50-ден АСТАМ АЛМАТЫЛЫҚ ОТБАСЫ ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ИЕ БОЛДЫ

Алматы қаласында сатып алу құқығымен жалға берілетін жаңа пәтерлер кілттерін тапсыру салтанатты рәсімі өтті. «Сатып алу құқығымен жалға берілген тұрғын үй» - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының әлеуметтік маңызы бар бағыттарының бірі. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы – «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ - 2014 жылдан бастап осы бағытты іске асырудың операторы болып табылады.

2015-2017 жылдары Бағдарламаны жүзеге асыру аясында  Қазақстан Ипотекалық Компаниясы 17 128 пәтер немесе 974,2 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға берді. 2018 жылдың соңына қарай тағы 80 мың шаршы метрді беру жоспарланып отыр. Сонымен, бағдарламаның әрекет ету кезеңінде кезекте тұрғандарға арналған 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынады және беріледі.

Бағдарлама Ақмола мен Алматы облыстарын және Ақтөбе, Атырау, Орал, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Тараз, Семей, Көкшетау, Қостанай, Астана, Қарағанды, Петропавл, Рудный, Өскемен, Ақтау, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Хромтау қалаларын қамтиды.

Бағдарламаның барлық әрекет еткен кезеңінде «ҚИК» ИҰ» АҚ Алматыда жалпы ауданы 285,6 мың шаршы метрді құрайтын 5153 пәтерді бөлуге берді.

Бағдарламаның келесі кезеңін іске асыру үшін 2018 жылдың 13 шілдесінде Қазақстан Ипотекалық Компаниясы кезекте тұрғандарға «Думан-2» ықшам ауданындағы тұрғын үй кешенінде 53 пәтерді тапсырды: 26 бір бөлмелі пәтер (ауданы 52,3 және 61,5 шаршы метр) және 27 екі бөлмелі пәтерлер (ауданы 76,8 және 83,9 шаршы метр). Барлық пәтерлер жалға алушыларға таза әрлеуде берілді және қоныстануға дайын. Жақын жерде мектеп-гимназиясы, балаларға арналған даму орталықтары, мешіт және «Халық Арена» мұз айдыны орналасқан. Кезекте тұрғандар үшін жалдау құнының шаршы метрі айына 1119,23 теңгені құрайды.

Салтанатты рәсімді «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Руслан Кәкім ашты. Жаңа тұрғындарға арнаған сөзінде Руслан Қажымұратұлы: «Бүгінгі салтанат - Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылатын үлкен іс-шараның кезекті кезеңі. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру саласында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жақсы қарқынмен өсті, 2017 жылы Қазақстанда 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгін біз қаланың экологиялық таза аймағындағы жақсы инфрақұрылымы мен көлікке қолжетімділігі бар ыңғайлы пәтерлердің кілттерін алатын жаңа қоныстанушыларды құттықтаймыз. Жақын арада Петропавл мен Ақтаудағы кезекте тұрғандар өз тұрғын үйлеріне ие болады, сондай-ақ, Алматыдағы «Жас Қанат» тұрғын үй кешеніне тұрғындарды қоныстандыру аяқталады».

Жаңа қоныстанушылар өздерінің қуаныштарын білдірді: «Біз қарапайым қазақстандықтарға жеңілдікті жалдау талаптары бойынша өз баспаналарын сатып алуға мүмкіндік беретін «Нұрлы Жер» тұрғын үй бағдарламасы үшін, біздің Республикамыздың Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысымызды білдіреміз. Біздің мемлекетіміз қазақстандықтарды, ең бастысы халықтың ең осал топтарын - мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді жалғастыруда!».

 

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ

баспасөз-қызметі 

Әлеумет 13 шілде 2018 г. 796 0