АЙМАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өңірге инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі инвестициялық кеңестің отырысы өтті. Мұнда алдымен «Баласауысқандық» кен орнында  «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөнінде «Балауса процессинг Компани» компаниясының директоры Андрей Кузнецов баяндады.
– Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда жобаның 2-кезеңі жүргізілуде. 2016 жылдан бастап компания өз өнімдерін Тайвань, Ресей, АҚШ және Ұлыбританияға экспорттап жатыр. Осы жылдың 7 айында құны 658,2 млн теңгені құрайтын 120,9 тонна аммоний метаванадатын экспорттадық, – деді компания басшысы .
2016 жылдың қараша айында Лондонда «Ұлыбритания-Қазақстан Рес­пуб­ликасы»  үкіметаралық ко­мис­­сия­сының отырысында «Бала­сауыс­қандық» кен орнында қара тақ­­татасты автоклавты өңдеу» ин­вестициялық жобасын жүзеге асыру келісіміне қол қойылды. Нәти­же­сінде, инвестициялық жобаның ІІ және ІІІ кезеңдерін іске асыруға «Ferro-Alloy Resources Limited» компаниясы тарапынан 125 млн доллар көлемінде қаржыландыру туралы шешімі қабылданды.
Облыс басшысы комбинат құры­лы­сын тездетіп бастау қажет­тігін жет­кізді. А.Кузнецов жер қой­науын пайдалану жөніндегі ми­нистр­­ліктермен арадағы жасалатын келісімді ұзарту мәселесінде кей­бір қиындықтар туындауына орай құрылысты бастау кешеуілдеп жат­қанын айтты.
Облыс әкімі аталған келісімді ұзар­­ту мәселесін тездетіп шешуде бар­­­­лық тиісті көмек көрсету туралы ай­­­мақтық органдардың басшыларына  тапсырма берді. Ал компания бас­­­­­шысына алдағы күндері құрылыс кес­­те­сін жасап, ұсынуды есіне салып өтті.
Бұдан соң басқосуда жаңа ин­вестициялық жобалар туралы хабарламалар берілді. «Қуаттылығы 10 МВт күн-электр станциясын салу» инвестициялық жобасы туралы болгариялық «ХидроЭнерджи Компани» компаниясының бас директоры Владимир Табутов әңгімелеп берді. Ол әуелі өз компаниясының әлемнің көптеген елдерінде күн-электр станцияларын салу тәжірибесі бар екенін атап өтті. «ХидроЭнерджи Компани» көктемгі аукционның қорытындысымен ҚР Энергетика министрлігінің тізіміне электр қуа­тын өндіретін компания ретінде ен­гізілсе, жазда қуаттылығы 10 МВт  күн-электр станциясын салу жөнінде облыс әкім­дігімен келі­сімге қол қойды. Жо­баның құны – 9 млн доллар. Құры­лыс кезінде 65 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаны 2019 жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс кезінде Жаңақорған ау­­данынан қажетті электр энергия­сын сатып алу жөнінде келісім жасалған.
Облыс әкімі осы орайда Жаңа­қорған ауданы мен облыстық жер қаты­настары басқармасының басшыларына күн-электр станциясы орналасатын жер учаскесіне қатысты барлық мәселелерді тездетіп шешіп беруді тапсырды. Ал инвесторға жобаның белгіленген мерзімде аяқ­талуы қажеттігін ескертті.
Қызылорда қаласында мұнай мен ілеспе газды өңдеу арқылы «А-95» жоғары маркалы бензин мен дизель отынын өндіретін зауыт салынатын болады. Бұл туралы осы жобаны жүзеге асыратын «GTL-Қазақстан» ЖШС-ның атқарушы директоры Вячеслав Бернян ақпарат берді. Жо­баның жалпы құны – 892 млн теңге. Оның құрылысына 15 жұмысшы тар­тылатын болса, іске қосылғаннан кейін 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Зауыттың жылдық өнімі 20 мың тоннаны құрайды.
Компания өкілі жобаны жүзеге асыру үшін индустриялық аймақтан берілген орында  барлық коммуникациялар жүйесі ретімен жасалғанына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге жақын арада қаржыландыру мәселесін толық шешіп болғаннан кейін  жобалық құжаттарды дайын­дап, ол біткен соң құрылысты бас­тай беретінін мәлімдеді. Осы жұ­мыс­тардың барлығы 17 айға жуық уақыт аралығында орында­лып бі­те­­тін болады. Инвестор сон­дай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен шикізат жөнінде келісімдер жасал­ғанын  жеткізді. Ал зауыт іске қосылғанда бензин мен дизель отынынан бөлек, басқа да қоспа түрлері өндірілетін болады.
Осы ретте облыс басшысы газ бай­лығымыз саналғанымен, тәуел­сіздікке ие болғаннан  бері эко­номи­камыз үшін жұмыс істеп келе жатпағанына назар аударды. Оның басты себебінің бірі – газ бағасының реттелмеуі. Ай­мақ басшысы алдағы уақытта бұл мәселені жоғары деңгейде көтеруді және Тюменьде болғанда осы жоба­­ның ұнағанын, оның біздің айма­ғымыз үшін маңызды екенін айтып, жобаны жүзеге асыруға сәттілік тіледі.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Экономика 30 қыркүйек 2018 г. 488 0