СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп, небір тегеурінді қарсылықтарға қарамастан, қайда көп қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын қатты алаңдатып отырғаны анық. Ықылым заманнан бері өз шенін жоғарылату, ешбір қиындықсыз кез-келген нәрседен өтіп кету, болғанды болмағандай етіп шығару секілді көзбояушылық жемқорлықтың әрекеті.
Бұрын «жемқорлық», «пара», «сыбайлас» деген сөздерді естігенде құлағымыз елең ете қалатын еді, алайда, қазір оған құлағымыз үйреніп кеткендей. Адамдар осындай жайттарды көре тұра бір-біріне сенімсіздікпен, күдікпен қарайды. Кішкене қиындыққа тап бола қалсақ, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өткіміз келетіні ащы да болса шындық. Әйтсе де, бұл дертпен қоғам болып күресіп жатқанымыз белгілі. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, онымен күрес жүргізу – жалпы ұлттық міндет», – деген болатын.
Әрине, сыбайлас жемқорлық шауып тастайтын өсімдік емес, бұл тамырын тереңге жайған, қоршаған ортаның сау органдарын шырмап, тынысын тарылтатын қауіпті кесел. Кез келген тұлға біреуге сыйақы ұсынып жатқанында өзінің сыбайлас жемқорлыққа барғанын сезінбейді. Ол үшін ең маңыздысы өз ісінің оң шешімін тапқаны болып табылады. Сол себептен бұл күресте әр адам өзін психологиялық тұрғыдан дайын болғанда ғана бастаған жөн. Әрбір адам ар-намысы, абыройының алдында таза боламын деп өмірлік ұстаным ұстанса ешқашан жемқорлыққа жол бермейтіні анық. Сонымен қатар заң алдында барлығының мәртебесі тең екенін ешқашан естен шығармаған абзал. Президент Н.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауында «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың», дейтін нақты ереже айтылған. Демек, тәртіп – қатаң, заң – ортақ.
Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, жас мемлекетіміздің буынын берік ұстаймыз десек, уақыттан туындаған түрлі кеселдерден айығуды міндетті күн тәртібіне айналдырғанымыз жөн. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік отыз мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта парасат биігінен көрінуге тиіспіз.
Қанжарбаева Айгерім.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің Филология, тарих және құқық факультетінің 1 курс студенті.
ҚОҒАМ 12 сәуір 2018 г. 120 0