Қайсарлықтар бір ұпай еншілеп қайтты

Футболдан Қазақстан Премьер лигасының кезекті тур ойындары өтті. «Қайсар» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездесті. Мұның алдында екі ойында айқын жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантқан қайсарлықтар бұл жолы бір ұпайды қоржынға салды.
Бұған дейін «Тобыл» мен «Шахтерді» 3:0 есебімен жеңген жерлестер теріскейдегі матчқа көтеріңкі көңіл-күймен барды. Ал, Премьер лигаға биыл ғана қосылған петропавлдық команда үшін әр ойында ұпай еншілеу маңызды еді. Сондықтан, алаң иелері кездесу басталысымен шабуылға басымдық беріп, сәт сайын қонақтар қақпасына қауіп төндірумен болды.
Алайда, бұл күні қайсарлық қақпашы Марсель Исламқұлов асқан шеберлік танытып, соңғы шепте өте сенімді ойнады. Қайсарлықтар да сауатты қорғанып қана қоймай, қарымта шабуылдармен жауап қайтаруға тырысты. Кездесудің 32-минутында Франк Джа-дже-дженің баспен бағыттаған соққысы қақпадан сәл қиыс кетіп, оңтайлы сәтті мүлт жіберіп алды.
Екінші таймда «Қызылжар» қарқынын үдете түсті. Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Братислав Пунашевац «Қайсар» қақпасынан саңылау тапқан болатын, алайда сербиялық шабуылшы ойыннан тыс қалғандықтан төрешілер голды есептемеді. Осылайша, тең есеппен қайсарлықтар бір ұпай еншілеп қайтты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
ДОДА 17 мамыр 2018 г. 33 0