ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН

Қазақ күресінен еліміздің чемпионы, байрақты бәсекелерде талай мәрте топ жарған жастардың ұстазы, ауданда қазақ күресінің негізін қалаушы – Көлбай Данабайдың 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шығу құрметіне Арал ауданында қазақ күресінен облыстық ашық турнир өткізілді.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ауданның өсіп-өркен жаю жолындағы қызметін айта келіп, қарақұмдық перзенттің өнегелі өмір жолына тоқталды.
Ақ тілегін білдіріп, ел атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, Көлбай Соңғыбайұлының Қазалы ауданындағы досы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жұмабек Құлбаев пен Қармақшы аудандық спорт клубының директоры Әділбек Серікбаев, шәкірті Құрышбек Қазыбеков, өзге де жиынға қатысқан әріптестер мен дос-жарандар азаматтық ұстанымы бөлек жанның тірліктегі қарапайым келбетін әсерлі әңгімеледі. Ақжарқын елшіл азамат өзін құрметтегендерге алғаусыз алғысын білдірді.
Көременнің делебесін қоздырып, «әп, бәрекелді!» дегізген ашық турнир қорытындысы бойынша Қармақшы ауданынан келген – Ерасыл Зейноллаев, Ержан Аббазов, Ринат Тоғысов, Спандияр Алмаханов, жаңақорғандық – Нұрмұхамедхан Сағындық, Данияр Байболатов, Нұрберген Алдаберген, Арал ауданының намысын қорғаған қарақұмдық Еңбек Сақтағанов 1-орын тұғырына орнықты.
Түйе палуан сайысында Сексеуіл кентінен келген Бахтияр Ибрагимов ұстасқанның жауырынын шаң қаптырып, бас бәйгені қанжығаға байлады. Екінші орынды Спандияр Алмаханов, үшінші орынды Еңбек Сақтағанов алды.
Жеңіпаздардың барлығы да ұйымдастырушылар тарапынан белгіленген қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ,
А.ЕСЕНЖОЛОВ (сурет).
ДОДА 27 қараша 2017 г. 148 0