ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛЫ ЭКОНОМИКА – БАТЫЛ ОЙДЫҢ ЖЕМІСІ

ХХІ ғасыр, әсіресе оның екінші онжылдығы әлемде аса жылдам оқиғалармен, күрт өзгерістермен, сонымен бірге қарама-қайшылықтармен басталды. Жылдамдықтың екпіні күшті болғаны соншалық, тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын үйреншікті болған қағидалар бүгінге өлшем бола алмай қалды. Айталық, әлемде 2015 жылы басталған дағдарыс әлі де жалғасуда. Оның салқыны қазір басыла қойған жоқ. Тіпті, 2017 жылдың өзі буырқанған саяси оқиғаларға толы болды. 

Алдымен бүгінгі айтпағымды өзімнің 2012 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақс­танның жаңару үдерісі немесе біз әлеуметтік бағдар­ланған экономика ұғымын қа­лай түсінеміз?» атты мақа­ладан бас­тауды, осыған орай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік оқиғаларға қатысты көзқарасын атап көр­сеткім келеді. Себебі бұл тұрғыда Мем­лекет басшысының айтқан тұжы­рымдары көбіне- көп бүгінгі өмірмен сабақтасып жатқанын ай­туға тиіспіз.

Иә, ХХІ ғасырда орын алған қара­ма-қайшылықтарға толы сая­си оқиғалар бүгінге дейін тұтас ұр­пақтың санасында қалыптасып, сіңісті болып кеткен ұғымдарға өзгеріс енгізе бастады. Ал біз осы өзгерістерді қабылдауға дайынбыз ба? Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында біз қаншалықты өз­гер­­дік? Қандай қоғам құра алдық? Оның басты құндылығы неде? Президент әрдайым осы сауалдарға тұшымды, байсалды жауап бере отырып, әлемдік жа­һан­дану үде­рісінің тым жылдам дамып келе жатқанын, ал ол біз­дің ойлау жүйе­міз қабылдай қой­майтын талаптарды алға шы­ғарғанын ай­рықша атап көр­сетеді. Атап көр­сетіп қоймай, бар­лығымызды нем­кеттіліктен, бой­күйездіктен, ма­сыл­дықтан, ша­ла­ғайлықтан, үстірт іс-қимылдан сақтандырады.

Біз әркез Елбасының мем­ле­кет дамуының әртүрлі дәуірінде айтқан сөздеріне уақыт өте келе қайта оралып, оны бүгінгі күннің жағдайымен салыстырып, жаңа кезең тұрғысынан бағамдап ке­ле­міз. Осы арқылы Мемлекет бас­шысының белгілі бір кезеңде әрбір қазақстандыққа арналған сөзінің кейін уақыт өте келе өмір шындығына айналғанына көз жет­кіземіз. Осы орайда Елбасының сонау бір тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында «Қазақстан әлеу­меттік бағдарланған мем­ле­кет» деген тұжырымды алғаш рет көпшілік назарына салғаны әлі жадымыздан шыға қойған жоқ. Мәселен, теория  жүзінде Скандинавия ел­­дері тұрмыстың әлеуметтік бағ­дарына бейімделген мемлекет ретінде аталғанымен, олардың та­биғаты бұрынғы біздің ұғы­мы­мыздағы теңгермешілікке не­гіз­делген қоғамның қатарына жат­пайды.   Қысқасы, рынок дей­тін қоғамдық қатынастар дәуі­рінде бұрынғы кел­меске кеткен теңгермешілік үрдіс­ті қайта әкелудің қисы­ны жә­не ке­ліңкіремейді. Осы­ған қара­мастан Қазақстан Прези­дентінің мұндай батыл ой-тұжы­рымдарға баруының себебі неде?

Біз кейін ілгері басқан қада­мымызға тұсау болған, талай келең­сіздіктерді тудырған бірнеше әлем­дік дағдарыс сәттерінде «әлеу­меттік бағдарланған мем­лекет» деген түсінікті ұмыта қой­мағанымызбен, ол туралы ойы­мыз көмескі тарта бастады. Уақыт өте келе қиыншылықтар артта қалды. Ел еңсесін көтерді. Әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуына, не­сін жасырамыз, шикізат рыно­гын­дағы қолайлы ахуалдың оңды әсері болғаны да шындық. Алайда Қазақстан бюджетінде қа­лыптасқан оңтайлы жағдайға бір ғана мұнай бағасының көте­рілуі емес, сонымен қа­тар ел­дегі тұрақтылықтың, осы­ның әсе­рі­нен шетелдерден тар­тылған инвестициялардың ықпа­лы бол­ғанын, ал осы игілікті шара­лардың басы-қасында Елба­сы­ның тікелей өзі жүргенін тағы да айтуымыз керек. Қазақстан сөйтіп, қиын асуларды игерді, күрделі кезең­дерден өтті. Еліміз үшін қолайлы кезең туды. Міне, осы сәтте Елбасы әлеуметтік бағдарланған мемлекет туралы тағы да батыл ой қозғады. Әрбір қазақстандықтың болашағы туралы жаңа уақыт туғызған тұжырымдамалық ойды біздің әрқайсымыздың санамызға қайта сіңіре бастады.    

Алайда, Президенттің әрдайым өзі атап көрсетіп жүргеніндей, сая­сатта, экономикада әлеуметтік бағ­дар ұстану ма­сылдық пиғылмен ұш­таспауы тиіс. «Мемлекеттің стра­тегиясы әлеу­меттік қорғаудан әлеу­меттік прог­реске бағытымен құ­ры­лады. Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді білдіреді. Тек осындай жағ­дайда ғана Қазақстан қоғамы патернализм инерциясын жеңе алады» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.  «Патер­на­лизм» (латын) – үлкеннің кішіні,   яғни ағаның ініні, халықаралық жағдайда үлкен мемлекеттердің әлсіз мемлекеттерді қамқорлыққа алу ұғымын білдіреді. Ал, шындығында, кейде саясатта мұндай қамқорлықтың астарында небір қитұрқы, жымысқы әрекеттердің жататынын да жасыруға болмайды. Қамқорсу арқылы сол мемлекеттердің ішкі ісіне араласу, одан әрісі тәуелсіздігіне қол сұғудың ауылы да алыс емес екенін әрдайым есімізде ұстауымыз қажет. Егер біз Президенттің астарлы сөзіне терең үңілсек, осы ойды аңғарар едік. Бүгінгідей жаппай жанкешті бәсекеге ұласқан жаһандану дәуірінде сыртқы әлемнен оқшауланбай, сонымен бірге саналы еңбек арқылы тәуелсіздігімізді нығайту әрбір қазақстандықтың қа­сиет­ті борышы болып табылады. Президент астарлы оймен бізге осыны түсіндіреді. Жаңа­ша ойлау жүйесімен өмір сүруіміздің қажеттілігін алға тартады.

Экономиканың әлеуметтік бағ­дарының іргетасын Президент  нақты істермен қа­лап келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін елімізде елді мекендерге са­палы ауызсу жеткізу, электр қон­дырғыларын, байланыс, жол инфра­құрылымын жаңар­ту, тіпті әр­кім­нің жеке мен­шігіндегі көпқабатты үйлерді қайта жаңғырту бағдарламаларының өзі мемлекеттік қол­даудың, жай қолдау емес, бюд­жеттік субсидиялау арқылы қол­даудың керемет, тіпті әлемде сирек кездесетін үлгісі болып табылады. Осының барлығы Қазақстанды әлеу­меттік бағдарланған мемлекет деп атауға толық негіз қалайды. 

Экономика заңдылығы да жалпы жаратылыс заңы секілді егер өз ор­нына дұрыс пайдаланбаса, ол да мейірімсіздік танытады. Сол сияқты біз де экономика заңдылығына ба­ғынбай, өз санамызда субсидиялауға сүйен­ген өмір сүру дағдысын қа­лып­тастырып, бұл келеңсіздікті бойы­­мызға сіңіріп алсақ, одан өткен қауіп­ті ештеңе болмайды. Елбасы әр­дайым осыдан сақтандырады, Қазақс­тан жағдайында біздің әрқай­сымыздың төл міндетімізді айқындап береді. Ал өкінішке орай, бізде, яғни экономикада еңбектің үлгісін таны­тып, масылдықтан арылу орны­на жал­пыға бірдей жалқаулық, керен­аулық үрдісі үйреншікті әдетке айналып барады. Мен бұл тұрғыда маңызды де­ген әлеуметтік салада, айталық ауыз су қызметі жүйесіндегі, басқа салалардағы субсидиялаудың ақылға келмейтін деңгейге жеткенін айтқым келеді. Осының өзінде тиісті қызметке ақы төлегіміз келмейді. Айтпақшы, субсидиялаудың барлығы мұнай баға­сының тым көтеріңкі кезінде болғанын және ондай оңтайлы құбылыстың әрдайым қайталана бермейтінін ес­кер­­геніміз абзал. Ал әлеуметтік бағ­дарланған елде мемлекеттік қолдау деген ұғым жоғарыда айтылғандармен мүлдем үйлеспейді.

Нұрсұлтан Әбішұлы эволюциялық қағидатқа қатысты: «Ешқандай да алға озу» бол­мауы тиіс. Әлеуметтік саладағы барлық өзгерістер даму деңгейімен, Қазақстан экономикасының мүм­кін­­діктеріне сәйкесуі тиіс», деп атап көрсеткенін жоғарыда айтыл­ған­дармен сабақтастыруға болады. Оның нақты мысалын бүгінгі еуро­аймақ елдерінде болып жатқан дағ­дарыс, дефолт жағдайларымен байланыстырамыз. Нақты табысқа сәйкес өмір сүре алмай ұдайы сән-салтанатқа, үлде мен бүлдеге оранып жүру экономикада қарама-қайшылықтар тудырады, дағдарысқа, оның соңы қарызға әкеліп соқтырады. Қазақша айтқанда, табысыңды ескер­мей, алдын-ала қарызға бату неге әкеліп соқтыратынын әркім біледі ғой деп ойлаймын. Айтпақшы, Елбасы бұл тұрғыда сонау 2007 жылы да еске салған болатын. Ұмытпасам, ол экономиканың өсімі мен инфляция өсімін үйлестіру қажеттігін ескертті. Егер экономика өсімі үздіксіз үдей түссе, оның соңы инфляцияның ша­рық­­тауына ықпал жасайды. Қазақс­танда 2007 жылы тұрғын үй құрылысы жаппай салына бастағанда құрылыс материалдарының бағасы есепсіз көтерілгені жұртшылықтың есінде болар. Ол кезде әлемдегі мұнай баға­сының күрт көтерілуі бюджетте артық ақшаның болуына ықпал жасады. Ал екінші дәрежелі банктер шетелден келген арзан несиені сұраусыз қардай боратты. Ақыр соңында дағдарыс орын алып, күллі банк жүйесі қиын­дыққа ұрынды. Осы орайда Елбасының әлеуметтік қолдаудың мемлекеттің өмір сүру деңгейіне орай жасалатынын ескерту әлемдегі бүгінгі өмір шын­дығынан туып отырған жағдайға бай­ланысты айтылған тұжырымдар болып сана­лады.

Біз, Қазақстан 2017 жылды несін жасырамыз, күрделі жағдайда қоры­тындыладық. Иә, аздаған өсім бар. 2017 жылы ішкі жалпы өнім елімізде 4,2 % өсті. Мемлекет бүкіл қаржы ресурсын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жобаларға жұмсады. Тіп­ті, Ұлттық қордан да бұл бағытта қаржы бөлінуде. Әзірге мұнай бағасы Қазақстан үшін қолайлы болып тұр. Күні кеше ғана Ресей президенті Сауд Арабиясы ханзадасының Мәскеу­ге футбол бі­рін­шілігіне келуін пайда­ланып, қыс­қа ғана кездесу өткізді. ОПЕК (мұ­най экспорттаушы елдер ұйымы) бұл орайда мұнайы көп Ресеймен мә­мілеге келіп, оның көлемін біршама ұлғайтуға ниет білдірді. Қашағанның мүмкіндігін ескерсек, бұл Қазақстанға қолайлы. Баға тұрақтанды, енді аздап өндіру көлемін ұлғайтуға болады. 

Дегенмен Мемлекет басшысы бұл тұрғыда бізге кез келген тосын қауіп-қатерлерге дайын болуымызды ескертеді. Сақтандырады, жинақы, ұқыпты болуымызды талап етеді.

 Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы».   

Экономика 26 маусым 2018 г. 60 0