БЕЛДЕСКЕННІҢ БАРЫСЫ, АЛЫСҚАННЫҢ АРЛАНЫ АТАНҒАНДАР

Қызылорда қаласындағы  «Евразия» спорт кешенінде  қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» сайысының ақтық кезеңі мәресіне жетті. 

Биыл 9-шы мәрте ұйымдастырылған айтулы бә­секе   Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қала­сының 200 жылдығы аясында өткізілді.

Боз кілемдегі балуандар үш кезең бойынша төрт жас деңгейінде сынға түсті. Наурыз-сәуір айларында әр ауылдық аймақтарда өткізілген 1-ші кезеңде 6839 спортшы, аудандық, қалалық деңгейдегі 2-ші кезеңде 1511 спортшы бақ сынасса, үшінші кезең – облыстық ақтық сайыста 250 балуан  белдесті. Үш кезең бойынша барлығына 8600 спортшы сынға түсті.

Түйе палуан сайысына қатысқан 15 спортшы арасынан жауырыны жерге тимеген  аралдық  Нұрым Сәлімгереев  «Сыр Барысы» атанып, оған «Алтын белбеу» белдігі мен 1 млн 170 мың теңгенің серти­фикаты табысталды.

 «Сыр Арланы» атанған қызылордалық  Мақсат Исақабыловқа 630 мың теңгенің сертификаты берілді, ал, қызылордалық Жасұлан Досымов «Сыр сұңқары» атанып,  360  мың теңгенің сертификатын алды.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық бірегейлікті сақтау мақса­тында «Салауатты ұрпақ» кіші жобасы бойынша жарыста ептілігімен көзге түскен бірқатар балуандар аймақтық  «Рухани жаңғыру» орталығының диплом­дарымен марапатталды.

Үстіміздегі жылдың шілде айында Астана қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Қызылорда облысынан    Н.Сәлімгереев пен М.Исақа­бы­лов облыс намысын қорғайтын болады.

                                                                                      Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.

ДОДА 04 мамыр 2018 г. 112 0