Балаға мамандық таңдауға қалай көмектесу керек?

Мамандық таңдау – өте маңызды мәселе. Себебі, осы таңдау баланың болашақта көптеген жылдар бойы бақытты немесе бақытсыз болатындығы шешіледі. Мамандық таңдауда кедергісін келтіретін 5 стереотиптен аулақ болыңыз.
 1-стереотип. Қандай мамандық таңдау керектігін ата-ана жақсырақ біледі.
Мысалы, көптеген ата-ана өзінің арманын, өзінің қандай да бір ойын немесе сол кездегі сәнді тенденцияны міндеттеп, баланы соны таңдауға мәжбүрлейді. Таныстарыңыздың арасында өз қалауынсыз, ата-ананың айтуымен қандай да бір мамандыққа түсіп, әлі күнге дейін ол мамандықты ұнатпай, дүйсенбіден жұмаға дейін өзін қинап жұмыс жасап жүргендер бар шығар. Әрине, барлығы емес. Олар 30-40 жасқа келіп, мына өмірде не істеп жүргенін білмей, өз орнын таппағандай сезім туындап, кейбіреулері өміріне өзгеріс енгізуге қорқып жүре береді. Сондықтан, баланың мамандық таңдауына кедергі жасамаңыз. Өзінің не қалайтынын нақты білетін, мінезі қырсық, соңына дейін жеткізуге дайын тұратын балалар болады. Ал, егер сіздің балаңыз көңіліңізге қарап, жанына жақынын емес, айтқаныңызды таңдаса, ол болашақта бақытты бола ма?
2-стереотип. Тестілеу мамандық таңдауға көмектеседі.
 Анықталу үшін көптеген тесттерден өту керек деген де стереотип бар. Иә, мамандық таңдауға көмектесетін жақсы тесттер бар шығар. Бірақ олар мыңдаған сұрақтардан тұруы мүмкін және оны уақытылы өту керек. Ал, кез келген сайттағы қысқаша тесттердің мамандықты анықтауға еш көмегі тимейді. Бастысы, балаға ата-ананың қолдауы және өзінің не қалайтындығын түсіну керек. Ол үшін жасөспірімдер ЖОО-ның ашық сабақтарын қараса болады. Егер ағылшын тілін жақсы меңгерген болса, ғаламтор арқылы басқа мемлекеттердегі оқу орындарының ашық сабақтарын қарап көрсе құба-құп.
3-стереотип. Жасөспірім өзі таңдаған мамандық туралы бәрін біледі. 
Жасөспірімдер арасында көбіне кино қарау арқылы қандай мамандық күшті, қандай нашар екендігі туралы стереотип туындайды. Еш тәжірибесі болмағандықтан қателік жіберуі немесе өзі ойлаған мамандықты басқаша елестетуі мүмкін. Сондықтан, егер мүмкіндік болса, баланы шамамен 12-13 жасынан бастап, таныстарыңыздың жұмыстарына 1 аптаға "тағылымдама (стажировка)" өтуге жіберіңіз. Солай бірнеше жерге барып көрсін. Ол қандай да бизнес, мемлекеттік қызмет немесе басқа да жұмыс орны болуы мүмкін. Танысыңыздан көмек сұраңыз, баланы ұсақ-түйекке жұмсамай, ол жерде жұмыс жасайтын әр маманның ісімен қысқаша таныстыруын өтініңіз. Жасөсіпірімнің сол арқылы директор, сатушы, сәулетші, оператор, бизнес-жаттықтырушы, жиһазшы болу және т.б. туралы түсінігі қалыптасады. Мысалы, бала қандай да бір компанияға барып келген соң, "жоқ, мен ол мамандықты таңдағым келмейді, оны жақсы деп ойласам, жай күні-бойы телефонға жауап береді екен" деп ойы өзгеруі мүмкін.
 4-стереотип. "Жақсы оқысаң, жақсы маман боласың!" 
Кеңестік кезден бері келе жатқан мынадай стереотип бар: "Сабағыңды 5-ке оқысаң, мектеп бітірген соң жақсы университетке түсесің. Университетте жақсы оқысаң, жақсы жұмыс табасың". Бұл ереже бұрын жүзеге асқан шығар, бірақ қазір бәрі басқаша десек қателеспейміз. ЖОО бітіріп жатқан студенттер көп. Олар жұмыс берушіге дипломмен келеді. Әрине, диплом жақсы, бірақ жұмыс беруші оның қолынан не келетінін сұрайды. Ал ЖОО енді бітіріп келген студенттерде тәжірибе жоқ. Яғни, жұмыс беруші маманды жұмысқа аларда "Мынау қолыңнан келе ме?", "Мағы не істей аласың?" деген секілді сұрақтар қойып, өз жауабына сенімді, ынтасы бар, не қалайтынын білетін, көп жұмыс істеуге дайын және мына әлемге пайдасы тиетін адамды алады. Сондықтан, құрметті ата-ана, балаңыздың әуестенетін ісіне мән беріңіз. Сізге ол күлкілі көрінсе де, "Ол сені асырамайды" демей, қолдау көрсетіңіз. Балаңыз кішкентайынан сурет салғанды немесе қандай да бір спорт түрін ұнатса, сол саладағы жақсы маманды тауып, оның тереңірек шұғылдануына көңіл бөліңіз.
5-стереотип. "Бастаған ісіңді аяқта!" 
Иә, бұл ереже өмірде керек болатыны анық. Бірақ, ол қазір  мамандық таңдауға келгенде өзекті емес десе де болады. Бұрын баланы кішкентай кезінде музыка үйірмесіне берсе, ол содан соң музыкалық колледжді аяқтауы тиіс болатын. Ал қазір бала мектеп кезінде музыкамен әуестеніп, кейін музыкалық колледжге түсуге міндетті емес. Ата-ана баланың бұл ісіне үреймен қарамауы тиіс. Бала оны өмірінің ісі еместігін түсінуі мүмкін немесе басқа да себептер болуы мүмкін. Қазіргі заманда адамның әуестенетін ісі қаншалықты көп болса, ол оған соншалықты пайда әкеледі. Сондықтан, баланың мектеп кезінде айналысқан бірнеше үйірме сабақтары бос кетті деп уайымдамаңыз. Қазір бір нақты саланың маманы ғана болу аздық етеді. Заманауи қоғамның талабы – жан-жақты адам.
Балаңызға әрдайым мынадай кеңестер беріңіз: жаны қалаған нәрсемен айналысу, сол істе ең жақсысы болуға тырысу және басқаларға көмек көрсету. Бала "Мен әлемнен не аламын деп емес, әлемге не бере аламын" деп ойлануы керек. Балаңызды қолдаңыз және оған сеніңіз. Бастысы, баланы кішкентай кезінен бастап адамдарға көмектесу керектігін айтып, өсіріңіз. Сол кезде осылай өскен баланы кез келген жұмыс беруші өзіне шақырады немесе бала өскенде әлемге көмегі тиетін іспен айналысады. Ал бұл мәселе әлем қалай өзгерсе де, өз өзектілігін жоғалтпайды.

Массагет.кз
Білім 01 қараша 2018 г. 877 0