Қайсар мінезімен ерекшеленген

Әйел – ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, отбасының ұйытқысы. Осы бір екі ауыз сөздің өзінде қаншама нәзіктік, шексіз махаббат пен шынайы қамқорлық сезімдері байланысып жатыр емес пе?! Сөзімізге арқау болар аяулы нәзік жандардың бірі Қызылорда облысы ҚАЖ департаменті ЗК-169\5 түзету мекемесінің САТЖЖ бөлімінің босатылатын сотталғандарды тұрмыстық және жұмысқа орналастыру жөніндегі аға маман инспекторы, әділет майоры Әлтаева Райхан Әбілханқызы жайында болмақ. Ол, 1981 жылы 1 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық станциясында дүниеге келген. Алғаш мектеп қабырғасын аттаған сәттен бастап қайсар мінезімен қатарластарынан ерекшеленіп тұратын жігерлі жанның алған қойған мақсаты да айқын болатын. Мектеп қабырғасын үздік аяқтап, 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің « Тарих және құқық» факультетінің тарих, экономика және құқық негіздерінің мұғалімі мамандығын 2002 жылы аяқтап, 2003 жылы  ЗК-169/5 мекемесіне қызметке орналасады.
Қиындығымен қоса үлкен жауапкершілікті талап ететін құқық қорғау саласында ер азаматтармен бірге иық тіресе жүріп қызмет атқару қыз баласы үшін оңай шаруа емес екені анық. Алайда, өзіне тапсырылған қызметтік міндетті абыроймен атқарып, ұжымдастары арасында ерекше құрметке ие бола білген Райхан Әбілханқызы жұмысымен қатар жанұясын да назардан тыс қалдырған емес. 2002 жылы жүрек қалауымен Ғазиз Баймағамбет Нұртайұлы мен шаңырақ көтеріп, бүгінде  3 қыз, 1 ұл баланы дүниеге әкелген сүйікті жар, аяулы ана, ибалы келін. Абай Құнанбаевтың «Адамның адамшылдығы –ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы ұстаздан» – деген қанатты сөзін өмірлік ұстаным еткен кейіпкеріміз ұстаздарынан алған тәжірибесі мен қызметтің қыр-сырын өзінен кейінгі жас мамандарға көрсетуден жалыққан емес.  
Мекемеде 15 жылдан аса абыройлы қызмет атқарып келе жатқан білікті маманның алған марапаттары мен жеткен жетістіктері де жетерлік. Айталық кеше ғана 8 – наурыз «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталған Райхан Әбілханқызын мекеме ұжымы шын жүректен құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі.
А.Бакирова,
ЗК-169/5 мекемесінің
мемлекеттік тілде аудармашысы
ҚОҒАМ 12 наурыз 2018 г. 588 0