ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ

ХХІ ғасыр, әсіресе оның екінші онжылдығы аса жылдам оқиғалармен, күрт өзгерістермен, сонымен бірге қарама-қайшылықтармен басталды. Жылдамдықтың екпіні күшті болғаны соншалық, тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын үйреншікті болған қағидалар бүгінге өлшем бола алмай қалды. Айталық, әлемде 2015 жылы басталған дағдарыс әлі де жалғасуда. Оның салқыны қазір басыла қойған жоқ. Тіпті, 2017 жылдың өзі буырқанған саяси оқиғаларға толы болып отыр.
Иә, ХХІ ғасырда орын алған қарама-қайшылықтарға толы саяси оқиғалар бүгінге дейін тұтас ұрпақтың санасында қалыптасып, сіңісті болып кеткен ұғымдарға өзгеріс енгізе бастады. Ал біз осы өзгерістерді қабылдауға дайынбыз ба? Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында біз қаншалықты өзгердік? Қандай қоғам құра алдық? Оның басты құндылығы неде? Президент әрдайым осы сауалдарға тұшымды, байсалды жауап бере отырып, әлемдік жаһандану үдерісінің тым жылдам дамып келе жатқанын, ал ол біздің ойлау жүйеміз қабылдай қоймайтын талаптарды алға шығарғанын айрықша атап көрсетеді. Атап көрсетіп қоймай, барлығымызды немкеттіліктен, бойкүйездіктен, масылдықтан, шалағайлықтан, үстірт іс-қимылдан сақтандырады.
Мен әркез Елбасының мемлекет дамуының әртүрлі дәуірінде айтқан сөздеріне уақыт өте келе қайта оралып, оны бүгінгі күннің жағдайымен салыстырып, жаңа кезең тұрғысынан баға беріп отырамын. Осы арқылы Мемлекет басшысының белгілі бір кезеңде әрбір қазақстандыққа арналған сөзінің кейін уақыт өте келе өмір шындығына айналғанына көз жеткіземін. Осы орайда Елбасының сонау бір тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында «Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет» деген тұжырымды алғаш рет көпшілік назарына салғаны әлі жадымнан шыға қойған жоқ. Жалпы алғанда, рынок қоғамында әлеуметтік бағдарланған мемлекет деген ұғым болмайды. Себебі, бұл қоғамның жаратылысы мұндай түсіністікпен үйлеспейді. Теория жүзінде Скандинавия елдері тұрмыстың әлеуметтік бағдарына бейімделген мемлекет ретінде аталғанымен, олардың табиғаты бұрынғы біздің ұғымымыздағы теңгермешілікке негізделген қоғамның қатарына жатпайды. Қысқасы, рынок дейтін қазақ¬тың санасы оншалықты қабылдай қоймайтын қоғамдық қатынастар дәуірінде бұрынғы келмеске кеткен теңгермешілік үрдісті қайта әкелудің қисыны және келіңкіремейді. Осыған қарамастан, Қазақстан Президентінің мұндай батыл ой-тұжырымдарға баруының себебі неде?
Біз кейін ілгері басқан қадамымызға тұсау болған, талай келеңсіздіктерді тудырған бірнеше әлемдік дағдарыс сәттерінде «әлеуметтік бағдарланған мемлекет» деген түсі¬нікті ұмыта қоймағанымызбен, ол туралы ойымыз көмескі тарта бастады. Уақыт өте келе қиыншылықтар артта қалды. Ел еңсесін көтерді. Әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуына, несін жасырамыз, шикізат рыногындағы қолайлы ахуалдың оңды әсері болғаны да шындық. Алайда Қазақстан бюджетінде қалыптасқан оңтайлы жағдайға бір ғана мұнай бағасының көтерілуі емес, осылай айтуға тура келеді, бәлкім, Жаратқанның қарасуы шығар, сонымен қатар елдегі тұрақтылықтың, осының әсерінен шетелдерден ағылған миллиардтаған доллар инвестициялардың ықпалы болғанын, ал осы игілікті шаралардың басы-қасында Елбасының тікелей өзі жүргенін тағы да мойындамасқа болмайтын шындық. Қазақстан сөйтіп, қиын асуларды игерді, күрделі кезеңдерден өтті. Еліміз үшін қолайлы кезең туды. Міне, осы сәтте Елбасы әлеуметтік бағ¬дарланған мемлекет туралы тағы да батыл ой қозғады. Әрбір қазақстандықтың болашағы туралы жаңа уақыт туғызған тұжырымдамалық ойды біздің әрқайсысымыздың санамызға қайта сіңіре бастады.
Алайда, Президенттің әрдайым өзі атап көрсетіп жүргеніндей, саясатта, экономикада әлеуметтік бағдар ұстану масылдық пиғылмен ұштаспауы тиіс. «Мемлекеттің стратегиясы әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогреске бағытымен құрылады. Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді білдіреді. Тек осындай жағдайда ғана Қазақстан қоғамы патернализм инерциясын жеңе алады» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы мақаласында. «Патернализм» (латын) – үлкеннің кішіні, яғни ағаның ініні, халықаралық жағдайда үлкен мемлекеттердің әлсіз мемлекеттерді қамқорлыққа алу ұғымын білдіреді. Ал, шындығында, кейде саясатта мұндай қамқорлықтың астарында небір қитұрқы, жымысқы әрекеттердің жататынын да жасыруға болмайды. Қамқорсу арқылы сол мемлекеттердің ішкі ісіне араласу, онан әрісі тәуелсіздігіне қол сұғудың ауы¬¬лы да алыс емес екенін әрдайым есімізде ұстауымыз қажет. Егер біз Президенттің астарлы сөзіне терең үңілсек, осы ойды аңғарар едік. Бүгінгідей жаппай жанкешті бәсекеге ұласқан жаһандану дәуірінде сыртқы әлемнен оқшауланбай, сонымен бірге саналы еңбек арқылы тәуелсіздігімізді нығайту әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады. Президент мақаласында астарлы оймен бізге осыны түсіндіреді. Жаңаша ойлау жүйесімен өмір сүруіміздің қажеттілігін алға тартады.
Экономиканың әлеуметтік бағдарының іргетасын Президент жалаң сөздермен емес, нақты істермен қалап келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін елімізде елді мекендерге сапалы ауызсу жеткізу, электр қондырғыларын, байланыс, жол инфрақұрылымын жаңарту, тіпті әркімнің жеке меншігіндегі көпқабатты үйлерді қайта жаңғырту бағдарламаларының өзі мемлекеттік қолдаудың, жай қолдау емес, бюджеттік субсидиялау арқылы қолдаудың керемет, тіпті әлемде сирек кездесетін тамаша үлгісі болып табылады. Осының барлығы Қазақстанды әлеуметтік бағдарланған мемлекет деп атауға толық негіз қалайды.
Экономика заңдылығы да жалпы жаратылыс заңы секілді, егер өз орнына дұрыс пайдаланбаса, ол да мейірімсіздік танытады. Сол сияқты біз де экономика заңдылығына бағынбай, өз санамызда субсидиялауға сүйенген өмір сүру дағдысын қалыптастырып, бұл келеңсіздікті бойымызға сіңіріп алсақ, одан өткен қауіпті ештеңе болмайды. Елбасы осыдан сақтандырады, Қазақстан жағдайында біздің әрқайсысымыздың төл міндетімізді айқындап береді. Ал өкінішке орай, бізде, яғни экономикада еңбектің үлгісін танытып, масылдықтан арылу орнына жалпыға бірдей жалқаулық, керенаулық үрдісі үйреншікті дағдыға айналып барады. Мен бұл тұрғыда маңызды деген әлеуметтік салада, айталық ауызсу қызметі жүйесіндегі, басқа салалардағы субсидиялаудың ақылға келмейтін деңгейге жеткенін айтқым келеді. Осының өзінде тиісті қызметке ақы төлегіміз келмейді. Ал әлеуметтік бағдарланған елде мемлекеттік қолдау деген ұғым жоғарыда айтылғандармен мүлдем үйлеспейді.
Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласындағы эволюциялық қағидатқа қатысты: «Ешқандай да алға озу» болмауы тиіс. Әлеуметтік саладағы барлық өзгерістер даму деңгейімен, Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкесуі тиіс» деп атап көрсеткенін жоғарыда айтылғандармен сабақтастыруға болады. Оның нақты мысалын бүгінгі еуроаймақ елдерінде болып жатқан дағдарыс, дефолт жағдайларымен байланыстырамыз. Нақты табысқа сәйкес өмір сүре алмай ұдайы сән-салтанатқа, үлде мен бүлдеге оранып жүру экономикада қарама-қайшылықтар тудырады, дағдарысқа, оның соңы қарызға әкеліп соқтырады. Қазақша айтқанда, табысыңды ескермей, алдын ала қарызға бату неге әкеліп соқтыратынын әркім біледі ғой деп ойлаймын. Айтпақшы, Елбасы бұл тұрғыда сонау 2007 жылы да еске салған болатын. Ұмытпасам, ол экономиканың өсімі мен инфляция өсімін үйлестіру қажеттігін ескертті. Егер экономика өсімі үздіксіз үдей түссе, оның соңы инфляцияның шарықтауына ықпал жасайды. Қазақстанда 2007 жылы тұрғын үй құрылысы жаппай салына бастағанда құрылыс материалдарының бағасы есепсіз көтерілгені жұртшылықтың есінде болар. Ол кезде әлемдегі мұнай бағасының күрт көтерілуі бюджетте артық ақшаның болуына ықпал жасады. Ал екінші дәрежелі банктер шетелден келген арзан несиені сұраусыз қардай боратты. Ақыр соңында дағдарыс орын алып, күллі банк жүйесі тақырға отырды. Осы орайда Елбасының әлеуметтік қолдаудың мемлекеттің өмір сүру деңгейіне сәйкес жасалатынын ескертуі әлемдегі бүгінгі өмір шындығынан туып отырған жағдайға байланысты айтылған тұжырымдар болып саналады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.
Экономика 30 қыркүйек 2017 г. 155 0