Роза Рымбаева: Ернар Айдар - өзбектің әнін қазақша орындап жүрген тойдың әншісі

  Әнші Роза Рымбаева «Витебсктегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның атынан шығатын Ернар Садырбаевты тағы бір әнші Ернар Айдармен салыстырмауды өтінді. Ол туралы Қазақстанның халық әртісі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында тілшілердің бірі биылғы «Славян базарында» Қазақстанның намысын қорғайтын Ернар Садырбаевқа «Ернар Айдардан кейін қаншалықты танымал боламын деп ойлайсыз? Қорықпайсыз ба?» деген сұрақ қойды.

Жиын барысында Ернар Садырбаев (ән әлемінде «Әміре» атымен белгілі - автор) бұл сұраққа жауап беруден бас тартып, Роза Рымбаева сөз тізгінін ұстады.

«Менің ойымша, әншінің атын шығаратын - ол оның әні, шығармашылық өнері. Ернар Айдар мен «Әмірені» салыстыруға болмайды. Мен маман ретінде айтайын. Ернар Айдар - өзбектің немесе түріктің әндерін қазақша орындап жүрген тойдың әншісі. Ал біздің мына баламыз - бүгінгі Ернар конкурсқа қатысатын әнші. Конкурсқа қатысу - өзінің деңгейін халықаралық деңгейде көрсету, шығармашылығын сол форматқа сәйкес келетін халықаралық орындаушы жастармен сайысқа түсу. Ондай жастардың арасында сайысқа түсудің өзі - деңгей. Ал енді егер сенің шығармаң кем түспей, артық болып тұрса - ол Қазақстан мәдениетінің деңгейінің жоғары болғандығы. Сондықтан, ана Ернарменен мына Ернарды салыстыра алмаймын, кешіріңіздер», - деді Роза Рымбаева.

Айта кетсек, Витебсктегі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі Беларусь мемлекетін дүние жүзіне танымал етті. 1995 жылдан бастап фестиваль Беларусь Республикасының президенті Александр Лукшенконың жеке қолдауымен халықтар арасында мәдениет диалогының қалыптасуына ықпал етіп келеді. Фестиваль күндері дәстүрлі түрде одақтас мемлекеттер күні, Беларусь, Ресей, Украина елдерінің өнер иелерінің гала концерті, «Шекарасыз фестиваль», «Театр кездесулері», «Жұлдызды сәт» бағдарламалары өткізіледі.

Аталған фестивальде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен әнші Димаш Құдайберген төрелік ететін болады.

Айта кетсек, Димаш Құдайберген 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық ән фестивалінде бас жүлдені иеленген болатын.

ҚОҒАМ 02 шілде 2018 г. 571 0