ТЕАТР ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Таяуда «Тұмар» баспасынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Хұсейін Әмір-Темірдің «Бір сахна – егіз ғұмыр» және «Өнер-Баян» атты екі бірдей туындысы жарық көрді.
Кітап авторы өмірі мен өнері сабақтасып жатқан театр әлемі жайлы тебіреніспен сыр шертеді. Өзінің театр сахнасында өткен жарты ғасырдан астам өнер жолынан өрелі әңгіме өрбітеді. Тура өмірдегідей, тартысы мен талқысы, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін театрдың күнгейі мен көлеңкесі жайлы көңіл түкпіріндегі толғанысын тарқатады. Жемісті еңбектің жеңісті сәттерін жарқырата суреттеп, талантты актерлардың шеберлігіне шынайы баға береді. Сахнаға шыққанға дейін сан мәрте сарапталатын қойылымның әзірлік барысындағы қызықты да қызу тартысты сәттерін қаз-қалпында баяндап, сол арқылы актерге жүктелген жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екенін аңғартады. Расында, әрбір актер өз образын дұрыс сомдай алмаса, режиссердің де еңбегі еш деген сөз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кітап авторының бүгінге дейін жүріп өткен жолы, бүкіл өмірі десек те болар, осынау театр өнерімен тамырлас. Сонау алпысыншы жылдардың басында Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік Консерваториясының театр факультетінде оқып, Қазақстанның Халық артисі, атақты профессор Асқар Тоқпановтан дәріс алған Хұсейін Әмір-Темір шығармашылықтағы алғашқы жолын өз мамандығы бойынша актерлік сатыдан бастады.  
Әуелгіде Қарағанды театрында, одан кейін Сыр сахнасында Ә.Сәрсенбаевтың «Арбасу» драмасындағы СС полковнигі, М.Әуезовтың  «Абай» трагедиясындағы Долгов, «Қара қыпшақ Қобыланды» драмасындағы Бірсімбай, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» драмасындағы Николай ІІ, Б.Майлиннің «Майданындағы» Бекболат сынды салмақты рольдерді сомдады. Осы жылдары ол өзімен қатар өнер өлкесінде өрнек салып, талантымен танылған өмірлік жары  Әлия Арысбайқызын жолықтырды.  
Өнер сапарында бір жүрген олардың өмірлік мақсат-мүддесі де бір арнада тоғысты. Шаңырақ шаттығы мен театрдағы тамаша жетістіктер талант иелерін біршама биікке көтерді. Әрине, бұл үшін табиғи талант пен  төккен тер, үкілі үміт пен табанды төзім, сол секілді жұбайлар арасындағы сыралғы сыйластық та сеп болғандай...
Облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы драма театрда өмірінің сәулелі сәттерін өткерген өнер иелері өз еңбегінің лайықты бағасын алды. Айталық, осынау театр қабырғасында  бас режиссер, көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған Хұсейін Әмір-Темір «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанса, Әлия Арысбайқызы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын иеленді. Театр өнерінің талантты өкілі, әйгілі сахна шебері Хадиша Бөкееваның көңілінен орын алған әртіс Әлия Сыр өнерінің сахнасында табиғи талантымен танылып, көзі қарақты көрерменді талай мәрте тамсандырған еді...
Қорыта айтқанда, қос кітаптың мән-мағынасы театр өнерінің тарау-тарау жолынан тағылым түйген  өнер иелерінің өмірі жайлы ой толғайды. Демек, өмірден өз орнын іздеген жандарға бағыт-бағдар боларлық дүние.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
ҚОҒАМ 02 маусым 2018 г. 191 0