Белгілі ғалымның белесі

Әдетте, адам баласының өмір сүру кестесін күннің шығуы мен батуына теңеген атам қазақ 60 жасты –  талтүс деген. Атақты заңгер, академик Салық Зиманов өткен өміріне шолу жасай келе былай деген екен: «Елу жаста өзімді тани бастадым, алпыс жаста ақылым кіре бастады, жетпіс жаста аспанмен тілдесе бастадым – бұл батырдың жасы емес, бидің жасы екен. Жетпіс жаста көңілім өзгерген жоқ, көйлегім өзгерді, сексен жаста дүнием өзгерген жоқ, күйім өзгерді, құлдық дедім, бірақ құл болмадым», – деген екен.

Бүгінгі сөз еткелі отырған Сыр елінің біртуар азаматы жаны жайсаң, үлкен жүректі, білім мен ғылымды тең ұстап жүрген Әсет Мырзаханұлы  бауырымыз, академик ағамыз айтқандай, ақылы толықсыған 60 жасқа толып отыр. Өмір жолына зер салсақ, ол 1958 жылы Сырдария ауданының С.М.Киров атындағы (қазіргі Ж.Маханбетов ауылында) ұлағатты ұстаздар отба­сында дүниеге келген. Әкесі Мырзахан ағамызбен анасы Рыскүл бас қосып, өмірлерін ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеуге арнаған аймаққа танымал ұстаздар болды. Өмірдің болашағы оқу-білімде екенін бойына сіңіріп өскен Әсет 1976 жылы орта мектепті бітірісімен Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) оқуға түседі. Жастайынан Сыр­дың сұлу табиғатымен таныс, егіншілікке жақын әрі бейім өскен Әсет мамандық таңдауда да көп ойланбай, инс­титуттың агрономия фа­­куль­тетін қалады. Инс­ти­тут қабырғасында жү­ріп жақсы оқып қана қоймай, студенттік-ғылыми кон­фе­рен­­цияларға қатысып, бір­не­­ше рет жеңімпаз болып, өзі­нің білімге, ғылымға деген құмарлығын сол кезде-ақ таныта білді.

Жоғары оқу орнын бітір­ген соң ата-анасына қарайлап, жолдаманы туған жеріне  алған болатын. Сондағы ойы облыс орталығындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу инс­титутына орналасып, инемен құдық қазғандай қиын сала – ғылыммен айналысу еді. Оның бұл арманы бірден іске аса қойған жоқ. Алғашында басқа салада қызмет етуге тура келді. Арада 2-3 жылдан кейін аталған институтқа жұмысқа ғылыми қызметкер болып тұруға мүмкіндік туды. Оның ғылымға деген құлшынысының одан әрі ашыла түсуіне осы институттың қабырғасын қалаған бір топ ғалымдар: Қ.Әлімбетов, Х.Ра­­мазанов, Ә.Құрамысов, С.Ра­мазанова, Г.Верещагин және К.Жайлыбайдың еңбек­тері оң әсерін тигізді. Әсіресе, ла­боратория меңгеру­шісі Х.Ра­мазановтың орны ерекше болды.

Ғылымда жүріп алған білімін, жинақтаған тә­жірибесін жас жеткіншектерге беру мақсатында 1991 жы­лы Ы.Жақаев атындағы агро­­­өнеркәсіп өндірісі ин­же­нерлері институтына (қа­зіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­­верситеті) қызметке ауысып, 2015 жылға дейін абыроймен еңбек етті. Университет қабырғасында жүріп аға оқытушылық қызметтен кафедра меңгерушісі, факультет деканы, сырттай оқу бөлімінің деканы лауазымына дейін көтерілді. Әсет Мырзаханұлы университет қа­бырғасында шәкірттерге білім бере жүріп, өз білімін же­тілдіруді бір сәтке де ұмытқан жоқ. Айталық, 2010 жылы Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтында «Арал өңіріндегі суармалы егіншілік жағдайында жаздық бидай өнімділігінің агроэкологиялық және морфо­физиологиялық ғылыми негіз­демесі» тақыры­бында док­торлық диссертация қорғап шықты.

Белгілі ғалым Ә.Тоқта­мысов­тың 90-нан аса ғылыми-педагогикалық еңбегі жа­рық көрген, оның ішінде 1 монография, 7 оқу-әдіс­темелік құралы бар және ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау, ғы­лыми жетістіктерді өн­діріске енгізу, шетелдік ғылыми орталықтары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу барысында 4 ұсыным әзірледі. Сондай-ақ, ол «Экология» мамандығы бойынша 1 ғылым кандидатына, 9 магистрлік және 2 докторлық (PhD) диссертациясына жетек­шілік жасады.

Әсет Мырзаханұлының ғылым және білім саласына сіңірген еңбегі жо­ғары бағаланып, екі мәрте Елбасының Алғыс хатымен, Білім және ғылым ми­нистрлігінің «Қазақстан Рес­публикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жо­ғар­ы оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгілерімен марапатталған.

Ол өз ортасында әріптес­теріне әділ, достыққа адал, ағайынға қамқор болып, әркез салиқалы ой, сабырлы көзқарас білдіріп, барлық істі сана сарабына, тәлім тара­зысына салып, білікті, білімді тұлғаға лайықты байсалдылық таныта білетін азамат. Ол – отбасына да үлкен қамқорлықпен қарайтын мейірбан әке. Бүгінде зайыбы Мираш екеуі ұлын ұяға, қызын  қияға қондырған құрметті ата-ана.

Адам өмірінің абыройлы белесі – 60 жасқа келген Әсекеңдей азаматтың ғылымда ашқан жаңалықтары бүгінгі ұрпаққа азбайтын азық болары сөзсіз.

Құрманбек Бәкірұлы,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

Камалдин Шермағамбетов,

ҚР АШҒА

корреспондент-мүшесі.

ҚОҒАМ 06 қараша 2018 г. 144 0