Алматыда елді шошытқан тиінді құрастыру үшін 24 млн теңге жұмсалған

Кешелі бері жұрттың қызу талқысына түскен Алматының орталығында орнатылған 13 метрлік тиіннің мүсініне 24 млн теңге қаражат кеткен. Алып туындының авторы Ұлыбританиядан шақыртылған Алекс Ринслер деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Британдық танымал суретші бұл конструкцияның жоспары мен нобайын дайындауға 2 айын жұмсапты. Жаңғақ ұстап тұрған тиіннің ұзындығы 13 метр. Ал, салмағы 12 тонна. Оны құрастыруға 4 тоннадан астам сабан мен ағаш жұмсалған.
Туындының авторы Алекс Ринслердің таңдауы қалада қаптаған мысық, ит, тышқанның арасынан осы кеміргішке түсіпті.
"Алматыда тиіндерді жиі кездестріруге болады. Сонымен қатар, мысық, иттің мүсіндерін барлығы жасайды. Ал тиін өте әдемі әрі табиғатқа пайдасы зор жануар. Тәжірибем бойынша айтайын бұл уақытша тұрған нысан. Ол күнге күйіп, ауа райының қолайсыздығынан өңін өзгертуі әбден мүмкін. Дегенмен, аз уақыттың ішінде тиін шаһардың нышанына айналып үлгереді", - дейді суретші.
Жеке компания өрт мәселесін де назардан тыс қалдырмаған. Олар қызыл жалынға қарсы заманауи қондырғыларды тиінге орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, нысанды бақылау үшін камера қоймақ.
Ал келісім бойынша тиін қаланың сәнін келтіріп 9 ай тұруы тиіс.
ҚОҒАМ 10 шілде 2018 г. 246 0