ТӨЛ МӘДЕНИЕТ ТҮЛЕЙ БЕРЕДІ

Елбасы Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновты қабылдады. 

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Досхан Жолжақсыновтың отандық кине­матография және театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

– Сіз – отандық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің бірісіз, Қазақстанның халық әртісісіз. Ұзақ жылдар бойы балалар мен жасөспірімдер театрына басшылық еттіңіз. Осы уақыт ішінде мәдениетіміздің дамуына және Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңғыруына зор үлес қостыңыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті киноиндустрияның маңыздылығын айрықша атап, оның қазіргі мәдениет саласында алатын орнына тоқталды.

– Бүгінде кино ұлттық сана-сезім мен төл мәдениетімізді бейнелейтін негізгі құралдың біріне айналды. Сондықтан мен сізді отандық киномызды одан әрі дамыту мәселелерін талқылау үшін шақырдым, – деді Елбасы.

Досхан Жолжақсынов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның кинематография өне­ріне ерекше көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.

– Сіздің жан-жақты қолдауыңыздың арқасында қазіргі киноиндустрия саласы дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қиын­дықтарға қарамастан, «Көшпенділер» фильмін түсіріп, халқымыздың тарихын күллі әлемге таныттық. Содан кейін «Жау жүрек мың бала» мен «Алмас қылыш» фильмдері, сондай-ақ, менің «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерім және басқа кинотуындылар түсірілді. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, «Құнанбай» фильмін көрсеттік. Біз кино арқылы тарихи оқиғалар мен қазақ халқының мінез-құлқын бейнелеп, жұртшылық санасына рухани жаңғырудың негізгі идеяларын сіңіруге тырыстық, – деді халық әртісі.

БИЛІК 12 сәуір 2018 г. 2 663 0