ҰТЫРЛЫ ҰСЫНЫС ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Осыған дейін Қазақ­стан Республикасы Премь­ер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Ма­миннің Қызылорда облысына іс­сапармен келгендігін ха­бар­лаған болатынбыз. Сапар барысында Асқар Мамин «Роскосмос» кор­порациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесті және облыста туризм саласын дамытуға арналған жобалармен танысты.

«Қамбаш» туристік айма­ғында Қызылорда облысында, оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айла­ғында туризмді дамытуға бағытталған жоба­лардың таныстырылымы өтті. Жалпы облыста ғарыштық туризмді дамыту мақсатында «Байқоңыр» туристік айма­ғын қалыптастыру тұжырым­дамасы дайын­далған.

Байқоңырда өткен Дмитрий Рогозинмен кездесу барысында ғарыш саласы мен Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері талқыланды.

Қос тараптың бірлескен әре­кет­терінің нәтижесінде ға­рыш айлағы мен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу  мүмкіндіктері арта түсті.

Осы бағытта «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін жүзеге асыру жұмыстары қар­қынды жүргізілуде. Медицина мәселелері және бизнес-жобаларды жүзеге асыру мен Төретам және Ақай кенттерін дамыту үшін жер телімдерін жалдан шығару жөніндегі келісімдерге өзгеріс енгізу туралы хаттамаларға қол  қойылып, Байқоңыр қала­сын ұзақ мерзімді дамыту бағдарламасы әзірленді.

Айта кетейік, қала әкімші­лі­гі «Роскосмос» мемлекеттік кор­порациясының қолдауымен шаһарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады.

Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен көп­пәтерлі 5 үйдің құрылысын бас­та­ды, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық мен­шікке қабылдап, оларды қай­та жаңғыртудың техника-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен аурухананы газдандырды. Одан бөлек, осыған дейін Байқоңырдағы қазақ тілінде білім беретін 5 мектеп қазақстандық білім беру стандартына көшкен болатын.

Кездесу барысында Қы­зыл­орда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Бай­қоңыр» кеше­нінде Қазақ­стан мен Ресейдің ынты­мақ­тастығын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді.

– Инвестициялар тарту, қала экономикасын әртарап­тандыру және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Байқоңыр» кешенінің аумағында ерекше экономикалық аймақ құру туралы арнайы үкіметаралық келісімге қол қою қажет деп санаймыз, – деді Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, облыс әкімі Қазақстан Республикасы және «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бюджеттері есебінен Байқоңыр қаласының дамуына жыл сайын бөлінетін қаржы көлемін нақтылау және ҚР азаматтарының балаларын орыс тілінде қазақстандық білім беру стандарты бойынша оқыту және тәрбиелеу мәселелерін қарастыруды ұсынды.

А.Ұ.Мамин мен Д.О.Рогозин облыс басшылығы енгізген ұсыныстар бойынша тарап­тардың мүдделі ведомстволарына тапсырмалар берді.

БИЛІК 12 шілде 2018 г. 109 0