2017 жыл ММА спортшылары үшін табысты болды - Айдар Махметов

Егемендік алғалы бері Қазақстандағы ММА спортшылары 2017 жылды табысты аяқтады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ММА, панкратион және греплинг ұлттық федерациясының құрметті президенті Айдар Махметов айтып берді.
«Жалпы, 2017 жыл бүкіл Қазақстанның ММА спорты үшін өте табысты өтті деп айтуға болады. Биыл Астанада әуесқойлар арасында V Әлем чемпионаты өтті. Сонда Қазақстан құрамасы жалпы құрамалық есепте 2 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен екінші орын алды. Екі алтынмен қатар аталған чемпионатта Санжар Әділов ең үздік спортшы болып танылды. Біз үшін бұл үлкен жетістік, зор абырой», - дейді Федерацияның құрметті президенті.
Оның айтуынша, бұдан бөлек Астанада өткен Әлем біріншілігі ММА тарихында ең жоғары дәрежеде ұйымдастырылған чемпионат болып танылған. Сонымен қатар, жылдың басында жастардың тұңғыш Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 4 қола медальға қол жеткізсе, панкратионнан Әлем біріншілігінде ересектер арасында 2 алтын және жастар арасында 3 алтын медальды жеңіп алды.
Ал «ММА спортының соңғы жылдары Қазақстанда дамуына қалай баға бересіз?» деген сұраққа Айдар Махметов тыңғылықты жауап бере келе, кәсіпқой спортта биік шыңдарды бағындырған спортшыларды атап өтті.
«Жаңа айтып жатқан табыстар мен жеңістер әуесқой спортшылардың қол жеткізген жетістіктері. Ал кәсіпқой ММА-ға келер болсақ, елімізде спорттың бұл түрінің ауқымы кеңейіп келеді. Мысалы, Қуат Хамитов бауырымыз биыл өте жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Ағайынды Назаровтардың да еңбегі ақталып жатыр. Арман Оспанов та барын салып өнер көрсетіп жүр. Содан басқа әлемдің ТОП-10 рейтингіне енетін промоушендар Қазақстанда өзінің жекпе-жек кешін ұйымдастырды. Бұл да бүкіл Қазақстан үшін өте үлкен көрсеткіш. Бұл үрдістер Қазақстанда ММА спортының қалай дамып келе жатқанын көрсетеді. Әлемдік промоушендердің біздің елге қызығушылық танытуы - қазақ спортшыларының өте қарқынды түрде өсіп келе жатқанын дәлелдейді», - дейді ол.
Атақты спортшы елімізде ММА-ның әуесқой және кәсіпқой түрінің дамып келе жатқанына да жоғары баға берді.
«Жалпы, ҚР ММА, панкратион және греплинг ұлттық федерациясы елімізде ММА-ның дамуына барынша үлес қосып келеді. ММА спортын алға сүйреп жүрген барлық халықаралық және әлемдік ұйымдармен байланыс жасап жатыр. Саңлақтарымыз алдағы уақытта да биік асуларды бағындыра береріне сенімім зор», - деп түйді сөзін Айдар Махметов.
ДОДА 25 желтоксан 2017 г. 257 0