Білім саласының бүгінгі бет-бейнесі

Қазіргі кезеңде білім мазмұнын жаңартудың түпкі мақсаты бағаны жақсарту емес, мұғалімдер мен оқушылардың қызметін философиялық тұрғыда өзгерту. 2011 жылы басталған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының тұжырымдамасына сай мұғалім – бұл оқушының танымдық ізденісіндегі көмекшісі, ал оқушы болса өз дүниетанымының конструкторы болуы керек. Осынау өзгермелі де қайшылыққа толы әлемде баланың орнына ешкім де ақиқатты тауып бере алмайды, ол тек баланың ғана қолынан келеді. Сөйтіп, мұғалім мен бала қарым-қатынасы «субъект-объект» жүйесінен «субъект-субъект» жүйесіне өзгеріп, қайта құрылады. Жаңа бағдарламалармен оқудың алғашқы нәтижелері оқушыларымыздың өздерін еркін сезінетінін, өз ойларын ашық, бүкпей жеткізетінін және ортақ мақсатқа жету үшін командада жұмыс істей алатынын анық растап отыр.
Балғын балалықтан кейінгі БҰҰ белгілеген екінші шешуші жас – бозбалалық болатын. Сарапшылар бұл кезеңде «өмірлік әлеуетті мектептер мен колледждердегі сапалы білім алуға қолжетімділік, жұмысқа тұру мүмкіндігі, зорлық-зомбылық пен кикілжің сынды жағдайларды болдырмау арқылы көтеруге болады» деп есептейді екен. Осы тұста айта кететін жайт, біз – орта білімнің толық циклін қамтамасыз ететін санаулы елдердің біріміз. АҚШ-тың Әлемдік саясатты талдау орталығы бізді осындай 14 елдің қатарына жатқызады екен. Білім беру мен қамту жағынан проблема болмаса да, сапа жағынан әжептеуір мәселелер бар. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жағдай барысы осындай.
Бозбалалар мен бойжеткендердің еңбек нарығына шығуына мүмкіндік беретін ұйым – колледж. Бұл білім беру ұйымдарына қатысты министрліктің позициясы мынадай. Мамандарды даярлаудың техникалық және кәсіптік дайындығының кеңінен тараған халықаралық стандарттары бар. Бұл стандарттарды көптеген шетелдер қолдана отырып, жақсы көрсеткіштерге жетуде.
Бірнеше жыл қатарынан қазақстандық колледж студенттері WorldSkills әлемдік конкурсына қатысқан. Бұл байқау кәсіптік дайындық пен біліктіліктіліктің мәртебесі мен стандарттарын арттыруға бағытталған, оған 70-тен астам елдер тартылады. 2016 жылдан бастап техникалық және кәсіптік берудің бағдарламаларын WorldSkills талаптарына сәйкестендірілуде. Үстіміздегі жылы бұл жұмыс аяқталуға тиіс. Бұдан басқа, шетелдік оқулықтарды қазақ және орыс тілдеріне аудармалар жасалынады. Осы жылы 2 мыңнан астам оқулықты аударып бітіру жоспары тұр.
Ал, өткен жылы жұмысшы кәсіпті тегін оқыту жобасы басталды. Мемлекет оқу кезінде шәкіртақы төлеуді, жолпұлы мен бір жолғы тамақтану шығыстарын өтеуді өз мойнына алды. 2021 жылға дейін жұмысшы кәсібін алу мүмкіндігі 700 мыңнан астам қазақстандыққа беріледі деп жоспарлануда.
Адам өміріндегі үшінші кезең – есею шағы. Бұл өмірлік әлеуетті ішінара болса да көтеруге болатын соңғы шешуші кезең. БҰҰ сарапшылары мұндағы маңызды фактор деп кәсіптік еңбектің және әлеуметтік қорғаудың сапасын атайды. Бұл адамның есею шағына қандай капиталмен келгеніне байланысты.
Ересек адамның зияткерлік капиталының бірден бір көзі – ол жоғары білім. Білімнің бұл деңгейі де жаһанданып келеді. Қазір үздік жоғары оқу орындарының сапасын онда оқитын шетелдік студенттер үлесімен есептейді. Мысал үшін, АҚШ-та 2016 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік студенттерден келген табыс көлемі экспорттың 5-ші маңызды көзіне айналған (32,8 млрд. доллар). Бұған студенттердің демалыс уақытындағы шығындайтын ақшасы мен елдің туристік тартымдылығының өсуін қосар болсаңыз, қомақты инвестиция түсетінін аңғару қиын емес. Бүгінде жоғары білімді мықты экспорт көзіне АҚШ-тан басқа Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия, Франция, Ресей және тағы бірқатар елдер айналдырып отыр.
Қазіргі кезде Қазақстан шекарасынан асатын 6 студенттің орнына 1 шетелдік студент қана келеді. Әзірбайжан мен Тәжікстанда бұл арақатынас 10:1, Өзбекстанда 38:1. Сыртқы миграция мәселесін зерттеп, соңғы үш жылда қазақстандықтардың көп бөлігі шетелге оқу үшін емес, басқа мақсатпен кететіндігі жасырын емес. Эмиграция негізінен тарихи Отанымен қауышқысы келетін немесе жұмыс табуды көздейтін ересектер арасында басым.
Жоғары білім мен оның сапасына оралсақ. Қазақстандық жоғары оқу орындарын қалайша тартымды, бәсекеге қабілетті етсек болады?
Министрліктің өкілдері ЖОО-лардың жұмыс тиімділігін арттырудың ең бір маңызды жолы – олардың дербестігін арттыру екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Бұл да жеке адамдардың пікірі емес, практикаға негізделген үздік тәжірибе. ЖОО-лардың дербестігін арттыру жөніндегі пікірталастар мен зерттеулер елімізде 10 жылдан астам уақыттан бері жүріп жатыр. Ал, 2010 жылы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ЖОО-лардың ұйымдастырушылық және академиялық автономиясын көтеру жөнінде іс-шаралар жоспарланған болатын.
Сол кезден бері көп нәрсе зерделенді, енгізілгені де аз емес. Бүгінде 113 азаматтық ЖОО-лардың 92-сінде корпоративтік басқару органдары – байқау кеңестері мен қамқоршылық кеңестер қызмет етеді. Оларға тиісті рәсіммен ұлттық және мемлекеттік ЖОО ректорларын сайлау құқығы берілді. 19 ректор корпоративті органдардың қатысуымен сайланып үлгерді. Бұл қадам орталықтандыру дәрежесінің көптігі, жариялылықтың жеткіліксіздігі мен жемқорлыққа тәуекелділік сынды проблемаларды айтарлықтай шешуге мүмкіндік бермек. Институт-университеттерде жемқорлықтың экономикалық негізін жоюға бағытталған тағы бір маңызды шара – ол дипломдардың мемлекеттік үлгісінен оқу орындарының өз үлгісіне көшуі.
Ендігі міндет – жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін шектейтін құқықтық тосқауылдарды алып тастау. Мұны істемейінше олар «еңбек нарығының мұқтаждықтарына және бәсекелестерінің талаптарына уақытылы әрі тиісінше жауап бере алмайтын болады» деп есептейді Білім және ғылым министрлігі.
Министрлік білім берудің әрбір деңгейі Қазақстан азаматтарының адами капиталына сүбелі үлес қосуы үшін барынша күш-жігер жұмсауда. Білім – адамның өмірлік әлеуетін арттырудың басты ресурсы. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының өз қызмет бағытын анықтауына, білім алушылардың қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру жолында батыл шешім қабылдауына бөгет жасайтын тосқауылдардың көпшілігін алып тастау керек. Дербестік қабылданатын шешім үшін жауапкершілікті де арттыратыны сөзсіз. Айдыны алып, құрығы ұзын білім теңізінің бір бөлігіне ғана ой жүгірттік. Күн сайын құбылып жатқан жаһандық дәуірде мемлекеттің басты қаруы білім екені даусыз.
Айдар САЙЛАУОВ
Білім 12 шілде 2018 г. 700 0