Ішкі жалпы өнім өсімінің болжамы өзгерді

 Соңғы уақытта эконо­ми­ка­дағы күтпеген тосын жағ­дай­лар салдарынан АҚШ доллары­на қатысты теңге бағамы біршама құнсызданғаны мә­лім. Осыған орай Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Қазақс­танда 2019-2020 жылдары инфляция деңгейі 6-8% дә­ліз­дің жоғары шегінде қалып­тасатынын мәлімдеді. Банк төрағасы бұл орайда 2018 жы­лы инфляцияның бұрынғы кө­лемде қалыптасатынын, ол одан кейінгі жылдары өсімнің жоғары деңгейде болатынын айт­ты. 

Д.Ақышев оның себептерін Ресейге қарсы жария­ланған санк­ция­лардың, осыған орай теңгенің құнсыздануы, әлеу­меттік шығындардың, несие көлемінің өсімі салдарынан болып отырғанымен түсіндірді. Банк төрағасы тамыз айында инфляцияның өсімі 0,2% болғанын, оған азық-түлік емес тауарлар бағасының қым­бат­тауы әсер еткенін мәлім­деді. Қабылданып жатқан ша­ра­ларға қарамастан, сарапшылар Қазақстанда инфляция өсімінің алдағы жылдары бол­жанған көлемінен жоғары болатынын атап көрсетеді.

Сондай-ақ, Ұлттық банк бол­жамына сәйкес Қазақс­танның ішкі жалпы өнім өсі­мі 2018-2019 жылдары тиі­сін­ше 3,5 және 2,6 процент бо­лады. Болжамға сәйкес 2018 жылы өсім негізінен іш­кі тұтыну көлемінің және тұ­тыну несиелерінің берілу көлеміне қарай қалыптасатын болады. Керісінше, 2019 жы­лы экономика өсімі баяулайды, себебі оның өсіміне қатысты жоғарыда аталған алғышарттар азаятын болады.

Сонымен бірге Ұлттық банк болжамы бойынша Қа­ша­ғанда мұнай өндіру көле­мінің өсімі Қазақстанның экс­порт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк Қазақс­тан экономикасының бұрынғысынша сыртқы факто­рларға әсері мол екенін атап көрсетеді. Мұнай бағасы әзірге экономиканың өсіміне басты әсер ететін факторлардың бірі болып қала береді.

Үстіміздегі жылдың ­1 қыр­­күйегіне алдынала есеп бойын­ша Қазақстанның ха­лық­аралық резерві 87,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің бас­пасөз қызметі хабарлап, бас қаржы ұйымының алтын-валюта қоры үсіміздегі жылдың 8 айындағы дерек бойынша 30,8 млрд доллар болғанын мәлімдеді.

Экономика 15 қыркүйек 2018 г. 529 0