КЕНТ КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Қазалыда алғаш рет ұйымдастырылған Әйтеке би кенті күні мерекесі орталық алаңдағы флешмобтан басталды. Жалынды жастармен жүздесуінде  аудан әкімі Нажмадин Шамұратов оларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау жасалатындығына, елдің болашағы жастарды жан-жақты демеуде Елбасының өзі айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.
Айтулы шара Қ.Пірімов көшесінде өткен жылы ашылған «Тәуелсіздік» -аллеясында жалғасын тапты. Ел ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап,  ауылдық округтерден жеткізілген төмендетілген бағадағы бау-бақша өнімдерін сатып алды. Мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыс¬тар ұйымдастырылып, «Атамұра», «Әжелер», «Қорқыт сазы» ансамбльдері өнерлерін жұршылыққа ұсынды. Сондай-ақ білім ордалары дайындаған гүлдер жәрмеңкесі, жергілікті өнімдер көрмесі, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен орталық кітапхана ұжымы әзірлеген кітап көрмесі көпшіліктің қызығушылығын туындатты. Ұлттық тағамдарымыз шұбат-қымыз, бауырсақтан ұлықталып, өзге ұлт өкілдерінің дастарханынан дәм татуы «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналықты ойға оралтты.
Көпшілікті құттықтаған аудан әкімі іргетасы Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты қаланған өлкенің ежелден Ұлы Жібек жолының бойындағы мәдениет, сауда мен қолөнердің ірі сауда орталықтарының бірі болғанын, жарты ғасырдан астам аудан орталығы болған Әйтеке би кентінің сол қарқынды жоғалтпағанын, өскелең ұрпаққа тарих тағылымынан сыр шертетін игілікті шаралар қолға алынғанын айтты. Сонымен қатар, кенттің жаңаша келбетіне сай  түрлі ескерткіштер мен монументтер, аллеялар, қоғамдық нысандар салынып, абаттандыру, көліктік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары кент тұрғындарының еселі еңбектерінің нәтижесі екені белгілі.
Мереке аясында көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсенді түрде  қатысқандар аудан әкімінің арнайы дипломымен марапатталды. Жиналған қауым арнайы тігілген киіз үйлерде қонақ асынан дәм татты. Шара  мерекелік гала-концертке жалғасып, отшашумен қорытындыланды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Мәдениет 05 қазан 2017 г. 147 0