ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚҰРЫЛДЫ

Қызылордалық рестораторлар мен кондитерлер қауымдастығы құрылды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова айтты, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

2018-2019 жылдарда негізгі басымдықты салалық қауымдастықтарды дамытуға береміз деген кеңес төрайымы бұл бағытта жұмыстардың басталып кеткендігін де жеткізді.

Рестораторлар мен кондитерлердің қауымдастыққа бірігудегі мақсаты – қоғамдық тамақтану орындарына білікті маман даярлау, қалыптастыру. Мұны құру туралы шешімді Ерлан Раимов, Ақмарал Әбдіразақова, Огай Василий бастаған облысқа белгілі кәсіпкер-рестораторлар ұйғарған.

Құрылған рестораторлар мен кондитерлер қауымдастығын ресми тіркеу мақсатында құжаттары жинақталып жатыр. Қауымдастықтың төрайымы болып «Мақсұт» мейрамхана кешенінің директоры Ақмарал Мақсұтқызы Әбдіразақова сайланса, мейрамхана бизнесі жөніндегі кеңесшісі болып «Раим» ЖШС директоры Ерлан Раимов, ал кондитерлік сала бойынша кеңесшісі болып «LOFT» мейрамханасының басшысы Огай Василий бекітілді.

Жаңа қауымдастық көршілес Шымкент қаласындағы әріптестерімен, нақ­тырақ айтқанда, HoReCa Kazakhstan өкіл­дігімен бірлесе жұмыс жасамақ. Бұл әріп­тестік қауымдастық мүшелеріне білік­тілігін жетілдіруге арналған семи­­нар-тренингтерге, форумдар мен кон­ференцияларға және өзге де шараларға қолжетімді бағада қатысуға, яғни жеңілдіктер береді. Мәселен, жақында қызылордалық рестораторлар осы әріптестік аясында қазан айының соңында Алматы қаласында өтетін қоғамдық тамақтану орындары басшыларының бірінші конференциясына қатысуды жоспарлауда.

Облыста жаңа құрылып жатқан қауымдастық мүшелері жақын күндері өңірдегі мейрамхана бизнесімен айналысатын әріптестерімен кездесіп, қауым­дастық жұмысының бағыт-бағдарын анықтап алуды ойластырып отыр.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманованың айтуынша, облыста мұнан өзге даяшылар мен бармендердің, администраторлардың мектебін құру да жоспарда бар. Ол үшін қазір нарықтың сұранысы зерттелуде.

«СБ» ақпарат.

Экономика 18 қыркүйек 2018 г. 92 0