Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған шенеуніктер назарға ілікті

Қызылорда облысында 15 қызметтік автокөліктің қызметтен тыс мақсатта пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыровтың хабарлауынша, азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді блогерлер қызметтік автокөліктерді пайдалануды бақылауға алып, рейд жүргізген. Нәтижесінде 15 қызметтік автокөліктің қызметтен тыс мақсатта пайдаланылғаны анықталып отыр.
«Нақтырақ айтқанда, қызметтік мақсатта пайдаланылуы тиіс мемлекеттік мекемелердің автокөліктері мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін сауда үйлеріне, балабақшаларға, мектептерге тасыған. Осы жайттар рейдтік топтың назарына ілініп, тиісті шара қолдануы үшін ұсынымдар берілген», - дейді Бағдат Әбдіқадыров.
Айта кетейік, рейдтік топтағы азаматтық қоғам өкілдері бұл жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеп отыр.  


ҚОҒАМ 16 мамыр 2018 г. 315 0