БИШІ БАЛАЛАРДЫҢ БИІКТІГІ

Мамыр айының соңғы күндері Алматы қаласындағы Орталық демалыс саябағында дәстүрлі «Бозторғай» балалар шығармашылығы халық­аралық конкурсы бар сән-салтанатымен өтті. Биыл жиырмасыншы рет өткен конкурсқа әртүрлі жанр бойынша Қазақстанның барлық аймақтарынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Грузия, Әзербайжан, Литва, Латвия, Болгария, Италия, Чехия елдерінен келген 800-ге жуық өнерпаз қатысып, бақ сынады. Ал 1 маусым күні гала-концерт өтіп, онда конкурс жеңімпаздары өнер көрсетті.
Осы гала-концертте 11-13 жас аралығындағы балалар тобында 1-ші орын алған Қызылорда өнер мектебінің «Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблі де болды. Осы ансамбльдің көркемдік жетек­шісі Әсел Ыдырысованың айтуынша конкурстың алғаш­қы айналымында біздің өнер­паздар ұлттық қазақ биі жанрында «Мәңгілік ел балалары» биін билесе, екінші күні «Нео қазақ» бағытында «Ұлы дала рухы» биін қойған. Осы екі қойылымда да ансамбль құрамындағы 32 бала толық қатысқан. Осылайша таланттар тайталасында өнерлерімен қазыларды тәнті қылған ұл-қыздарымыз өз топтарында 1 орын алып,  Болгарияда өтетін «НИЕ-ХХІ век» өнер фестиваліне жолдамаға ие болды.    
Әсел Бекзатқызы осы орайда «Бозторғай» бала­лар шығармашылығы халық­ара­лық конкурсына қатысу, абыройлы, мәртебелі іс болып саналатынын жеткізді. «Боз­торғай» лауреаты атану, Қазақ­стан жас таланттарына өнер әлеміне өмірлік жолдама береді. Сонымен бірге, ол  «Балбұлақ» би ансамблінің 19 жыл бойы көркемдік жетекшісі болған Ақмарал Қойшығұлованың атына жылы лебіздерін арнады.
Тағы бір жағымды жаңалық, «Балбұлақ» би ансамблі облыстық «Бозтор­ғай» конкурсында үздік өне­рі­мен «Burabay Summer Fest» балалар мен жас­өс­пірімдер телевизиялық фестиваліне де жолдама алған болатын. Бұл фестивальға басқа да номинациялар бо­йын­ша облысымыздың жас өнерпаздары қаты­са­ды. Мәдениет және спорт министр­лігінің ұйым­дас­тыруымен Бурабай де­малыс аймағында өте­тін бұл шара Астана қала­сы­ның 20 жылдығына арна­лады. Бурабайдан кейін жас өнерпаздар Астана қала­сындағы гала-концертке қаты­сады деп күтілуде.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
Мәдениет 07 маусым 2018 г. 5 411 0