Халқына қазына сыйлаған сазгер

Сыр сүлейлерінің лайықты ізбасарларының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, күйші-композитор, жыршы-ақын Мұрат Сыдықов. Дауылпаз сазгердің «Жырлайды Арал перзенті», «Жыр мәйегі – мақам» кітаптары және күйлері мен әндерінің жинағы жарық көрген болатын. Облыс орталығында өнер қайраткерінің шығармаларының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, ол жұртшылықтың лайықты бағасын алды. 

Сыр дүлділдерінің асыл қазына­ларымен сусындап өскен оның шығар­маларының өресі биік. Күйші-сазгердің өнер әлемі туған жерінің тарихымен тамырлас. Мұрат Сыдықовтың алғашқы «Жырлайды Арал перзенті» кітабы өзінің шығармашылық жолының эн­циклопедиялық жинағы күйінде топтастырылған айрықша еңбек. Кі­тапта өнерге келу және өсу жолдары мен бүгінгі елге танымал тұлғаның әр кезеңдерде жеткен жетістіктері, өлең-жырлары, терме-толғаулары, ән­­дері мен күйлері оркестрлерге түсірілген күйлерінің партитуралары, сценарийлері және баспасөзде жарияланған мақалалары енген. Жалпы автордың қай бөлімдегі туындылары мен шығармашылық еңбектерін қарасаңыз, сізге ой салып қана қой­майды, тағдырлы таланттың бай да қуатты дарынын көрсетеді. Айрықша жинақ еліміздің мәдениет, өнер саласында жүрген талантты әнші, күйші-жыршыларымызға және шәкірттерге баға жетпес құнды қазына. Бүгінгі сан қырлы шығармаларынан құралған кітап замандастары мен келешек ұрпақ үшін ұлағаты мол мұра болып қалары анық.

Кітапта қазақ өнерінің майталмандары Роза Бағланова, Ғазиза Жұбанова, Асқар Тоқпанов, Шара Жиенқұлова, Мыңжасар Маңғытаев, Еркеғали Рахмадиев және басқаларының дәулескер күйші, сазгер туралы айтқан пайымды пікірлерін оқи аласыз. Ақиық ақын Фариза Оңғарсынова «Мұраттың «Теңізбен мұңдасу» атты үлкен шығармасы – Арал тағдырының гимні. Өтер әсерлі, мәнді туынды» десе, композитор Кеңес Дүйсекеев «Батыр баба Жанқожа» күйін әлем сахналарында орындауға болатын ұлы шығарма деп бағалаған. Сонымен бірге, жинақта өнермен өрнектелген өмір жайлы әріптестерінің тілек, пікірлері келтірілген. Еліміздегі алғашқы отбасылық ансамбльдердің бірі саналатын Сыдықовтардың халықтық ансамблі елімізбен бірге шетелдерде де өнер көрсетті. Сазгердің жары Базар Қостаева – өмірдегі де, өнердегі де сенімді серігі, ансамбльдің анасы. Кітапта композитордың өнерге келу және қалыптасу жолындағы ұстаздары мен әріптестерінің, шәкірт­терінің пікірлері пайымдалған.

Энциклопедиялық кітапта автор­дың күйлерімен бірге оның шығу тарихы да зерделенген. Сонымен бірге, Мұрат туралы баспасөзде жарияланған мақалаларға кеңінен орын берілген. Талантты жыршы-ақынның түрлі тақырыптағы сценарийлерде оның мол қабілетінен хабар береді.

Мұрат Сыдықовтың екінші туындысы «Жыр мәйегі – мақам» кітабы көп жылғы еңбектің жемісі десе болады. Кітапқа ХІХ-ХХ ғасырларда Арал, Қазалы өңірінде дүниеге келіп, бүкіл Сыр бойын дүбірлетіп өткен атақты Нұртуған мектебінің негізін қалаған Бижан, Сары жырау (Жансүгір), Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Дәріқұл, Жалғасбай, Үмбетәлі сынды дүлділ жыраулардың баға жетпес асыл қазыналары, ән-мақамдары нотаға түсіріліп, аудиотаспаға жазылып берілген. Жаңа туынды – күйші-композитор Мұрат Сыдықов пен оның зерттеуші-музыкант ұлы Жандостың ұзақ жылдар бойы зерттеп, жинақтап, халқымыздың рухани байлығына қос­қан   үлкен  ғылыми еңбегі. Ондағы 30-дан астам жыр-мақамдардың көбі әлі ешкім орындамаған, еш жерде жарияланбаған құрылысы, әуені әртүрлі сипаттағы кең тынысты жауһарлар. Бұл еліміздің термеші, жыршы, жырауларына баға жетпес асыл қазына болмақ.

Зерттеушілер жинақта Сыр өңі­ріндегі жыраулық дәстүрді дәріптей келе Қармақшы-Қызылорда өңі­рін­дегі Жиенбай жырау, Арал-Қазалы өңіріндегі   Нұртуған  шайыр атындағы екі үлкен жыршы-жырау­лар мектептерінің ерек­­шеліктеріне тоқталады. Алғаш­қысы іргесі ертерек қаланып, өркені кең жайылған, жыраулары жыр-мақамға бай, даусы зор, жырлағанда көбіне тамақтан қырағаттап, баппен айтатынына тоқталады. Екінші мектеп жырлағанда жоғары кең ашық, кең дауыспен орындайды. Жыр-мақамдарының құрылысы күрделі, үні асқақ, сазды болып келеді. Мұнда екі мектептің бір-біріне ұқсамайтындығы, жыршы-жырауларының жырлау тәсілі, ән-мақамдарының құрылысы, үні, оның орындау нақыштары бөлек екендігін аңғартады. Сонымен бірге өнерге тал­пынған термеші, жыршыларға қажет қағидаларды да еске салады.

Кітапта Сары жыраудың, молда Дәулет, Жаппарберді Тілеу­бер­генұлының,  Жаңаберген Бітім­бай­ұ­лы­ның, Дәріқұл Өмірқұлұлының, Нұр­сұлтан Жұбатовтың, Үмбетәлі жыраудың жыр-термелері, ән-мақам­дары нотаға түсіріліп, авторлар туралы деректер берілген.   Ұстазы  Үмбетәлінің шығармашылығына кеңі­­нен тоқталып, оның асыл қазы­наларды кейінгі ұрпаққа жет­кізудегі орасан зор еңбегін айрықша атап өтеді. Сонымен бірге осы өнер мектебінің кейінгі толқындары жөнінде де дәйекті пікірлер келтіреді. Осы салада он бес жылдан астам уақыт «инемен құдық қазғандай» көз майын тауысып, байырғы қазыналарды нотаға түсіріп, жинақтаған Жандос Мұратұлының еңбегі зор. Күйші-композитордың үшін­ші шығармасы өз орындауындағы ән-күйлерінің аудиотаспаға түсіріліп, өнерсүйер қауымға ұсынылған бағалы туындысы.

Мұрат Сыдықовтың өнері де, өмірі де, арманы да, ардағы да Арал тағдыры десе болады. Композиторлардың бұл туындылары халқымыздың киелі де дәстүрлі өнеріне, рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Ел мәдениеті мен өнеріне қосылған үлкен үлес деуге болады.

 

Ж.ӘБІШОВ.

ҚОҒАМ 09 тамыз 2018 г. 222 0