МЕКТЕПТЕ МҮМКІНДІК МОЛ

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы ұстаздар қауымына саналық сілкініс тудырды. Әсіресе, білімді дамыту, отаншылдық сезімді ояту, бәсекеге қабілеттілікке бағыттау бағдарын барынша ұғынықты, ұлағатты ұғыммен жеткізген. Біз бұл тұрғыда баянды істерге бел буып, «Жомарт жүрек» бойынша үлкен жұмысты жүзеге асырдық. Әрине, бір шара бәрін шешіп тастады деуге келмейді, әйткенмен, үміт пен сенімнің шырағы жағылды.
«Мейірімге толы жүрек» атты шараны өткізу жөнінде кеңінен ақылдастық жасағанбыз. №240 Ғ.Мұратбаев мектебінің директоры Кенжехан Толқынбаев Елбасы мақаласында көрсетілген әрбір тапсырманың құндылығын сөз етіп, мектепте білім сапасын дамытумен қатар оқушылардың ой өрісін өсіретін, әлеуметтік қолдау секілді ықпалды шаралар атқаруды алға тартты. Осыған орай, әлеуметтік мұғалім Темір Дандаев пен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлжайна Мұсабекованың ұйымдастыруымен қайырымдылық іс-шарасы өтті. Іс-шараны мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Күлайхан Елтаева ашып, жылда осындай иігілікті де ізгілікті шаралардың болуын қолға алатынын айтты. Осы жерде аталған шара не мақсатты көздегенін айту керек. Біздің мектепте үйден оқытылатын балаларға және де әлеуметтік көмек қажет ететін отбасыларға ұжым болып қол ұшын созу үлгілі үрдіс. «Жомарт жүрек» акциясы аясында жақсы іске жанашыр болып қайырымдылық жасап, демеушілік білдірген ауылдың кәсіпкер азаматтары Қайрат Адырбеков, Сейтжан Кәрібаев, Онбірбай Искаков оқушылардың алаңсыз білім алуына өз парызын көрсетті. Сол шапағатқа кенелген Бекет Базарбай, Шапағат Нұрғазы , Арайлым Әнешбек, Нұрман және Арман Айтбай, Нарынбай Аяттың жүзінен ризашылық сезім нұры есіліп тұрды. Ағалардың аялы алақанына деген бүлдіршіндер көңілі шексіз ақтарылды.
Іс-шара аясында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлішер Төлендиев мен Ақжарқын Сәрсенбаева барша қатысушыларға ақ тілегін айтып, сөз жәрдемін беріп, ақшалай сыйлықты табыстады. Мектепте ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» атты жәрмеңкеден түскен қаржылай сыйлықтар үлестірілді. Осы орайда 7-11сынып оқушылары және де сынып жетекшілері жақсы істерге ұйытқы болғанын айту керек. Әрине, шараның соңы ән-биге ұласты.
Жалпы, «Жомарт жүрек» бағытындағы шаралар жалғасын таба береді. Бұл жерде қомақты қаржы немесе бағалы сыйлықпен өлшеу емес, баланы қуанту, үмітті жағу ең басты қағида болуы тиіс секілді. Мұндай мүмкіндікті әрбір адам жасай алады. Сондықтан адамды, елді, халықты қуантуға жол ашсақ, азаматтық парыздың бір парасы өтеледі деп ойлаймын.

Гүлжайна МҰСАБЕКОВА,
№240 Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп мұғалімі.
Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылы.
Білім 14 желтоксан 2017 г. 213 0