Астана кубогы: Аламан бәйгеде «Қаракөз» атты сәйгүлік топ жарды

Елорданың 20 жылдығы құрметіне орай Астанадағы «Қазанат» атшабарында өткен 25 шақырымдық аламан жарыста батысқазақстандық «Қаракөз» атты сәйгүлік бірінші болып келді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
25 шақырымдық аламанда 17 сәйгүлік өзара бақ сынасты. Қазақстанның түкпір-түкпірінің қылқұйрықтары мен арғымақтары «Қазанатқа» келген меймандардың мерейін бір асырып кетті. Бәйге десе, ішкен асын жерге қоятын астаналықтар үшін есте қаларлық аламан болып өтті. Жарыс қорытындысы батысқазақстандық «Қаракөз» атты сәйгүлік бірінші орынға ие болды. Бекзат Сәдуақас атты шабандоздың тұлпары алдына қара салған жоқ. Екінші болып мәре сызығын Қарағанды облысының «Бұйражал» атты тұлпары кесіп өтті. Ақжол Жұматай атты шабандоз бұл жолы да мықтылардың қатарында екенін дәлелдеді. Ал үшінші орын Алматы қаласынан келген «Верный» атты сәйгүлікке бұйырды. Жорбек Оразалы атты шабандоз осылайша аламанның қола жүлдесін місе тұтты. Бұдан бұрын өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті Бекболат Тілеухан айтып өткендей, бірінші орынға 20 мың доллар болатын сыйақы беріледі. Сонымен қатар, аламанда екінші орынға 10 мың, үшінші орынға 5 мың доллар, төртінші орынға 650 мың теңге, бесінші орынға 500 мың теңге табысталады. Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Астана кубогының» 16 шақырымдық бәйгесінде Алматы облысынан келген, «Мұрагер» атты сәйгүлік мінген Ақжол Жұматай мәреге бірінші болып жеткен болатын.  




ДОДА 07 шілде 2018 г. 291 0