Бюджеттегі толықтырулар түйткілді мәселелерге бағытталды

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс 22-сессиясы өтіп, онда бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, коммуналдық меншікке жататын орта мерзімге арналған концессияға ұсынылатын нысандар тізбесін бекіту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізіміне өзгерістер енгізу және басқа да мәселелер талқыланды. Сессияға депутат Р.Байназарова төрағалық жасады. 

Оған облыс әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақов қатысты. Алдын ала өткізілген тұрақты комиссиялар мен «Нұр Отан» партиясы фракциясының бірлескен отырысында  бюджетке енгізілетін өзгерістер туралы баяндаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы С.Құлым­бетоваға депутаттар тарапынан сұрақ көп болды. Депутат И.Оңғарбаев «Арал-Аралқұм-Жалаңаш» автожолын жөндеуге бөлінген қаржының бас­қа нысанға бағытталу, И.Тілеп Қазалы ауда­нындағы пайдалануға берілген мек­тепті ұстап тұруға бөлі­нетін қар­жының еш жерде көрініс таппау себебін сұрады. Оған қоса депутат Әйтеке би кенті тұрғындарының 40 проценті әлі де табиғи газға қол жеткізе алмай отырғанын, сұралған қаржының әлі күнге дейін шешімін таппағанын айтты. Жаңа оқу жылы иек астында тұрған кезде мектепке қатысты мәселе басы ашық күйінде қалмауы тиіс еді. Баяндамашы бұл жағдайды бюджет әкімшісі, яғ­ни облыстық білім басқармасы бюд­жеттік өтінім бермегенімен түсін­дірді. Бірақ білім басқармасының өкілі өтінім уақытылы берілгенін айт­ты. Басқармалар арасындағы мұн­­дай мәселелер жаңа мектептің Білім күніне шәкірттерін қабылдауға әзірлігіне кері әсер етпеуі тиіс. Алдағы аз уақытта бұл проблеманы басқармалар мен Қазалы ауданы әкімдігі бірлесе отырып,  депутаттарды қатыстырып қарайтын болады. Депутат Ж.Ысқақов та Жаңақорған ауданы Аққұм елді мекеніндегі 100 орындық мектептің жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілетініне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Құрылыс басқармасы өкілінің айтуынша, мердігер мекеменің жұмыс қарқыны төмен болғанымен, 25 тамызға дейін құрылыс бітеді. Қазір абаттандыру мен ішкі әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр. 

Сессияда депутаттар Ә.Дәу­ленбаев Қармақшы ауданы Ақай ауылындағы көшені жөндеуге сұралған қаражаттың жылдан жылға жылжып келе жатқанын, Ж.Нұрымбетов Тасбөгет қыста­ғындағы көшелерді жөн­деуге бөлінген қаржының әлі де жет­кіліксіздігін айтты.  Мем­ле­кеттік-жекешелік әріптестік аясында салынуы тиіс емхана мен спорт кешенінің құрылысы да кешеуілдеп жатыр. 

Сессияда облыс бойынша ком­муналдық меншікке жататын ор­та мерзімді кезеңге арналған концессияға  ұсынылатын нысан­дардың  тізбесі бекітіліп, мем­лекеттік-жекешелік әріптестік жо­­баларына, Қызылорда облысын басқару схемасына енгізілген өзге­рістер мақұлданды.

Жиында талқыланған Қызыл­орда қаласының Бас жоспарына қатысты депутаттар өз ұсы­ныстарын айтты.  Әсіресе қалдық полигонының орналасуына қа­тысты жоба авторына көптеген сауалдар қойылды. Естеріңізде болса, Бас жоспар 2007 жылы әзір­леніп, 2009 жылы Үкімет қаулысымен бекітілді. Соңғы 5 жылда Бас жоспар бойынша қабыл­данған жобалық шешімдер кезең-кезеңімен жүзеге асты. Құры­лыс қарқыны мен қаланың өсуі тұрғындардың көз алдында. Соң­ғы жылдары қала келбетін қалыптастыруда Сырдария өзе­нінің  маңыздылығы ескерілуде. Жаңадан ашылған аймақтар,  инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы ауқымды шаралар, елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың талабы Бас жоспарға тиісті түзетулер енгізу қажеттілігін байқатты. Бұл өзге­рістер қаланың 2025 жылға дейінгі дамуын, қала маңындағы аймақтарды дамытуда жаңа шешімдер қабылдауды, тұрғын үй, өнеркәсіптік-коммуналдық ай­мақ­тар, әлеуметтік және мәдени нысандардың нақты көлемін ай­қындауды көздеп отыр. Сондай-ақ, Бас жоспардағы өзгерістерде табиғи және техногендік апаттардан қорғану, халықтың табиғи өсімі мен көші-қон процесін жүйелі ұйымдастыру мәселелері қарастырылған.

Мәслихат сессиясында рес­пу­бликалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Н.Нұр­жанов облыс бойынша тексеру комиссиясының жаңа төра­ғалығына С.Құлымбетованы ұсы­­­нып, депуттаттар бұл кандида­ту­­раны қолдады. Сондай-ақ, тексеру комиссиясының мүшелері тағайын­далды.

Сессия соңында еңбек арда­гері М.Әміреевке, депутаттар Ш.Әбді­кәрімов пен М.Өтеевке «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалі табысталды.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 09 тамыз 2018 г. 51 0