Мәдина Ералиеваның даусын айнытпай салатын келіншек жайлы не білеміз? (видео)

Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде Мәдина Ералиеваның даусынан айнымайтын, белгілі өнер иесінің әндерін тамылжыта шырқап жүрген келіншектің видеосы тарап кеткен еді. Белгілі болғандай, нәзік жанды ару - Шығыс өңірінің тумасы әрі атақты Жәнібек Кәрменовтің туысы болып шықты деп хабарлайды Егемен Қазақстанға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Назым Мұқанбаева бүгінде ШҚО Үржар ауданында тұрып жатқан көрінеді. Семейдегі музыка колледжін тәмамдаған ол жергілікті мектептердің бірінде әннен сабақ береді екен.

Отбасы, жұмыс деп өнерден ерте қол үзіп қалған өнерпаз бір кездері Мәдина Ералиеваның өзінің батасын алғанмын дейді. Бұдан бөлек, белгілі әнші Мақпал Жүнісова да Назымға қолдау көрсеткен.

"Мадина Ералиева гастрольдік сапармен Семей өңіріне келіп, концерт береді. Ол кезде менің дауысым қазіргідей емес, бала дауыс болатын. "Егер де сен өзіңнің тұрақты дауысыңды тауып, болашақта мықты әнші болғың келсе міндетті түрде Алматыға бар" деп ақыл-кеңесін айтты", - дейді өнерпаз келіншек.

Әңгіме барысында әнші ұстаз бүгінде түрлі ұсыныстар түсіп жатқанын да алға тартқан. Талантты арудың өнеріне тәнті болған Бердібек Сапарбаевтың өзі кезінде Назымды талай рет концертке шақыртыпты.

"Өскеменнің әншілері Ресейдің Барнаул қаласына баратын болып, Бердібек Мәшбекұлы оған да шақыртты. Жұмыс, отбасы жағдайымен соның ешқайсысына бара алмадым. Өнерден гөрі отбасына көп көңіл бөлгенім рас. Кейде ойлаймын, сол кезде облыстағы концерттердің бәрінен қалмасам, қазір Өскемендегі бір мекемеде немесе мәдениет үйінде жұмыс істеп жүрер ме едім деп. Өзімді өзім бағаламаған секілдімін. "Әттең-ай, уақытымды өткізіп алыппын" деп кейде өкінетінім бар", - дейді таланатты әнші.

Бір қызығы, Шығыстың Ералиевасы дәстүрлі ән өнерінің майталманы атақты Жәнібек Кәрменовтің туысы болып шықты. Жыр дүлдүлінің анасы - Назымның атасының қарындасы екен.


https://www.youtube.com/watch?v=cQTakai1KGo ​​​
СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 18 сәуір 2018 г. 623 0