БІЛІМ ГРАНТЫ: ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН

 Енді аз күнде биылғы мектеп түлектері үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. Өткен аптада ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында 2018-2019 жылға арналған Мемлекеттік білім тапсырысы жайлы бұйрық жарияланды. Қазір қазақстандық талапкерлер мен студенттер мамандық бойынша бөлінген гранттар тізімімен танысуда. Құжат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, оның ішінде қысқартылған оқу формасы бойынша мамандар дайындауды да қамтиды. Министрлік бұйрығының қосымшасында мемлекеттік бюджет есебінен ЖОО-ға бакалавр, магистр және PhD дайындауға бөлінген квоталар көрсетілген. Сонымен қатар, жеңілдігі бар үміткерлер мен шеттен келген қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған квоталар жеке берілген.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында ал­дағы оқу жылына қосымша 20 000 грант бөлінгені белгілі. Жалпы алғанда, мемлекет жоғары оқу орындарының 53 594 маманының, 12 504 магистрдің (өткен жылы 9524 болған) және 2 240 докторанттың білім алуы үшін қаржы жұмсайды.

Әдеттегідей тапсырыстың ең көп бөлігі тех­никалық мамандықтарға арналған. Әсіресе, «Тех­никалық ғылым және технологиялар» ма­ман­дығына, яғни түрлі саладағы инженерлер дайын­дауға 20 мыңнан астам грант бөлінген. Оның ішінде «Биотехнология», «Автоматтандыру және басқару», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтарына 995-1530 аралығында грант беріліп отыр. 

 Ал, екінші орында «Білім беру» мамандарын даярлауға бөлінген грант саны тұр. Бұл тізімдегі мамандықтарды таңдағандарға 8 мыңнан астам орын бар. Ең  көп грант «Шетел тілі: екі шетел тілі (ағылшын тілі)» мамандығына 620 орын ұсынылған. «Биология», «Химия», «Физика» және «Математика» мамандықтарына 545-490 аралығында грант та­ғайын­далған. Грант көп бөлінген мамандықтар үштігін «Жаратылыстану ғылымдары» 3 мыңнан астам орынмен түйіндеп тұр.

Осы жылы  медицина саласына, яғни дәрігерлерді дайындауға 2500 орын бөлінген.  «Қызмет көрсету» саласындағы «Көлікті пайдалану және жүк қозға­лысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Туризм», «Жерге орналастыру», «Әлеуметтік жұмыс», «Мә­де­ни-тынығу жұмысы», «Кадастр», «Бағалау», «Логис­тика», «Кітапхана ісі», «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандықтарына 2330 грант қарастырылған. «Құқық» саласындағы маман­дық­тарды таңдаушыларға бар болғаны 95 орын бар.

Тағы бір жаңалық, болашақ физика, математика, химия, биология пәндерінің мұғалімдерін ағыл­шын тілінде әзірлеуге 1000 грант бөлінген.  Ал «Мәңгілік ел жастары – индустрияға», яғни «Серпін» бағдарламасы 5 мыңнан астам түлекке жоғары  білім алуға жол ашады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Білім 14 маусым 2018 г. 417 0