БҮГІНГІ ӘЛЕМ және ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ

Сарапшылардың соңғы зерттеулері нәтижесіне сүйенсек, әлемдегі 1 пайыз өте дәулетті адамдардың табысы өзге халықтың жиынтық табысының көлеміне теңесіп қалды. Әлемдік дағдарыстан кейін 2015 жылы бүкіләлемдік жалпы ішкі өнім 3,1 пайызға ғана өссе, сол уақытта ең бай адамдардың табысы 2010 жылдан 13 пайызға артқан. Көптеген сарапшының пікірі осы экономикалық сын-қатер ең негізгі қауіп – ғаламдық экономиканың өсіміне нұқсан келтіреді дегенге саяды. Осы орайда Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Б.Садықов орнықты пікір айтады. Әлемдік экономикалық форум бұл сын-қатерді түбегейлі зерттеу мен оның әсерін азайту үшін арнайы құрылымдық реформалар қажет екенін атап көрсетті. Осыған орай капиталистік қағидаларды реформалау халықаралық деңгейдегі күн тәртібінде тұрған өзекті тақырып екенін байқап отырмыз.
Қазақстан қазір әлемдегі қызу бәсе­келестік жағдайында дамыған елдердің отыздығына кіруге бағытталған стратегияны сәтті жүзеге асырып келеді. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жыл­­дары елдегі көлік-логистикалық инфра­құрылым жақсы дамып, ин­дустрия­ландыру қарқын алып келеді. «Қазақ­стан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясында негізделген құрылымдық реформалардың арқасында 200 мыңнан аса жұмыс орны ашылып, жалпы ішкі өнімнің 2017 жылғы өсімі 4 пайызды құрады. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіш те осы шамалас болады деп күтілуде.
Қазақстан экономикасы әлемдік экономиканың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Сондықтан ондағы кез келген өзгеріс экономикаға әсер етеді. Сарапшылар пікірінше, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары белгілі бір дәрежеде қиындықтар туындатып отыр­ған сыңайлы. Дегенмен, Ресей еліміздің бас экономикалық әріптесі екеніне қарамастан, бұл санкциялар Қазақстан экономикасына елеулі нұқсан келтіреді деп айтуға болмайды. Қазақстан мен Ресей компанияларының арасындағы өзара инвестицияның көлемі 11 млрд АҚШ долларын құрады. Ресейге са­лынған санкцияның Қазақстанға әсер ететін салдары – рубль курсының тө­мендеуі. Мұндай әсердің болуы заңды, өйткені Еуразиялық эко­номикалық одақ жалпы ішкі өнімінің 85 пайызы – Ресей экономикасына тиесілі. АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда соғысы  аталған елдердің маңызды салалары тауар өткізетін нарық іздеуде қиындықтарға кездесіп жатыр. Өзара сауда санкция­лары металдардың әлем­дік құнына кері әсерін тигізеді. Осы­ған байланыс­ты Қазақстан әлемдік жағдайды жіті қадағалап, металлургия саласындағы өнімділікті арттыруы қажет.
Сондай-ақ, сарапшы, әлемдік сын-қатерлерге қайта орала отырып, әлемдік жасыл және цифрлы экономика нарығы әлемдік экономика құрылымындағы үлесін арттыруға бағытталған серпілісті идеяларды қажет етіп тұрғанын атап өту қажет деп санайды. Алайда, осы сын-тегеуріндерге бейімделу – бәсекеге қабілеттілікті сақтауға қажетті шара. Цифрландыру бағытында Қазақстанның жеткен нәтижесі жаман емес. Біздің ел еуразиялық кеңістікте алғашқылардың бірі болып электронды үкімет жобасын қолға алды, сондай-ақ интернет инфрақұрылымы 5 жыл бұрынғы көр­сет­кіштермен салыстырғанда, әлде­қайда жақсарған. Мәселен, 2017 жылы 4G мобильдік интернетімен халықтың 70 пайызы қамтылған. Дегенмен, Қа­зақстанның атқарар шаруасы әлі де көп, өйткені өзге елдер де орнында тұрған жоқ. Мәселен, Жапония сынды технологиялық тұрғыда жақсы дамыған елде, жапондық компаниялардың белсене қатысуымен «Цифрлы қоғам 5.0» тұжырымдамасы қарқынды түрде жү­зеге асырылуда.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Оразғали Селтеевтің пікірінше, қазір цифрландыру мұнай саласына шоғырландырылуы керек.
– Бүгінде қазақстандық экономиканы модернизациялау бағытында белгіленген міндеттер қалыптасқан сын-қатерлерді дәл айқындайды. Оның үстіне, әлемдік деңгейдегі өзгерістер отандық экономиканың даму бағытына түзету енгізу қажеттігін де көрсетіп тұр, – дейді ол. – Бұл сын-қатерлер әлеу­­меттік-экономикалық үлгінің құры­лымын түбегейлі өзгертеді.
Ең алдымен мәселе Қазақстанның негізгі экспорт тауары болып табылатын минералды ресурстар мен мұнай бағасының құбылуын ескере отырып, экономиканы әртараптандыру туралы болып отыр. Алдағы 20 жылда энергия тасымалдаушылардың әлемдік нарығын түбегейлі бетбұрыс күтіп тұр. Қуатты пайдалану көлемі 1,5 есе ұлғаяды. Алайда мұнайдың қуат көздері құрылымындағы үлесі 26 пайызға дейін төмендейді. Салыстыру үшін айтсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш 33 пайыз болды. Дегенмен, мұнай сұранысқа ие шикізат көзі болып қала береді. Қазақстан бюджеті кіріс бөлігінің 30-40 пайызы мұнай жобаларынан түсіп отырғанын түсінуіміз керек. Бұл ретте дәл осы экономикалық сала мен онымен байланысты салалардың тиімділігін арттыру мәселесі туындайды. Сондықтан экономиканың еңбек өнімділігін арттыру мен өнімнің өзіндік құнын төмендетуі тиіс цифрландыруға бағытталған векторы – дәл осы секторға шоғырлануы керек.
Қазақстан  бірқатар сарапшылардың пікірінше, қайта қалпына келетін энергия көз­дерінің қолданыс аясын кеңейтуге қа­тысты бағытты дамытуды айқындап қойған. 2050 жылға қарай, қайта қалпына келетін қуат көздері елдегі өндірілетін жалпы электр энергияның 50 пайызын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, бүгінгі күні қайта қалпына келетін қуат көздерінің жалпы үлесі төмен болып тұр.  
Кез келген геоэкономикалық фактор мен әлемдік державалар арасын­дағы қарым-қатынастың нашарлауы еуразиялық кеңістіктегі және аймақ­тағы сауда-экономикалық қатынастарға әсер ететіні анық. Қазақстанның әлем­дік және аймақтық сауда-саттық жүйе­сіне мықтап енгенін ескерсек, алпауыт елдер арасындағы бұл құбы­лыстың бізге тигізер ықпалы болады.  Кез келген санкциялық текетірестер сауда-саттықтың тиімділігі мен та­быс­тылығын төмендетіп, кедергі келтіреді. Ресейге салынған санкциялар қазақстандық бизнес үшін кешенді сын-тегеурін болып тұр. Оның әсері санкция салынған ресейлік компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатқан отандық кәсіпорындар үшін тәуекелдің артуынан білінеді. Бұл ретте Ресейге салынған санкциялар ұзақмерзімді, олар уақыт өткен сайын артып отырады. Нәтижесінде, санкциялардың кезекті бір толқыны қазақстандық бизнесті міндетті түрде жанап өтеді. Екінші жағынан қазақстандық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады: экспортқа шығатын тауарлардың қатарын көбейтіп, ресейлік импорт алмастыру бағдарламасына қатыса алады. Бұл алдағы уақытта экономиканы әртараптандыру бағытындағы маңызды қадам болып саналады.

Дайындаған
Ж.ӘЛМАХАН.
Экономика 12 шілде 2018 г. 132 0