АУДАРЫСПАҚТАН АУДАНДЫҚ ЧЕМПИОНАТ

Жаңақорған ауданы Өзгент ауылдық округінде тұңғыш рет аударыспақтан жарыс өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған сайыста білекті, тақымы мықты шабандоздар бақ сынасты. 

Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылған спорттық шараның ашылуында аудан әкімі Ғалым Әміреев:

– Рухани жаңғыру бағдарламасы – ұлттық дамудың ұлағатты үлгісіне айналды. Ұмыт қалған дәстүрлерді қайта жаңғыртып, бабалар мұратымен үндестік таба бастадық. Соның айғағы, ұлттық ат спорт түрлері даму жолын тапты. Бүгінде Азия және Әлем чемпионаттарының мән-мазмұны артып келеді. Осындай аламандарда жаңақорғандықтар табысты өнер көрсетіп жүр. Бір ғана мысал, облыстың көкпар құрамасы аудан шабандоздарынан құрылған. Жігіттеріміз аударыспақ, жамбы ату спортынан жүлдесіз қайтқан емес. Осы үрдісті одан әрі дамытып, жастардың ат спортына қызығушылығын арттыру мақсатында аудан чемпионатын өткізуді ұйғардық. Бүгін аударыспақтан жарыс өтсе, алдағы айларда теңге алу, жамбы ату, көкпардан мықтыларды анықтайтын боламыз, – деді.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалкөз Әбдікәрімов бәсекені Өзгентте өткізуді ұйғарған аудан басшыларына алғысын жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Аударыспаққа қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелден келе жатқан бұл ойын – жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш сермейтін жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырса, бүгінде жігіттің ерік-жігерін шыңдауда таптырмайтын спорт түрі.

Спортшылар бес салмақ дәрежесінде бақ сынады. Диасқожа Музарап 50 келіде дара шықты. Екінші, үшінші орынды Мұқағали Дүйсенбаев пен Мұхтархан Ермаханбет өзара бөлісті. 60 келіде Бегмұрат Оразбековтен айласын асырған Данияр Садуақас бірінші орынды алды. Үшінші орын Абдунасриддин Файзуллаевқа бұйырды. Ал, 70 келіде Бердібек Жорабектің мерейі үстем болды. Пазылхан Өміртаев екінші, Дәулет Берістемер үшінші орынға жайғасты. 80 келі салмақ дәрежесінде Алтай Қоңқаев мықтылығын дәлелдесе, Ақжан Тасжан мен Ұзақбай Жүсіпов екінші, үшінші орынмен шектелді.

Нағыз қызық 80 келіден жоғары салмақта орын алды. Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы Серік Әмірсейітовке тең қарсылас болмады. Екінші орынды облыстық көкпар құрамасының капитаны Ертай Нартай қанағат тұтты. Белгілі көкпаршы Нұрлан Жүсіпов үшінші сатыдан көрінді.

Жарыс жеңімпаздарына аудан әкімі тағайындаған қаржылай сыйлықтар мен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің грамоталары табыс етілді.

Осылайша, ұлттық ойынның тамаша тартуы елдің рухын көтерді. Бұл шын мәнінде рухани жаңғырудың жарқын көрінісі деуге болады.

Е.АБДРАСИЛОВ.

ДОДА 05 маусым 2018 г. 106 0