АДАЛ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Бала мінезі, азаматтық көзқарасы ата-ана, орта, мектеп тәрбиесі арқылы қалыптасады. Рас, сәби ақ қағаздай болып дүниеге келмек. Қағазға шимайды қалай салсаң, солай түседі. Бала тәрбиесі де осыған ұқсас. Бүгінде білім беру мекемелері осы қағиданы ескеріп, оқушылар бойында әділдік, адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізуде. Облыстық білім басқармасы, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің Қызылорда облысы бойынша ұйымдастыруымен өткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының ІІ облыстық слеті осы сөзіміздің айғағы.
Жиын алдында «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» та­қырыбында көрме таныстырылды. Оқушылар парақор бейнесін қылқалам арқылы күлкілі әрі аянышты етіп бейнелеп, карикатура жасаған. Ал слет барысында департамент басшысы Абзал Мұхимов ерікті мектеп клубының мақсатын атап өтті.
– Ұлы ұлт даму үшін ұла­ғат­ты ұрпақ тәрбиелеу керек. «Адал ұрпақ» – жасөспірім оқу­шы, балаларымыздың кеуде­сі­не ізгіліктің нұрын сеуіп, жаман індетке, ел экономикасына қау­іпті құбылыстарға қарсы тұ­ру им­мунитетін қалыптастыру мақ­сатында құрылған жоба. Қазір «Адал ұрпақтың» облыс бойынша 293 мектепте 16 мыңнан астам мүшесі бар, – деді ол.  
Жиын аясында мектеп клу­бы­ның белсенді мүшелері ма­ра­патталып, барлық ауданнан жиылған бірқатар оқушы об­лыстық қау­ымдастық құрамына қабыл­дан­ды. Ал, клубтың ұйым­дас­ты­руы­мен оқу орнында қан­дай жұ­мыс атқарылатынын Е.Әу­ел­беков атын­дағы дарынды бала­ларға ар­­налған мектеп-интер­натының оқу­­шысы Асан Ер­дәулет айтып берді.
– «Адал ұрпақ» мектеп клубы 2016-2017 оқу жылынан бастап жұмыс жүргізіп келеді. Мектептегі клубқа мүше 210 оқушы түрлі форматта шаралар өткізеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім секциясы аясында «Қоғамдық тәртіп негіздері», «Біз­дің таңдауымыз – заңды мем­лекет», «Мемлекеттік көрсетіле­тін қызметті алу» тақырыпта­рында іскерлік ойын, танымдық сабақтар жаңа инновациялық формада ұйымдастырылады, – деді ол.
Слетте оқушылардың тап-таза тілегі мен алғаусыз көңілі елге деген құрметпен ұштас­қа­нын байқадық. Сондай-ақ, бұл күні «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық қау­ым­дастығына қабылданған оқу­шылар қаланың мәдени орындарына саяхат жасады.

Айдана Жұмадинова,
"Сыр бойы".


ҚОҒАМ 06 қараша 2018 г. 170 0