпаздары да өнер көрсетті.
Әлбетте, өнер саласының өркен­деп-өрлеуіне өз үлесін қосып жүр­ген азаматтар еңбегі лайықты бағаланып келеді. Айталық, жуыр­да өткен  мәдениет және өнер қыз­меткерлері күніне орай облыстық филармонияның вокал жөніндегі репетиторы Инаят Жарылқанов Қызылорда облысының Құрмет грамо­тасымен, Тұрмағамбет атын­да­ғы халық аспаптар оркестрінің әртісі Ф.Гафурова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сол секілді, Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» атты республикалық әншілер бай­қауында Ринат Үсенов бас жүлде, Индира Ахметова ІІІ орын иеленсе, дәстүрлі орындаушы Зүлфия Баймырза Орал қаласында өткен «Көмейінде күміс жыр» атты Қалам­қас Орашева атындағы жыр-дастан орындаушылардың республикалық байқауында І орын, жырау Марат Сүгірбай Қабылиса атындағы «Жыр атасы Қабан жырау» атты І респу­бликалық жыршылар конкур­сында ІІ орын иеленіп, абырой биі­гінен көрінді.
Халқымыздың асыл қазынасы – дәс­түрлі өнерді насихаттау мен одан әрі дамыту жолында облыстық филормонияның алға қойған мақ­саты ауқымды. Олай болса, өнер ұжымының елдің көңілінен ерекше орын алып, өнер биігінен көрінуіне тілегімізді қосамыз.                                                                                          

Ғазиза ӘБІЛДА,
                                                 «Сыр бойы».

Мәдениет 02 шілде 2018 г. 450 0