Қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың электронды нұсқасы жарияланады

«100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың PDF нұсқасы жарияланады. Бұл туралы Алматыда  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, -  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап өтілгендей, бүгінде Елбасының тапсырмасына орай, оқулықтардың электронды форматтағы және видеолекция түріндегі нұсқалары əзірленіп жатыр.   «Ұлттық аударма бюросы тек 100 оқулықты қазақ тіліне аударып қана қоюмен шектелмейді. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтымызда жарияланады. Сонымен қатар, видеолекциялар түсіріліп жатыр. Ұлттық аударма бюросының kitap.kz және openU.kz деген екі жобасы бар екенін білесіздер. Осы екі жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ. Сонымен қатар, 12 сәуірдегі жиынның хаттамасында Елбасы осы жұмыс негізінде терминологиялық және түсіндірме сөздіктерді жаңарту жөнінде тапсырма берді. Ол жұмыс та қазір қолға алынып, жобасы әзірлене бастады. Ұлттық аударма бюросы аударылған кітаптарды редакциялау барысында терминология жағынан да көп жұмыс атқарып жатыр. Оның нәтижесін алдағы уақытта жариялаймыз»,- деді Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек. 18 оқулық «Дəуір» баспаханасында 10 мың данамен басылып, еліміздің жоғары оқу орындарына жеткізілетін болады. «Осындай үлкен ауқымдағы жобаға атсалысып, абыроймен атқарып шықтық. Кітаптар бізге басуға дайын файл түрінде келді. Сонда да «Ұлттық аударма бюросының» қызметкерлері күні-түні жанымызда жүрді, процесті түгел қадағалады, ақауларды жоюға көмектесті. Осындай екіжақты әріптестік нәтижесінде олар Қазақстандағы үздік жоғары оқу орындарына жеткізіледі», - деді «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Есет Қожамұратов. Еске салайық, Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылды. Олар: Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері»; Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы»; Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика»; Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент»; Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция».




Білім 31 мамыр 2018 г. 103 0