АЛАСАРМАС АБЫРОЙДЫҢ ИЕСІ

Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Өмір-өзенінің асау толқынымен алысып, қайсарлықпен өзінің бағытын айқындаған, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған білім саласының майталманы, еңбек және тыл ардагері Абызбай Маханбеттің өмір жолы осының дәлелі.
Абызбай ақсақал 1933 жылдың қаңтарында сол кездегі Тереңөзек ауданының Қызылту ауылдық кеңесіне қарасты «Майлықұм» ұжымдық шаруашылығында (қазір А.Тоқмағанбетов ауылы) дүниеге келеді. Жастайынан зеректігімен танылған ол Тереңөзектегі М.И.Калинин атындағы №35 орта мектепті күміс медальмен тәмамдайды. Сол жылы Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1953 жылы қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік дипломмен бітіреді. Сөйтіп Қазақ және Өзбек КСР Оқу министрліктерінің жолдамасы бойынша Өзбекстанның Бұхара облысындағы Кенимех ауданына аттанады. Онда С.М.Киров атындағы №1 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі және мұғалімі қызметін атқарып, СОКП қатарына қабылданады.
Көрші елде тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттырған А.Маханбет туған елге оралып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге атсалысты. Ол Тереңөзек ауданының Абай атындағы ұжымшар орталығындағы «Жаңаөріс» орталау мектебі мен «Тереңөзек» кеңшарындағы (қазіргі Шаған ауылы) БЛКЖО-ның 30 жылдығы атындағы №37 орта мектепте, ал 1958-1963 жылдары «Қараөзек» кеңшарындағы Н.К.Крупская атындағы сегізжылдық мектеп пен №39 «Қызылөзек» орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып істейді.
Білім саласындағы елеулі еңбегі ескеріліп, Абызбай Маханбет 1963 жылы партиялық қызметке жоғарылайды. Қоғамдық саяси жұмыстарға белсене араласады. Сырдария селолық өндірістік партия комитетінің идеология бөлімі нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімі, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.
Партиялық саяси науқандарды сәтті жүргізе білген Абызбайға шығармашылық идеологиялық қызметтің тізгінін ұстатады. Ол 1978-1992 жылдары Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы болады. Жемісті шығармашылық қызметтен халық депутаттары Кеңесінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысып, осы жерден зейнеткерлікке шығады.
Зейнет жасына жетсе де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, аудандық мәслихаттың депутаттарымен және тұрақты комиссиялармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, тұрақты комиссия төрағасы қызметін атқарады.
А.Маханбет Сырдария ауданының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Ол аудандық партия комитетінің пленум және бюро мүшесі, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, 1965-1993 жылдар арасында Халық депутаттары аудандық Кеңесінің депутаты және 1994 жылы бірінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланады.
Ол әлденеше рет облыстық және аудандық партия, комсомол конференцияларына, Қазақстан Журналистері съездеріне делегат болды. 1981 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, осы одақтың облыстық ұйымыны басқарма мүшесі атанды. Сонымен қатар, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағалығына сайланып, қоғамның құрылуына, қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
2000-2006 жылдары Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі болды. Облыста тұңғыш рет ардагерлер арасында өткен «Ақ бата» мүшәйрасында жеңімпаз атанып, жүлделі үшінші дәрежелі дипломды иеленді.
Абызбай Маханбеттің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі лайықты бағасын алды. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына», «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы мерекелік медальдарымен, «Қызылорда облысына 70 жыл», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 75 жылдығына орай «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» және «Үздік түлек» медалімен, ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Сондай-ақ, халық депутаттары облыстық кеңесінің, одақтық, республикалық, облыстық кәсіподақ, комсомол комитеттерінің, Қазақстан Журналистер одағының, көптеген газет редакциялары мен қоғамдық ұйымдардың «Құрмет грамоталарына» және төсбелгілеріне ие болды. Аласармас абыройға ие азаматқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Халқының нағыз жанашыр перзентіне айналған Абызбай ақсақалдың зайыбы марқұм Күлжан анамыз да инабаттылығы, мейірімділігі төгілген жан еді. Елге үлгілі отбасы, сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан өрген 27 немере мен 23 шөбере – атасы мен әжесінің жолын жалғаған өрендер. Олар түрлі мамандық игеріп, халқына адал қызмет етуде.
Өмірде жақсының аты ісімен, өнегесімен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені, халықтан асқан көреген жоқ. Қашан да қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді. Бүгінгі таңда бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айналып отыр.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.
ҚОҒАМ 06 қаңтар 2018 г. 183 0