Ұрпағы әке аманатын орындады

Жыл өтіп,  уақыт   жылжыған сайын өміріміз де, тұрмысымыз да жаңарып, жасанып барады.  Шүкіршілік етіп, тәубеге келер жақсылықтардың да куәсі  болып жүрміз. Десе де кейде қуаныш пен қайғы таразысының өкінішті жағы басып, аһ ұрдыратыны да бар. Көңілді құлазытатыны екі дос­тан айырылып қалуым еді.
Бірі – Көшмырзаұлы Қа­ра­бай­­дан көз­жазғаныма төр­­­тін­ші жылға аяқ басып ба­­рады. Ол еңбекқор, шаруа тек­­тен шыққан, қаладағы авто­ком­бинатта қатардағы жүр­гізу­ші болып еңбек етті. Сол орында, сол қызметте жүріп есейді, Үржан есімді  қызбен тұрмыс құрды, отау тігіп, ұл-қыз сүйді. Айтпақшы, алғаш үйленгендегі күйеу жолдасы да мен едім. Бір орында жүріп ол дос-жар тапты, еңбектің рахатын көрді. Қатарларының алды болып «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды, басқада әлденеше мақтау-ма­дақтарға ие болды.Осындай күндер өткен сайын еске түсіп, түнде түске енетін екінші  достан – Жорабек Оспанұлы Сарбалақовтан да айрылып қалғаныма жыл толғалы тұр. Дос қаза­сы өткен күндер елесін ойға оралтып, артындағы пен­дешілік оқиғаларды қайта бір тірілтуді мәжбүрледі. Мәсе­лен, өзінен төрт жыл бұрын Жорабектің елу жыл отасқан жұбайы Гүлшара Әбілдақызы көз алдымызда өмірден озып еді. Оның демі таусылардан 3-4 күндей бұрын ертелетіп көңілін сұрай үйіне барып едім, ауруханадан шығып үйінде жатыр екен. Көңілі сергек, есту қабілеті қалыпша. Басын жастықтан көтеріп, бір кесе шәй ұрттады да:– Кішкентайдан бірге өс­кен ескі доссың ғой. Бәрін біліп жатырмын. Дәрі­гер­лерге рахметімді айтып, үй­ге шықтым. Енді мен бұл дүниенің адамы емеспін – деп Гүлшара бір-екі лоқсып, көзіне жас алды да: – Шүкір, өмі­ріме ризамын. Балаларым, ел-халқым, сендер аман болыңдар, – деп тағы да әлдене айтқысы келіп еді, әрі қарай сөзіне түсінбедік. Сәлден соң Жорабек басын көтеріп, дәрісін ішкізді. Сосын Гүлшара бақұлдасқандай әңгіме айтты: – Өкініштен өнер түк жоқ. Артымда ұрпағым, ағайын-достарым бар, Аллаға ризамын, тек мына Жорабегімнің маған айтқан екі арманы бар еді, көзімнің тірісінде соның орын­далуына себім тисе деп едім. Бұл арманым орындалмай кетіп барам. Қош сау болыңдар, – деп Гүлшара үні баяулап, жастығына жантая кетті.Иә, енді сөз түйініне ойысайын: мақалаға кейіпкер болғалы отырған азамат туралы әпсананы тарқата отырайын. Сыр перзенті осы өңірдегі халыққа қызмет ететін ең басты басқармадағы (Облыстық тұтынушылар одағы) қызметінің төменгі сатысынан бастап, облыстық одағын басқаруға дейін көтерілген Жорабек Оспан­ұлы Сарбалақов екеуміз бір ауданда туып, еңбек жолымызды бірге бастаған, бала жастан дос едік. 1956  жылы мен Сырдария аудандық газетінің қамқорлығына алынып, келесі жылы сол газетке қызметке тұрдым. Жорабек досым ол кезде «Октябрь» (қазіргі «Қоғалыкөл» ауылы) колхозында экономист болатын, әрі ауылдағы комсомол ұжымының хатшысы еді. Екеуміз де аудандық комсомол комитетінің белсенді активистері едік. Аудандағы жиналыстарда, іссапармен ауылына барғанда жәй кездесіп, пікірлесіп тұратынбыз және ол аудандық газетке мақала жазып, жиі келіп тұратын. Ауылда жүріп, сол кездегі тәртіп бойынша еңбек өтілін (стаж) алып, Мәскеудегі қаржы-эко­номикалық институтқа сырт­тай оқуға түсті. Ауылда жүріп осыдан 58 жыл бұрын Гүлшара Әбілдақызымен отау тікті. Сонда жүріп жоғары оқу орнын бітірді. Алпысыншы жылдардың басында тұтыну қоғамы саласына келіп, әуелі сала әліппесін аудандық тұтыну одағынан бастады да Тереңөзек ауданында біраз жыл жұмыс жасап, сын тезінен өтті. Қысқасы,  марқұм аталған саланың бейнеті мен зейнет рахатын бір адамдай көрді. Алдымен жақсылық жағын жария етейін. Тірлігі оңға басып, шаруасы халық талғамына татыды. Жұмысының тиянақты көрсеткіштері одақтық, рес­пу­бликалық басшы орган­дардың жылы лебізіне ие болып жүрді. Бұл, әрине, Жорабектің кәсібіне деген тындырымдылығы мен ала жіп аттамаған адалдығының, жұмысының қыр-сырын жетік білетін іскерлігінің арқасы болатын. Осы жерде оның тағы бір адами құпиясының бетін аша отырайын. Ол «дүниені кешіп жүрсе де» артық байлыққа қызықпады, есесіне көп оқып, үнемі рухани ізденіс жолында жүрді. Оған дәлел – ол осы саладағы қым-қуыт басшылық жұмыстарда жү­ріп, «Кінәмшіл қырағы­лардың» көз алдында жүріп әуелі Москвада экономика ғылымының  кандидаты, арада 14 жыл өткенде докторлық атақ үшін ғылыми диссертация қорғап шықты.Осындай құдайдан сұра­ған жанға жаратушының да оң көзімен қарағанын айта кетудің артықтығы болмас. Ол Гүлшара екеуі дүниеге 6 ұл-қыз әкеліп, олардан 16 немере, 9 шөбере сүйіп, ұрпақ қызығын көріп кетті.Халқымызда дүниеден өт­кен адамның жанұясын жұбату үшін  айтылатын  «Пәленшенің арты жақсы» дейтін аталы сөз бар. Айтқанымыз асылық болмасын, аталған азаматтардың екеуі де дүниеден өтіп кетсе де, шүкір, арты жақсы. Үлкен ұлы Дүйсен жұбайы  Ғайни екеуі жауапты жұмыста, құра­нын оқытып, кәделерін жа­сап,  әулетті басқарып отыр. Ақмаралы  – ұстаз, орыс тілі­нің маманы, Шыңғыс – энергетик, Қарлығаш – білікті дә­рі­гер, Бақытжан – тәртіп саласында, кіші қызы Айым­жан – экономист, ұстаз. Бәрі де мамандықтарына сай қызметтерін атқарып жүр.  Немере, шөберелері де ата-әжесіне кір келтірмей өсіп жатыр.Ғасырдың дауасыз дертіне шалдыққан Жөкең өмірден озардан жарты жыл бұрын Оңтүстік Корея еліне барып емделіп келді. Әлдебір қатерді іші сезді ме... көңілсіз оралды. Достық парызымды ақтап, жиі соғып тұрдым. Бірде түс ауа соғып едім, көңілсіз отыр екен. Қамығып, көзіне жас алып, бетін бұра берді, әлдене айтқысы келді, бірақ тілі де түсініксіз. Кенет иығымнан түртіп, басын екі рет бармағымен ұрды да, былдырлап біраз әңгіме айтты. Түсінгенім, «Осы ауру түбі... алатын шығар». «Тек, ажарың  жақсы ғой» деп жұбатып, сырт айналдым. Көзіме келген жасты тоқтата алмай бетімді сүрттім. Осы кезде есіктен қасында екі медбикесі бар Тұрғанбай  кірді де ой да, сөз де бөлінді. Қарамыз көбейген соң сөз өрбіді. Тұрекең Жорабектің мойнын уқалап, басын бір-екі  басты  да ойын аударғысы  келгендей:– Жақсысың. Уайымдама, жазы­луға бет бұрдың. Сен армансыз адамсың, – деп еді, Жөкең екеумізге кезек  қарап алды да:– Арман... Менде екі ар­ман... деп былдырлап екі саусағын көрсетті. Біз сөзі­не түсінген де, мән берген де жоқпыз. Марқұмды көп мазаламайық, – деп жайымызға кеттік. Туралап келген сұм кеселге дауа-дәрмен жоқ қой. Осыдан бір жарым айдан соң досымызбен мәңгіге қоштастық.Шынында марқұм жө­нінде бұл жолғы айтпағымыз оның басқа құпиясының бетін ашып,  тірісінде орындай алмай кеткен армандарын жария ету болатын.Биылғы маусым айының орта кезі болар, Жорабектің кіші қызы  Айымжан телефон соқты:– Алдағы 22-күні соғыста қаза тапқан атамызға ас береміз. Пәлен кафеде, пәлен сағатта, соның қонағы болыңыз – деді. Әуелі түсін­бей, таңданыспен тіл қатпай қалдым да қайтарып сұрақ қоймадым.Жорабектің әкесі Оспан ақ­сақалды көрдік. Ол соғысқа қа­тыспаған. Елде қайтыс бол­ған еді ғой. Ая, қай атасын айтып отыр? Іштей «Қабыл болсынымызды» айтып, аталған кафеде қызық болғанда осы ас үстінде Жорабек армандаған құпияның кілті ашылды...Жорабектің шын әкесі Уәйісов Әлиакпар екен. 1905 жылы Қызылорда қаласында туылыпты. Туған қаласында, Өзбекстанда ұстаздық еткен. Раушан деген қызбен көңіл­дері жарасып, тұрмыс құрған. Сөйтіп жүріп екі балалы болады. Үлкені осы Жорабек те, кішісі Шәмшібек жастай шетінеп кеткен.Жорабектің шын әкесі Әлиакпар Уәйісұлы бір әке­ден екі ағайынды болған. Қалжан есімді апасы және өзі Әлиакпар. Апасы Қалжан есейе келе Оспан деген кісіге тұрмысқа шығады.Енді осы ең басты құпия­ның кілтін жария жасайық. Шын әке Әлиакпар  Уәйісұлы 1942 жылдың ақпан айында өз еркімен майданға аттанады. Жалғыз апасы Қалжан мен жездесі Оспан көрші ауылда тұратын. Қартайған шал мен кемпірде перзент жоқ, күйкі өмір сүріп жатушы еді. Соғысқа аттанар сәтте Әлиакпар жұбайы Раушанмен келісіп қоштасу үшін Жорабекті көтеріп, апасы мен жездесіне барады. Айрылысарда Әлиакпар  жантебірентер сөз айтады:– Құдай алдында сұрауы жоқ, мы­на баланы сендерге беремін. Тірі келсем көрісерміз, өлсем ана дүниеде қауышармыз. Алыңдар Жора­бекті, бұл енді сендердің бала­ларың...Міне, осылай 1942 жылдың 19-ақпанында тағдыр тәлке­гімен Жорабек екінші ата-анасы Жорабек Оспанұлы атанып кетеді. Досымыздың тірісінде қақпағы ашылмай кеткен бірінші арманының шындығы осы болатын. Онысын ел-жұрттан ұялып, аруақты сыйлап, құпиясын өзімен бірге ала кетті. Бірақ аманатын ұрпақтарына қай­та-қайта айтып кетті. Сөзі­міз дәлелді болу үшін өзі жазып кеткен естелігінен үзінді келтірейік: «Өз әкем аты – Әлиакпар Уәйісұлы, соғыста хабарсыз кетті. Руы – Баймұрат Жаппас. Шешемнің аты – Раушан. Мен оны көрдім, беріде қайтыс болды. Мені асырап өсірген, оқытқан, қысқасы үйлендірген, адам қылған екінші әкем – Оспан. Анамның аты – Қалжан. Ол өз әкемнің үлкен апасы. Олардың руы – Сумұрын Жаппас. Өз әкем Әлиакпардан майданда опат болды деген хабар келген. Қай жерде, қашан? Қайда жерленген? Бұл сұрақтарға 40 жылдан бері жауап таппай армандап жүрмін. Шүкір, оның менен басқа да ұрпақтары бар. Кебін киіп кеткен жоқ, кебенек киіп кеткен ғой. Бір хабары шығар деп арманымызды өшірмей, үмітімізді үзбей отырмыз. (Жорабектің өз қолымен жазған «Қос әке» деген естелігінен).Иә, Жорабек әкесінің де­регін ғаламтордан, газеттерден, телехабарлардан, әскери мекемелерден тынбай іздеді. Бірақ жалған өмірден көзі жұмылғанша еш дерек болмай бұл арманы өзімен бірге кетіп еді.Сөз соңында қызы Айым­жанның жоғарыда айтыл­ғандай асқа шақыру себебін айта отырайын: Үміттерін үзбей сәт сайын ғаламторға елеңдеп отырған жанұясына қабырғадағы телевизор биыл­ғы көктемде ақжолтай хабар жеткізді. Онда былай делінген: «Увайсов Алиакпар 23.04.1942 ж. Ташкентский ГВК, Узбекская ССР, г.Ташкент деген жерден кіші лейтенант шенімен әскер қата­рына алынған және әскер қатарында қызмет еткен жері 413 сд. 03.12.1943 ж Беларусь ССР, Могилевская обл, Пропойский р-н, д.Машевская Слобода деген жерде жерленгені айтылған. Бірақ қазіргі дерек бойынша Пропойский қыстағы, Магилевская Слобада деген деревня мүлдем жоқ болып шықты. Үміт шеті  көрінген соң Жорабектің ұрпақтары Беларусь елінің өкілдігіне хат жазып, күмәндары сейілісімен  аталарының немерелері Жора­­бектің үлкен қызы Қарлығаш пен кіші қызы Айымжан  Беларуссияға жол­ға шықты. Сапарлары оң болып, ата қабірін тауып, қабірге туған жердің бір уыс топырағын салып, құран бағыштады. Елге келген соң жоғарыда айтылғандай ұрпақтары аталарына ас бер­ді.Міне, Жорабектің көзі тірісінде іске асыра алмаған армандарын балалары, майдан даласында елін қорғап жүріп опат болған атаның немере- шөберелері орындады.
Өтеген ЖАППАРХАН,
ардагер-журналист.
ҚОҒАМ 09 тамыз 2018 г. 342 0