ӘЧ-2018: Франция мен Перу 36 жылдан кейін қайта кездеседі

Футболдан әлем біріншілігі финалдық кезеңінің бүгінгі жарыс шымылдығын С тобындағы Франция мен Перу құрамалары ашады. Бұл кездесу Перу құрамасының жарысты жалғастыру мүмкіндігін анықтайтын ойын болады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мундиальға 36 жылдан кейін қайта оралған Перу құрамасы Ресей жерінде өздерін жақсы қырынан танытамыз деген уәдесін берген еді. Алғашқы турда Даниямен кездесуде ойын тағдырын жалғыз ғана доп шешті. Дат футболшылары 1:0 есебімен жеңді. Сол кеткен есесін Франциямен ойында қайтара ала ма? Оны жасыл алаң төріндегі бәсеке шешеді. Франция алғашқы турда Аустралияны 2:1 есебімен жеңді. Осылайша турнир кестесіндегі жағдайын біршама түзеп алды. Жолдама тағдырын олар екінші турда шешіп алуға қарсы еместігін білдіріп отыр. Дидье Дешам шәкірттері сол мақсатта тынбай тер төгеді. Қос құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. Бір ойында Франция, бір ойында Перу жеңіске жетті. Қызығы, қос құраманың соңғы кездесу осыдан 36 жыл бұрын өткен екен. 1982 жылдың 28 сәуірінде Париж қаласында өткен жолдастық кездесуде Оңтүстік Америка құрлығынан келген футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал қос құрама арасындағы алғашқы кездесу одан 22 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1960 жылдың 26 тамызында өткізілді. Ол Олимпиада ойындары болатын. Италияның Флоренция қаласында топтық кезең бойынша өткен матчта француздар аталмыш қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Қысқасы, бүгінге дейін қос құрама әлем біріншілігінде кездесіп көрген жоқ. Ендеше, аталмыш кездесудің тарихи мәні зор. Франция мен Перу ФИФА рейтингісінде қатарлас келеді. Франция 7-орында тұрса, Перу 11-орынға ие болған. Дегенмен ол құрамалардың әлеуетін толық аңғарта қоймаса керек-ті. Француз бапкері Дидье Дешам: «Перудің шабуыл шебінде мықты ойыншылар бар. Олар жылдам қозғалып, кездесу тағдырын шешіп кете алады. Кейде олар шабуылға көбірек көңіл бөліп, қорғанысты ұмыт қалдырып жатады. Дегенмен олар көп жағдайда қорғаныс шебінде сенімді ойын көрсете алады», - деді. Перу құрамасының бас бапкері Рикардо Гарека алдағы кездесуде өз шәкірттерінің бар күшін сала ойнайтынын айтты. Сондай-ақ, әлем бірншілігінің ұйымдастыру деңгейі жоғары екенін бағалап өтті. «Мен доп додасының ұйымдастыру деңгейіне ешқандай сын айта алмаймын. Барлығы өз деңгейінде болып жатыр», - деді. Бұл ойын бүгін 21.00-де Екатеринбург қаласындағы стадионда өтеді, Ойын «Qazaqstan» ұлттық арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін С тобында Дания мен Аустралия («Qazsport». 18.00), D тобындағы Аргентина мен Хорватия құрамалары («Qazaqstan». 00.00) кездеседі.




ДОДА 21 маусым 2018 г. 374 0