Тұтынушы мүддесі әрдайым қорғалады

Газет тілшісінің Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы  Гүлмира Өтегеновамен әңгімесі бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған тұтынушылар құқығын қорғау тақырыбына арналады.

– Гүлмира Сейітбекқызы, бізге мәлім болып отырғанындай, монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексереді және оның  нәтижелері бойынша шешім қабылдайды. Сіздер осы орайда қандай негіздерге сүйенесіздер? 

– Монополияға қарсы органға Қазақстан Респуб­ликасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңна­масының бұзылуы туралы мәліметтердің келіп түсуі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады. Оларға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы көрсетілген мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін көрсететін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші, тағы басқалар жатады.

Қазіргі таңда, негізінен мемлекеттік органдардың материалдары мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің келіп түсуі бойынша заң бұзушылық белгілері анықталады. Мәселен, ағымдағы жылы 34 өтініш келіп түсіп, кейбір өтініштердің негізінде Қазақстан Респуб­ликасы Кәсіпкерлік кодексінің нормалары шеңберінде нарық субъектілері мен мемлекеттік органдарға  тергеп-тексерулер ашылды және іс-әрекеттерінде заң бұзушылық белгілерінің бар екені туралы хабарлама жіберілді.

  – 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша қандай тексерулер жүргізілді? Оның ішінде қандай салалар бойынша қоз­ғал­ды және нендей шешімдер қабылдан­ды? 

– 2017 жылы 15 нарық субъектісіне қа­тыс­ты 4 тергеп-тексеру жүргізілді. Атап айтқанда, олар мұнай өнімдерін және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу нарығына, сауда орындарын жалға беру нарығына және 1 мемлекеттік органға қатысты тергеп-тексерулер.

Сондай-ақ, 2018 жылы 7 тексеру жүргізілді. Оның ішінде мемлекеттік органдарға қатысты 5, мұнай өнімдерін және көмір тауарын бөлшек саудада өткізу нарықтары бойынша 16 нарық субъектісіне қатысты тексерулер жасалды.

Қорытындылары бойынша кейбір нарық су­бъектілері мен мемлекеттік органдарға қа­тысты 13 әкімшілік іс қозғалды және бәсеке­лестікті қорғау саласында заң бұзушылықтарды жою туралы 9 нұсқама енгізілді.

–    Сіздердің департаменттеріңіз ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес қандай жағдай­ларда нарық субъектілері немесе мемлекеттік органдарға заң бұзушылық белгілері бар екендігі туралы хабарлама жібере алады? 

– Аталған кодекстің 199-бабына сәйкес, мо­нополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргізбестен, нарық субъектісіне, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымға әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің бар екені туралы хабарлама жібереді.

Сондай-ақ, 2017 жылы департаментпен 13 хабарлама жіберілсе,  биылғы  жылы осы кезге дейін 8 хабарлама жіберілді. Осы хабарламалар бойынша орындалмағандарына департаментпен  ҚР Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес, тергеп-тексеру ашылды және тиісті шаралар қабылданды.

– Әдетте, мемлекеттік органдар тарапынан бәсекелестікті шектейтін қандай іс-әрекеттерге жол беріледі? 

– Көптеген жағдайларда мемлекеттік жергілікті атқарушы органдар тарапынан нарық субъектiлерiнiң тауар нарығына кiруiне, тауар нарығына шығуын шектеуге немесе одан нарық субъектілерін ығыстырып шығаруға, нарықтың жекелеген субъектiлерiне оларды бәсекелестеріне қатысты артықшылық жағдайға қоятын жеңiлдiктер немесе басқа да артықшылықтар беруге немесе бәсекелестермен салыстырғанда қызметтерінде қолайсыз немесе кемсітушілік жағдайлар жасауға, нарық субъектiлерiн шарттарды басымдықпен жаса­суға, тауарларды тұтынушылардың белгiлi бiр тобына бiрiншi кезекте беруге не тауарларды белгiлi бiр сатушылардан (өнiм берушiлерден) бiрiншi кезекте сатып алуға тiкелей немесе жанама мәжбүрлеуге жол беріледі.

Мысалы, «Ақирек ауылдық округі әкімінің аппараты», «Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі», «Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» бір көзден тікелей келісімшарт арқылы ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы (ИДЖБ) аясында өндірісаралық каналдар үшін жерге орналас­тыру жұмыстарын жүргізу мен сәйкестендіру құжаттарын дайындау бойынша заңсыз түрде мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізген.     

Осылайша, мемлекеттік органдар тарапынан нарық субъектiлерiнiң тауар нарығына кiруiн шектеу және нарықтың жекелеген субъектiлерiне оларды бәсекелестеріне қатысты артықшылық жағдайға қоятын жеңiлдiктер жасауға немесе басқа да артықшылықтар беру орын алып отыр.

Мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік ко­дек­сінде қарастырылған бұзушылық белгілері анықталды.  Осыған байланысты, мемлекеттік органдарға қатысты Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңна­масының бұзылуын жою және бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерді жасау туралы нұсқамалар жолданды.

Сонымен қатар, қазіргі таңда «Шиелі аудан­дық ауыл шаруашылығы бөлімі» КММ қатысты осыған сәйкес тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Әңгімелескен:

Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 06 қазан 2018 г. 425 0