Ашығудың құпиясы

Медицинаға не өзге де ғылыми дәлелдемелерге сүйенсек, ашығудың көптеген пайдасы бар. Қарапайым мысал ретінде, семіздіктен арылу, ішкі айналымды реттеу, тұрақты рацион қалыптастыру, қан айналым мен ас қорыту жүйелерін жақсарту, ішкі организмді барлық зиянды заттардан тазалау, т.б. Себебі, адам баласының асқазанының саулығы бет-әлпетте көрініп тұрады. Сондықтан да бүгінгі таңда "аштықпен емдеу" деген түсінік қалыптасып, кәнігі профилактикалық емдеу тәсілі ретінде пайдаланылады. Аштықпен емделудің тарихы тереңде. Оны сонау көне заманнан бері барлық халықтар қолданып келеді. 
Айталық, бұл емдеу тәсілін осыдан екі мың жыл бұрын көне Рим дәрігері Асклепиад та қолданған. Грек ойшылы Плутарх "Дәрі ішкенше екі күн ашыққаным артық" деген. Аштықпен емделудің артықшылығын мойындайтын осыған ұқсас деректерді көне үнді, қытай, жапон жазбаларынан да кездестіруге болады. "Каббала" деп аталатын еврейлердің құпия ғылымы мен мистикалық пәлсапасы да ашығуға оң көзқарас танытуда. Пифагор (б.з.д. VI ғасыр) өз шәкірттеріне математика мен пәлсапа ғылымының қыр-сырын үйретер алдында рухани тазару әрі ақыл-ой зеректігін арттыру мақсатында олардан 40 күн ашығуды талап ететін болған. Х-ХІ ғасырда шығыстың шарапатты дәрігері Ибн Сина көптеген ауруларды, әсіресе, шешек пен мерезге шалдыққандарды аштықпен емдеген. Тіпті, ол дәстүр әлі күнге Үндістанда да бар. Мәселен, Үндістанның рухани көсемі Ганди жиі-жиі ішіп-жеуден тыйылып тұруды ұнатқан. Ганди ашығуға денені тазалау мен емдік қана емес, рухани тазару, сана-сезімді дамыту тұрғысынан да баға берген.

Денсаулық 26 мамыр 2018 г. 239 0