Мұхтар Сеңгірбай: «100 жаңа оқулық» ұрпақ санасында серпіліс жасайды

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтар әсіресе ауыл баласы үшін зор қазына. «Ұлттық аударма бюросы» арқылы оқулықты аудару жобасына қатысты  Сүлеймен Демирел университетінің аға оқытушысы, саясаттану бойынша Философия докторы (PhD) Мұхтар Сеңгірбай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
Мұхтар Сеңгірбайдың айтуынша, аталған жоба болашаққа бағытталған бірнеше стратегиялық мақсатты орындайды. Ал оның қазақ қоғамына, Қазақстан халқының санасын оятып, дүниетанымын кеңейтуіне қосар үлесі жылдар өте келе айқындалады.
 «Біріншіден, оқулықтар әлемдік білімнің жауһарларын қазақ тілінде оқып, санасы азат ұрпақ өсіруіге мүмкіндік береді. Аударылып жатқан кітаптардың арасында орыс тіліне ешқашан аударылмағандары бар. Яғни, ағылшын тіліндегі тың дүниеге қазақтілді оқырманның қолы бірінші жетеді деген сөз. Бұл «жақсы кітаптың бәрі орыс тілінде болады» деген ойдан арылтады, яғни санада серпіліс жасайды. Бұл - әсіресе ауыл балалары үшін орны толмас қазына. Бұған дейінгі ұрпақтарда тәуелсіз сана қалыптастыруда мұндай ерекше мүмкіндік болған жоқ. Әрине, 18 оқулық әзірге теңізге тамған тамшыдай ғана. Бірақ, бұл - азат саналы ұрпақ қалыптастыруға жасалған маңызды қадам», - дейді Мұхтар Сеңгірбай.
 Сондай-ақ, аудармаға қатысқан ғалым бұл жобаның ерекшелегіне де тоқталады. Оның сөзіне қарағанда, жоба ғылымның түрлі салаларындағы академиялық стильді, терминологияны жүйелеп, бекіте түсуге мүмкіндік береді.
«Қазақ тілінде ғылыми тіл әлі де қалыптасып, дамып жатыр, бұл жоба осы процесті жүйелендіріп, кемелдендіре түседі. Осы оқулықтар негізінде білім алған жастар терминдерді жаңа үлгіде қолдана бастайды.  Үшіншіден, бұл жоба мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттырып, беделін нығайта түседі. Яғни, бұл - қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде орнықтыра түсудің ерекше қадамы.  Көп жағынан алып қарағанда, оқулықтарды аудару жобасы - алыс болашаққа бағытталған стратегиялық шешім. Және бұл істе тек мемлекеттің, "Ұлттық аударма бюросының" жұмысы жеткіліксіз болмақ. Бұл іске қоғам өкілдері атсалысып, үлес қосуы керек», - деп атап өтеді Мұхтар Сеңгірбай.
Еске сала кетейік, кеше  Астанада «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өтті. Шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.  
ҚОҒАМ 13 сәуір 2018 г. 219 0