ТҮЛЕКТЕР ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Қаладағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектеп түлектері  үшін де «Cоңғы қоңырау» салтанаты ерекше көңіл күйде өтті.

Жалаушалар, қызыл-сары түсті гүлдер және түрлі түсті шарлармен безендірілген мектеп ауласы, аспанға әуелеген мектеп бітірушілердің көңілді әуені жиылғандарға  айрықша әсер етері сөзсіз. 758 бала оқитын білім ұясы биыл 54-ші рет түлектерін ұшыруда. Яғни, мектепті биыл 29 бала бітіруде екен. Олардың арасында бір «Үздік аттестатқа» үміткер бар.

Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қуа­ныш­бек Ысқақов  мектеп түлек­тері мен ұстаздар, ата-аналар қуаны­шына ортақтасып, жылы лебізін арнады.

– Бүгінгі мерекемен баршаңызды құттықтаймын. «Соңғы қоңырау» мектеп бітіруші түлектер үшін үлкен өмірге жолдама беру ғана емес, сонымен бірге оқу жылында жеткен жетістіктеріміз сараланатын үлкен жауапкершілікке толы кезең. Білімді ұрпақ – ел болашағы. Осы орайда облысымыз әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру сала­сына қаржы бөлуден респуб­ликада алдыңғы қатарда келе жатыр. Соңғы жылдары білім саласын дамытуда нақты әрі тиім­ді жетістіктерге қол жеткіздік. Бүгінгі күні облыс әкімінің қолға алуымен 452 түлегіміз Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуда. Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың талапты балалары жер­гілікті бюджет есебі­нен облыс әкімінің гран­ты­­мен жоғары білім алу­да, – деп атап өткен Қуаныш­бек Ысқақов жас түлектерге сәттілік тіледі және осы мектептің 10-сынып оқушысы, «Сыр дарыны» медалінің ие­гері, республикалық олимпиада жүл­дегері Фарида Ізбасароваға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Өз кезегінде бітіруші түлек­тер­ді мектеп директоры Ақгүл Алтынбекова құттықтап, ізгі тілегін білдірсе, балаларының 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басуына еңбек сіңірген мұғалімдерге, мектеп ұжымына ата-аналар да алғыстарын айтты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Білім 28 мамыр 2018 г. 89 0