МАҢЫЗДЫСЫ – МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ

Парламент Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшесі Наталья Жұмаділдаева Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау мақсатында қала мектептерінің ұстаздарымен кездесті. №264 Тәкей Есетов атындағы мектеп-лицейде өткен жиында білім саласының өкілдері құнды құжаттың маңызын талқылады.

– Елбасы әр Жолдау сайын мұғалім мәртебесі туралы айтып келеді. Бұл жолы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын түбегейлі жақсартып, мектептерде білім сапасын да­мытуды халықаралық стан­дарт­тарға негіздеуді тапсырды. Елбасы тапсырмасымен келер жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданады. Онда бірінші кезекте, педагогтарға артық үстемені азайтып, мектепке қатысты тексерулерді азайту көзделген. Осы шаралар мұғалімдерге өз-өзін жетілдіруге мүмкіндік беріп, өз жұмысына көбірек көңіл бөлуге көп көмегін тигізеді. Қазір осы заң жобасын дайындау шаралары басталып кетті, – дейді Мәжіліс депутаты.

2016 жылдан бастап жаңар­тылған білім жүйесін игере бастаған білім беру мекемелері 2020 жылға қарай толық осы оқу стандартына ауысады. Осы ретте мұғалімдерге үлкен жауап­кершілік жүктеледі. Әр­бір педагог жаңа жүйе бойынша өзін жетілдіруі тиіс. Облыс бойынша 8952 мұғалім жаңар­тылған бағдарлама бойын­ша біліктілік арттыру курсынан өткен. Алда аттес­тациялаудың жаңа форматы енгізіліп отыр.  Мәжіліс депутаты білім беру ұйымдарындағы күрмеулі мәсе­лелер түйткілі «Жол картасы» негізінде шешілетінін де айтып өтті.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Білім 25 қазан 2018 г. 228 0