ЛАЙЫҚТЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Зейнет жасына жеткен адамдарды қазіргі кезде толғандыратын мәселе көп. Себебі, бұл олардың болашағының кепілі. Бұл жәйт жаңа өмір жолын бастағандарды да толғандырады. Жалпы кім-кім де өзінің келешек қарттық  шағын қазірден бастап ойлағаны абзал. Қызылорда қаласының белгілі қоғам белсендісі Салтанат Сыздықова  осындай пікірде. Ол шағын кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер қоғамын басқарады.

– Менің негізгі еңбек өтілім кеңес дәуіріне сәйкес келді. Кеңес дәуірінде ортақ зейнетақы жүйесі жұмыс істеді. Ол бойынша зейнетақы жұмыс істейтін азаматтардың аударымдарынан төленетін. КСРО тарағаннан кейін ТМД елдерінің көпшілігі осы жүйені қабылдады. Кейін Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесінің Чили моделін қабылдап, азаматтар өз болашақтары үшін өздері қаржы жинақтай бастады. Уақыт өткен соң 2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. Осылайша, мен мемлекеттен және өзім жинаған қордан зейнетақы аламын, – дейді ол.

Салтанат Елеусізқызының пікірінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің табысты болуы алдымен елдегі экономикалық жағдайға: нақты сектордың өсіміне, еңбек өнімділігіне, жұмыс орындарының құрылуына, халықтың табысына байланысты. Еңбекпен қамтылғандар неғұрлым көп болса, аударым мөлшері де артады. Ал мемлекеттің кепілдігі зейнетақы қорындағы қаржы құнының инфляция салдарынан төмендеуіне жол бермейді.

Қазақстандықтар сонымен бірге міндетті зейнетақы жарналарынан басқа ерікті зейнетақы жарналарын да аудара алады. Бұл зейнеткер үшін қосымша табыс көзіне  айналатын тәсіл.

Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесі әрбір болашақ зейнеткердің өз болашағына деген жауапкершілігіне негізделген. Зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі көпсалалы болған жағдайда, әрбір қазақстандықтың мүддесіне сәйкес келген жағдайда ғана тиімді жүзеге асырылады. Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры біздер үшін өте қажет құрылым, – дейді Салтанат Елеусізқызы.

Әрине, балалардың, ағайын-туыстың көмегіне үміт артқан дұрыс та шығар, бірақ өмір бойы еңбек еткен адамның қарттық шағында ешкімге масыл болғысы келмейтіні шындық. Сондықтан мен өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде жастарға үнемі осы жайында айтып отырмын. Біреудің қайырымдылығын күтіп отырмай, ден сау кезде осы бастан қамданған дұрыс. Сондықтан жастарымыз зейнетақы қорына аударым жасау мәселесіне айрықша мән берсе екен деймін. Өз басым әлі жұмыс істеймін. Табысымды ешқашан жасырмаймын. Оны жасыру өзіңді-өзің алдағанмен бірдей, – дейді зейнеткер.

 

Ж.ӘЛМАХАН.


ҚОҒАМ 10 қазан 2018 г. 339 0