СЫР САҢЛАҚТАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ

Өткен апта Сыр спортының сайыпқыран саңлақтары үшін табысты болды.

Каратэші Мөлдір Жаңбырбай кезекті рет Азия чемпионы атанды. Жапонияның Окинава қаласында өткен сайыста сынға түскен Сыр аруы Азияда өзіне тең келер қарсылас жоқ екенін тағы бір дәлелдеді.

Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыны каратэ-додан облыстың аға жаттықтырушысы Рүстем Әбжәмиев дайындады.

Мөлдірдің келесі бағыты маусым айындағы Стамбұлдағы халықаралық турнир. Ол 2020 жылы болатын Токиодағы олимпиадаға осы турнирден ұпай жинайтын болады.

Самбодан ел намысын еселеп жүрген балуандарымыз Ұлан-Батор қаласында өткен Азия чемпионатында 10 медаль (5 алтын,                 5 күміс) иеленді. Сыр елінен барған 10 спортшымыз осылайша жүлделі оралды. Енді меже Тбилиси мен Бухарест қаласында өтетін әлем чемпионаттарын бағындыру.

Қытай астанасы Бейжінде өтіп жатқан халықаралық турнирде облыс спортшылары жарыстың алғашқы күнінде қос медалға ие болды.

Жеңіл атлетикадан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтіп жатқан турнирде Мақшат Мейіршан 1500 метр қашықтықта жүгіруден жеңімпаз болса, найза лақтырудан жоғары спорт шеберлігі мектебінен сынға түскен Еламан Жоламан күміс жүлдені еншіледі. Қос спортшыны ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылар Юрий Мощеев пен Мұратбек Кетебаев дайындап келеді.

Дара ойынның бірі – тоғызқұмалақтан өткен Азия кубогында облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 орынды иеленді. Ал жекелей есепте Хəкімжан Елеусінов күміс жүлдеге ие болды. Бішкекте өткен сында 2 орынды Қазақстан ұлттық құрамасы алса, 3 орынды жастар құрамасы еншіледі.

Албанияның Дуррес қаласында бастау алған зейінділер ойынында жас шахматшы қызымыз Назерке Нұрғали оза шапты. Ол швейцар жүйесі бойынша классика түрінен 9 турдан 8 ұпай жинап, Әлем чемпионы атанды.

15 жасқа дейінгі оқушылар арасындағы чемпионатқа 40 елден 420 спортшы жүлделерді сарапқа салды. Айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медалды иеленді.

Назерке Нұрғали – облысымызда, елімізде шахматтың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан жас спортшылардың бірі. Шахматпен 6 жасынан бастап шұғылданған Назерке №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Қазір №136 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің 9-сыныбында оқиды. Назеркенің жаттықтырушысы Василий Шмелковтың айтуынша, ол тамыз айында Моңғолияда Азия чемпионатына, қыркүйекте Түркияда Әлем чемпионатына қатысады. Аталған жарыстарда Назерке 20 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түседі.

Қызылордада мектеп жəне колледж оқушылары арасында жазғы 9-шы спартакиада аясында гандболдан өткен жарыста облыс командасы 1 орынды жеңіп алды. Жаттықтырушы Ольга Егунованың шәкірттері қатысушы 9 команданың спортшыларына ешқандай мүмкіндік бермеді.

ДОДА 15 мамыр 2018 г. 68 0