ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ МІНДЕТТЕРІ – БЮДЖЕТТІҢ САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫ

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы ел дамуының жаңа сатысын бағдарлайтын маңызды құжат екені белгілі. Орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілуіне байланысты, аудандық және ауылдық өңірлердің қаржылық дербестігін нығайту керектігі тапсырылды.
Қазынашылықтың негізгі функцияларының бірі – республикалық және жергілікті бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету, бюджеттің толық және уақытылы атқарылуын қамтамасыз ету. Сондықтан, Қаржы министрлігі бюджеттердің атқарылуы мемлекеттік мекемелердің шоттарына қазынашылық қызмет көрсетудің сапасын арттыру және мемлекеттік сатып алу процесінің тиімділігін оңтайландыру және арттыру, сондай-ақ, мемлекеттік бюджеттің қаражатын пайдалану кезінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда.
Бірнеше жыл бұрын «Қазынашылық – Клиент» мемлекеттік мекемелер арасындағы электронды «құжат айналымы» жобасының тұсауы кесілді. Бұл уақыт талабынан туған, қаржыны басқарудың халықаралық тәртіптеріне сай келетін шешім еді. Осы жобаның арқасында республика бойынша барлық операциялардың ашықтығына қол жеткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету уақыты қысқарды, қағазбастылық азайды, қаржылық құжаттарды өңдеу сапасы жақсарды. Операциялық және көліктік шығындарды азайтты.
Қазынашылық департаменті өткен жылдан бастап азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу деректерін жөнелту бөлігінде электронды мемлекеттік сатып алулар мен «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесін интеграциялауды бастады. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тіркеу бойынша құжат айналымын тағы да азайту көзделіп отыр. Осылайша, адам факторын, құжаттарды өңдеу мен рәсімдеу уақытын, қаржылық шығындарды азайтуға қол жеткізілді. Қаржылық заң бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу үшін алдын ала бақылау тетіктері қарастырылған.
Қазіргі уақытта облыс бойынша «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйеде 551 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіледі. Облыстық қазынашылық департаментінің құрылымы жеті аудандық және Байқоңыр қалалық қазынашылық басқармаларынан тұрады. Осы мекемемен Қазынашылық жүйені пайдаланушылар нақты уақыт режимінде мемлекеттік бюджет қаражаттарын есепке алу және жұмсау рәсімдерін жүргізе отырып, Қазынашылықтың ақпараттық жүйесінде операцияларды жүзеге асырады.
Департамент қызметі – қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінде «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілуде.
Қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелердің төлем шоттары ең алдымен республикалық және жергілікті бюджеттегі мемлекеттік мекемелердің төлемдерін алдын ала бақылау және өткізу бөлімдері арқылы тексеріліп, содан кейін республикалық және жергілікті бюджеттегі мемлекеттік мекемелердің төлемдерін бекіту және бақылау бөлімдері арқылы өткізіледі. Биылғы жылдың 9 айында «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы 300 мыңға жуық дана электрондық құжат өткізілді. Ал, азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу деректерін тексеріп, өтінімдерді тіркеу жұмыстарын атқару департаментінің республикалық және жергілікті бюджеттегі мемлекеттік мекемелердің шарттарын тіркеу бөлімдеріне жүктелген. Сондай-ақ, бюджеттің атқарылу рәсімдерінің маңыздылығын ескере отырып, Қазынашылықтың тікелей міндеті жүйенің өнімділігіне жүктеме артқан кезде әрбір қаржылық операцияның уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету болып табылады.
Жүйенің түпкі мақсаты – қазіргі заманғы кірістірілген және жоғары тиімді ақпараттық ортаны қалыптастыру арқылы қазынашылықтың қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелерімен өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыру болып табылады.
Жүйені дамыту мен оның таралымы мынадай басқарушылық міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз етеді:
– Ақпаратты сақтау мен өндірудің қазіргі заманғы жоғары тиімді технологияларын қолдану;
– Қазынашылық өңдейтін мәліметтердің жеделдігін, нақтылығын, сенімділігін, ашықтылығын арттыру.
– Құжаттардың дұрыстығын растау, құжаттарды келісу процесін оңтайлату және байланыс желілерін қорғаудың құралдарын пайдалану үшін – Электронды сандық қол қоюды (ЭСҚ) – ақпаратты қорғаудың қазіргі заманғы құралдарымен біріктіру.
Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында Қазынашылық органдары арқылы қаржылық құжаттардың тексеріліп өңделуі, төлем жүйесі арқылы өткізілуі қазіргі кезеңдегі 7 сағаттан болса, келер жылдан бастап 6 сағат көлемінде жүзеге асыру жоспарланғанын атап өтуге болады. Бұл межеге жету үшін барлық мемлекеттік мекемелерге бюджет қаражатын игеруде қаржылық құжаттардың сапалы дайындалуына талаптар күшейтілетін болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда бюджеттің тиімді атқарылуын қамтамасыз етуіне және ішкі қаржылық бақылау жүйесінің тиімді қызмет етуіне байланысты мәселелер де өзекті болып отыр.
Мемлекеттік бюджеттің қаражаттарын қолдану бойынша қаржылық бұзушылықтардың алдын алуда мемлекеттік органдар оларға бөлінген бюджет қаражаттарын әрқашан тиімді және мақсатты түрде қолданбауына, ал осы бұзушылықтарды анықтауда, оларды жоюға берілген ұсыныстардың дер кезінде орындалмауына байланысты мәселелер туындайды.
Елбасының 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында дағдарыстан кейінгі дайындыққа, индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету және адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде даму басымдықтары анықталды.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуы аясында қарыштап дамып келе жатқан қазынашылық ақпарат жүйесі бюджетке бүгінгі салықтарды және басқа да төлемдерді аудару, бюджеттік шығындарды жүргізу, қаржы ресурстарындағы жергілікті атқару органдары мен ҚР Үкіметін басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік бюджеттің атқарылуындағы транспаренттілік бағыттарына негізделген. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесі Президент қойған мемлекеттік қаржыны тиімді басқару басты міндетін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде аяғынан нық тұрған Қазынашылық департаменті өзін жақсы дамып келе жатқан қаржы институты ретінде көрсете алды. Ол мемлекеттік қаржыны жедел басқарудың, барлық деңгейдегі бюджеттің атқарылу процесіне қатаң бақылау жасаудың ақпараттық негізі болып табылады. Бұл білімді, өз істерін жақсы білетін қазынашылық қызметкерлерінің және мемлекеттік бюджетті атқаруды тиімді бақылауды қамтамасыз етудің арқасында жүзеге асып отыр.

Ә.ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы.
Экономика 27 қараша 2017 г. 152 0