КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ЗАУЫТЫ «АЛТЫН САПАҒА» ҚАТЫСАДЫ

Еліміздегі үздік кәсіпорындарға сапа саласындағы жетістіктері үшін жыл сайын берілетін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығынан биыл жергілікті «СКЗ-U» ЖШС үмітті. Күкірт қышқылын өндіретін зауыт жуырда тиісті құжаттарын тапсырды.
Нарықты жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етіп, отандық тауардың сапасын арттыруды көздейтін зауыт 2007 жылы қазақстандық, канадалық және жапониялық компаниялардың құрылтайшылығымен құрылған болатын. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған кәсіпорын қуаттылығы күніне 1500 тоннаны құрайды. Бүгінде мұнда 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Еліміздегі күкірт қышқылын өндіретін жалғыз зауыт қалдықсыз жұмыс жасайды. Өндіріс орны «Қазатомпром» АҚ-ға қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды ең басты реагент-күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылымен бірге электр энергиясын да өндірумен айналысады. Серіктестік еліміздің экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып жүр. Жұмысшылар өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік пакетіне де ерекше мән беруде. Ісі ілгері басқан кәсіпорынның алдағы уақытта халықтың оң бағасын алып, зор сенімнің үдесінен шығарына үміт мол.
Айта кету керек, халықаралық талаптарға сай келетін, яғни сапа бойынша еуропалық модельге үйлестірілген бұл байқаудың мәртебесі биік, талабы да жоғары. Ұйымдар «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын», «Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын» секілді аталымдар бойынша бақ сынай алады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
Экономика 17 мамыр 2018 г. 77 0