ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТАДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаеваның, облыстық медицина орталығының директоры Нұриддин Әмитовтің, облыстық онкология орталығы директорының орынбасары Жандос Әділханның және №5 емхана бас дәрігері Жұмакүл Рысмұхамедованың қатысуымен брифинг өтіп, онда Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы айтылды.

Мамандардың мәлімдеуінше, дәрігерлер жалақысының 20 процентке көтерілуі өз кезегінде тұрғын­дарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға оң септігін тигізетін болады. Қазіргі таңда 1 қызметкердің орташа айлық жалақысы 102,9 мың теңгені құрайды екен. Ал­дағы уақытта еңбекақыны кө­бейту жұмыстары барлық емдеу ұйымдарында жүргізілмекші.

– Жолдауда: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды ком­поненті болып саналады», – деп атап айтылды. Бұл мақсатта соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаржысынан 54 амбулаториялық нысан жаңадан салынды. Елді мекендердегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының 63 проценті жаңартылды. Мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік аясында салынуы жоспарланған 18 дәрігерлік амбулаторияның 12-нің құрылысы басталды, 1 қалалық емхана салынуда,– деді Б.Боранбаева.

Сонымен қатар, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында аймақтық дәрігерлердің жүктемесін азайту көзделуде. 2017 жылы жаңадан 34 аймақ ашылса, осы жылдың қыркүйегінен бастап облыс бойынша қосымша 21 аймақ ашу үшін жұмыстар жасалуда. Биыл 92 жас маман жұмысқа қабылданып, оның 60 проценті БМСК ұйымдарына жіберілген. Қазіргі таңда БМСК ұйымдарының дәрігермен қамтылу көрсеткіші 95 процентке жеткен.

Жолдауда онкологиялық қызмет­ті жетілдіру жайы нақты айтылып, бірқатар міндеттердің жүктелгені белгілі. Бұл орайда біздің облыста да тиісті шаралар қолға алынуда.

– Қазіргі таңда қаланың сол жағалуынан 300 төсек орынға арналған көпсалалы онкология ауруханасын салу жоспарлануда. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптама қорытындысы алынатын болады. Аймақ басшысы орталық құ­ры­лысының жедел басталуын тиісті орындарға тапсырды, – деді об­лыстық онкология орталығы ди­рек­торының орынбасары Ж.Әділхан.

Мамандар, облыста онкология­лық аурулардың алдын алу, оларды емдеуде көптеген тың тәсілдердің енгізіліп отырғанын айтады. 2016 жылы паллиативті көмек көрсететін бөлімше ашылса, биыл диагностикалық палаталар келушілерге қызмет көрсетуде. Диаг­ностикалық палаталар арқы­лы қысқа уақытта күмәнді онко­логиялық ауруларды анықтауға қол жеткізілсе, паллиативті көмек ІV сатыдағы сырқаттардың ем алуына жағдай туғызуда. Сондай-ақ, аймақ басшысының қолдауымен орталық Корея елінің жетекші клиникаларымен меморандумға отырды.

Облыс тұрғындарын электронды төлқұжатпен қамту 95,6 процентті құрайды. Ал, диспансерлік есепте тұратын науқастарды цифрлы жүйемен қамту 33,4 процентке жеткен. Бұл созылмалы аурулары бар науқастардың тізімін автоматты түрде қалыптастыруға, рецепттерді онлайн ұзартуға, пациенттердің денсаулық жай-күйлері туралы деректерді онлайн беруге мүмкіндік туғызады.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Денсаулық 25 қазан 2018 г. 211 0