АУДАН ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жаңа жылға қадам басып, өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланар шақта Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенов және аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаровпен бірге аудан ардагерлерінің үйін аралап, құрмет көрсетті. 
Қазыналы қарияларға облыс әкімінің Құттықтау хатын табыс еткен аудан басшысы ардагерлерге жаңажылдық сый-сияпаттар ұсынды.
Аудан әкімі Ғанибек Қазантаев ең алдымен ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың шаңырағында болды. Ардагер-журналистің ауданның рухани-мәдени өмірінде өзіндік орны бар екенін айтқан аудан басшысы ардақты ақынға зор денсаулық, мол бақыт тіледі. Сонымен бірге, 2017 жылды аудан табысты қорытындылап отырғанына тоқталып, көш басындағы ауданда келесі жылы да жүйелі жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов сексеннің сеңгіріне шыққан ақын М.Сақтаповты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, игі тілектестігін білдірді. Мереке қарсаңында құрметке кенелген ақын аудан әкіміне шынайы алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін аудан басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері, сырдариялық майдангер Маханбет Бержановтың шаңырағында болып, ардагерге мерекелік Құттықтау хатын және арнайы әзірленген сыйлықтарды табыс етті.
– Біз Тәуелсіздікке ардагерлердің қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі жетістігіміздің барлығында алдыңғы буын өкілдерінің зор үлесі бар. Сондықтан мерекеде соғыс және еңбек ардагерлерін ардақтау – біздің парызымыз,- деген аудан басшысы майдангер М.Бержановқа зор денсаулық, отбасына амандық тіледі. Соғыс және еңбек ардагері М.Бержанов атқарушы билік өкілдеріне құрмет көрсеткені үшін алғысын айтып, ақ батасын берді.
Ардагерлерге құрмет көрсетуді басты мақсат еткен аудан басшысы Ғанибек Қонысбекұлы ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті еңбек еткен, «Ұстаздардың ұстазы» атынған Зоя Алданқызына да құрмет көрсетті. Ұлағатты ұстазға ауданның білім беру саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат беріп, 2017 жылы мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-дан 86,6 орташа балл жинағанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыста екінші орынға жеткенін атап өткен аудан басшысы сырдариялық 144 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, Сырдария ауданы облыста ең жоғарғы көрсеткішке көтерілгенін жеткізді. Өз кезегінде ардагер-ұстаз білім беру саласын дамытуға бағытталып жатқан қолдауларға көңілі толатынын айтып, аудан әкіміне ризашылығын білдірді.
Соғыс және еңбек ардагері, батагөй ақсақал Яхия Тасыровтың есімі аудан халқына етене таныс. Майдангер Жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосып, бүгінде бейбіт өмірде ұрпақтарының қызығына кенеліп отыр.
Әрқашан елді игілікке үндеп, ақ батасын беріп, қоғам мүшелеріне жол көрсетіп келе жатқан ардагерге аудан басшысы Ғанибек Қонысбекұлы құрмет көрсетті. Қиын-қыстау кезеңде көптеген ауыртпашылықты көтерген ардагерге игі тілегін білдіріп, жаңажылдық сыйлықтар мен Құттықтау хатын табыс етті. Қария тағылымды әңгімелерін айтып, аудан әкіміне шынайы ризашығын білдіріп, ақ батасын берді. Осылайша, өмірі өнегеге, тағдыры тағылымға, ғұмыры ғибратқа толы жандар 2018 жылды көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
БИЛІК 05 қаңтар 2018 г. 209 0