Әскери кафедра туралы

1999 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан  Республикасы Үкіметінің №1282 қаулысын жүзеге асыру мақсатында 1999 жылдың 29 қарашасында Қорғаныс министрінің №190 және Білім және ғылым министрінің №57 біріккен бұйрығымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 2000-2001 оқу жылынан бастап әскери кафедра құрылды.

 Бұл аймақта әскери кафедра алғаш рет ашылған болатын. Кафедраның ашылуына университеттің ректоры, т.ғ.д., профессор, БисеновҚ.А. көп ықпал етті. Оның тікелей қатысуымен әскери кафедраға бөлек оқу ғимараты мен жер көлемі бөлініп, Республикадағы университет қабырғасында ашылған бірінші оқу-жаттығу полигоны жабдықталды.

Әскери кафедрада білім алуға конкурстық таңдаудан өткен студенттер екінші оқу семестрінен бастап кіріседі. Әскери кафедрада аптасына бір рет «әскери күн» әдісімен 2 жыл бойына студенттер әскери білім алады. Әскери дайындықтың соңында курсанттар оқу жиынынан өтеді.

Әскери дайындық бүкіл университет студенттерінің көңіл-күйін қалыптастыруға қолайлы әсер етеді. Әскери дайындықтан өтетін студенттер өздерінің тыңғылықтылығымен, жинақылығымен, тәртіптілігімен ерекшеленеді және олар көбінесе өздерінің жұмысын нақты ұйымдастыруға, сабаққа тұрақты қатысуға, оқу материалдарымен жүйелі жұмыс істеуге, қиындықтарды жеңе білуге бейімделеді. Әскери кафедраның офицер-оқытушылар ұжымының еңбегінің нәтижесінде қалыптасатын осы қасиеттер тек болашақ әскери қызметшілерге ғана емес, басқа мамандықты таңдаған жастарға да қажет. Біріккен білім алу процессі мен академиялық топтарда күнделікті оқуда осы қасиеттер әскери дайындыққа қатыспайтын студентке де беріліп, көп жағдайда жастарға тән «әскери»  студенттерге еліктеу сезімін тудырады.

Қазіргі таңда әскери дайындық запастағы офицерлерді дайындау бағдарламасына сәйкес және төмендегідей әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады:

-Жақыннан әрекет ететін тасымалданатын зениттік зымырандық кешендермен қаруланған бөлімшелерді жауынгерлік қолдану;

-Қаржымен қамтамасыз ету;

-Жалпыәскери бөлімдерді, бөлімшелерді және құрылымдарды ұрыстық қолдану;

-Аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру;

-Құрлық әскерлерінде тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру.

Әскери дайындықтың негізгі міндеттері мен мақсаты – Отанын жанындай сүйетін және мейірімділік рухымен тәрбиеленген, психологиялық тұрақты, батыл, тәртіпті, әскери құпияны сақтай білетін, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, сонымен қатар өзінің әскери міндеттерін атқаруға қажетті бейімділік пен дағдыны бойына сіңірген запастағы офицерлерді дайындау болып табылады.

Кафедраның профессор оқытушылар құрамы мен студенттері университет пен кафедрадағы ғылыми зерттеу жұмыстарымен үнемі айналысып отырады, сондай-ақ облыс және университет көлеміндегі басқа да іс-шараларға қатысады. Әскери кафедраның ұйымдастыруымен әр жылда облыстық, республикалық ғылыми семинарлар (конференциялар) өткізіліп тұрады.

Әскери кафедрада студенттерді патриотизмге тәрбиелеу, оқу-тәрбие жұмыстарын және дене дайындығын жетілдіру мақсаттарында, жылына екі рет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мейрамы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күні мен  Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні мейрамдары қарсаңында взводаралық әскери сайыс өткізіліп тұрады. Осындай сайыстар оқу жиынын өткізу кезінде де ұйымдастырылады.

Сонымен қатар жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында әскери кафедраға бекітілген мектептер және колледж оқушыларымен жүйелі түрде кездесулер өткізіліп тұрады, сондай-ақ әскерилендірілген сайыстар мен басқа да жұмыстарды өткізу жоспарлануда.

Кафедрада мәдени іс-шаралар мен спортқа да көңіл бөлінеді. Әскери кафедра студенттерінің арасынан шыққан, спорттың әр түрлерінен Азия чемпионы, Қазақстан чемпионы және жүлделі орындар алған студенттер де баршылық.

Студенттер сабақ кезінде, дайындалған методика бойынша дене тәрбиесі үзілісін орындайды. Дене тәрбиесі бойынша жұмыстар университетте, әскери дайындық үдерісі кезінде және оқу жиынын жүргізу барысында орындалады. Оқу жиынында дене тәрбиесінің үш түрін дамыту бағытында жұмыстар жүргізіледі: біріншісі - жалпы дене дайындығын дамытуға бағытталған; екіншісі – кедергілерден өтуге және атлетизмді, табандылықты, ожарлықты дамытуға; үшіншісі – жылдам қозғалысты дамытуға. Оқу жиыны барысында студенттер әскери-спорттық кешені нормативтерін орындайды. Әскерилендірілген эстафеталар, спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Жеңімпаздар марапатталады. Күнделікті сабақтардағы дене тәрбиесін жетілдіру, күштілікті, тез қимылдарды, ептіліктерді дамыту құралдары – оқу-жаттығу кезіндегі тренажерлар, нормативтер тапсыру кезіндегі  тасымалданатын зениттік зымырандық кешендері және басқа да құралдар болып табылады.

Әскери кафедра студенттері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бойынша әржылы ұйымдастырылатын «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысып отырады.

Кафедра басшысы бекіткен жоспарға сәйкес аптасына екі рет кафедраның жеке құрамы спортпен айналысады. Жыл сайын университетте өткізілетін факультет аралық спартакиадаға  және облыстық гарнизон бойынша әскери бөлімдер арасындағы жарыстарға қатысып, спорттың кейбір түрлерінен жүлделі орындар алады.

Әскери кафедра құрылғаннан бері 2000-нан аса запастағы офицерлер дайындалып шығарылды. Кафедра түлектерінің біразы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне шақырылып, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда қызмет атқаруда.

Әскери кафедраның алғашқы бастығы болған подполковник Нұртасов Е. Ғ. және алғашқы оқу бөлімінің бастығы Пак С. Р. кафедраның құрылуына және дамуына үлкен үлес қосты. Подполковник Увайдаев Н. У. және отставкадағы майор Ердигаликов Б. Б. әскери кафедра ашылған сәттен бастап осы уақытқа дейін оның құрылуына және дамуына зор үлестерін қосып келеді.

Әр жылдары әскери кафедрада подполковник Бурнаев З. Р., полковник Мырзабай А., полковник Петроченков О., аға лейтенант Хошанов Н., аға лейтенант Қуатов Б., майор Досжанов А. Қ. қызмет атқарды. Олардың да әскери кафедраға қосқан еңбектері зор.

Қазіргі күні кафедраны подполковник  Увайдаев Н. У. басқарады. Оның басшылығымен әскери кафедраның жеке құрамы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына запастағы офицерлерді дайындауда үлкен жұмыстар жүргізуде. Биыл өзіміздің оқу-жаттығу полигонында 17-ші рет оқу жиынын өткізді.

Оқу жиындарына дайындық және оны өткізу кезінде университет басшылығы өте үлкен көмек көрсетіп, әскери кафедра жиынға өте зор дайындықпен келді және оқу-жаттығу жұмыстары басшылықтағы құжаттарға сай жүргізілді. Ол туралы оқу жиыны барысын Қорғаныс министрлігінен келген тексеру барысында атап өтілді.

Оқу-жаттығу полигоны орталықтандырылған сумен жабдықталған, негізгі оқу жиынына қажет объектілер бар: штаб, жатақхана, әскери палаткаларды орналастыратын алаңдар, спорттық алаң, жазғы асхана, курсанттардың жеке дайындығын жүргізуге және мемлекеттік құқықтық дайындыққа арналған орындар, шомылатын кабиналар, жеткілікті жуыну орындары, әжетхана, автодром және т. б.  Полигон аумағы толық ағаштармен көгалдандырылған. Оқу лагерінің аумағы оқшауланған және толық қоршалған. Әуеге қарсы қорғаныс алаңында оқу-жаттығу тренажерлары мен басқа қажет құралдар орналастырылады және атлетизмді, табандылықты, ожарлықты дамытуға арналған тосқауылдар жолағы жабдықталған.

Атыс алаңы толық дайындалған, инженерлік және химиялық дайындық алаңдары  оқу үдерісі кезінде ұйымдастырылады. Сабақтар кесте бойынша жүргізіледі. Оқытушы-офицерлер оқу сабақтарына толық дайындалған. Жоспарлау құжаттары бар. Оқу қарулары арнайы орында сақталады және күзетіледі. Медициналық пункт оқу жиыны кезінде палаткіде орналастырылады. Курсанттарды тамақтандыру сапалы ұйымдастырылған. Жуыну мен кір жуу жазғы душта ұйымдастырылған.

Соңғы екі жылда әскери кафедра курсанттары жауынгерлік автомат пен тапаншадан ату жаттығуларын жергілікті әскери бөлімнің оқу-жаттығу орталығында сәтті орындауда.

Ағымдағы оқу үдерісі мен оқу жиынының ауыртпалықтарын көтеріп, оқу-жаттығу, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, жалпы-спорттық және қорғаныс жұмыстарын өткізуде, патриоттық тәрбие беруде әскери кафедраның профессор оқытушы құрамы мен көмекші персоналдың рөлі зор. Олар әскери кафедра бастығы - подполковник Увайдаев Н. Ө., аға оқытушы - подполковник Бекниязов Б. М., оқытушы - отставкадағы майор Ердигаликов Б. Е.,  оқу бөлімінің бастығы - майор Сеитов Н. К., аға оқытушы -подполковник Уксикбаев Ш. Ш., оқытушы-запастағы майор Кенжегулов С. М., аға оқытушы-подполковник Кошкаров Ж. Б. және т. б.

Оқу үдерісі кезінде студенттер арасынан жеке дара бөлініп шыққан тәртіпті, оқуда озат, жауынгерлік және спорттық дайындықтардан алдыңғы қатардағы, университет пен әскери кафедраның қоғамдық және басқа да жұмыстарына белсене қатысып жүрген студенттер баршылық.

Оқу үдерісі және оқу жиындарын өткізу кезінде мемлекеттік құқықтық дайындыққа, патриоттық тәрбие беруге, оқу бағдарламасына сәйкес оқу-жаттығу жұмыстарын қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, нақты практикалық түрде орындай білуге және дағдылануға, дене тәрбиесіне үлкен талаптар қойылады. Оқу жиыны кезінде курсанттар әскери ант қабылдайды.

Бұдан басқа бағдарлама бойынша курсанттар әскери спорттық кешендерінен нормативтер тапсырады, 15 километрлік шеру жасайды, тасымалды-зениттік зымыран кешенінен оқу-жаттығу зымырандарын ұшырады және қорытындысында батареялық-тактикалық жаттығу жүргізіледі. Ең соңында бітіру емтиханын тапсырады.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-ң  әскери кафедрасы  қазіргі таңда тиянақты әскери білім алуға жағдай жасалынған университеттің бір құрылымы болып табылады.


Б.Ердіхалықов,

отставкадағы майор
Білім 25 қазан 2018 г. 74 0