Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаевқа пәтер берілді

  Әлем чемпионатынан жүлдемен оралған Нұрислам Санаевқа бүгін 2 бөлмелі пәтердің кілті тапсырылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев еркін күрес балуаны, 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаевпен кездесіп, жеңісімен құттықтады.
 "Біз Будапештте өткен Әлем чемпионатындағы жетістігіңді мақтан тұтамыз. Бұл еліміз үшін тарихи оқиға. Елбасы саясатының арқасында халықты дене шынықтырумен және спортпен қамту артып, спорт нысандары қолжетімді болып келеді. Спортшылардың жетістігі жас ұрпақтың салауатты өмір салтын таңдауына септігін тигізеді", - деді  өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Кездесу кезінде облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атынан Ақтөбе қаласының Батыс-2 тұрғын үй алабынан екі бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті.
Еске салсақ, Нұрислам Санаев олимпиадалық салмақта Әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған Қазақстаннан шыққан алғашқы еркін күрес балуаны атанды. Ол 2020 жылы Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті.






ДОДА 06 қараша 2018 г. 174 0